Басты ақпаратМәдениет

Бәсеке актерді өсіреді

Астаналық театрсүйер қауым текті өнердің сахнасында 25 жылдан аса уақыт бойы өнер көрсетіп келе жатқан Гүлмира Жакилинаны жақсы таниды. Себебі ол – сахнадағы шынайылығымен әр жүрекке жол таба білген актриса. Бүгінде Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының сахнасында сомдап жүрген рөлдері де бір-біріне ұқсамайды. Кино әлемінде де тәжірибесі жоқ емес. Жақында біз Мәдениет саласының үздігімен театр және кино әлеміндегі қызықтар мен қиындықтар жөнінде әңгімелестік.

Гүлмира Тілепалдықызы, сіз өнер жолына қалай келдіңіз?

– Мен қазіргі Абай облысы Ақсуат ауданы Ойшілік ауылында туып-өстім. Театрға қызығуыма Абай атындағы драма театрының «Сауыншы қыз» қойылымы әсер етті. Ол кезде оқушымын. Ауылымызға келген театрдың спектаклін тамашалап отырып, мен үшін сахнаның ар жағындағы өмір қызық болды. Сөйтіп, Семей өңірінде мектепті тәмамдап, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы академияға түстім. Академия қабырғасында ұстаздарым Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиеваның шеберханасынан өттім. Марқұм Ғазиза апайымыз екеуміз салмақтылау, толықтау болатынбыз, сол кезде маған «Гүлмира, бізге арықтау керек. Бүгіннен бастап нан жемейік» дейтін еді. Осының өзін қарап отырсам, бір ғана нанның мысалында бұл өнерге дайындаған мектеп болды. Басар қадамымызды шорт кесіп тастамай, бірден тыйып салмайтын. Сол кісілердің өнегесін көріп, төрт жыл бойы білім алдық. Кейін Көкшетаудағы Ақмола облыстық Ш.Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында жұмысқа орналасып, 18 жылдай қызмет атқарыппын.

Осы театрда жүргенімде Тұрсынбек Қабатов «Базар жоқ алаңы» деген жоба өткізіп жатқанын естідім. Театрдағы әріптестерім: «барып, өнеріңді көрсетсеңші, комедияға жақынсың ғой» деп қолпаштаған соң қатысып көрейін деп шештім. Содан ол жобадан 2-орын, 700 мың теңге сыйақы алдым. Іріктеуден өткен соң Тұрсынбек Қабатов мені Әзіл әлемі театрына шақырды. Ол жерде біраз жұмыс істеп, кейін Ә.Мәмбетов атындағы комедия және драма театрына ауыстым. Елде жоқ, ғарыштық сипаты бар театр қайғы мен қуаныш қатар жүретін өмірдегідей драма мен комедияны қоса алып жүреді. Көрерменді күлдіріп отырып, бір ой түйсін деген мақсатпен жылататынымыз да бар. Театрға кейін қазақтан шыққан тұңғыш режиссер Әзірбайжан Мәмбетов аты беріліп, ұжымдағы әртістер де арқаны кеңге салып, жас болса да, осындай театрда қызмет ететінін мақтанышпен айта алатын болды. Театрдың бағыты да сол, екі жанрды бірге алып, кенже қалдырмай, әр спектакльде көрсете білу.

– Жалпы, актерлік талант бойыңызға қанмен келді ме? Әлде термен келді ме? 

– Әу демейтін қазақ жоқ. Әкемнің өлең шығаратыны болса, анам ән айтатын. Меніңше, талант қайткенде де адамға қанмен келеді, бірақ адамға да еңбектенбесе болмайды. Талант қандай керемет болса да, оны ұштап тұрмаса талант болудан қалады. Бойыма осы өнер дарыған екен, сондықтан маңдай термен ұштап отыруға тырысамын. Бұл жерде жанымдағы жақындарым мен ұжымымның қолдауы тағы бар.

– Қай рөліңіз жаныңызға жақын, не себепті?

– Әрбір актер үшін рөлді алып шығу тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында бала көтерумен бірдей. «Қалай сөйлейді, жасы нешеде, іс-әрекеті қандай?» деген секілді сұрақтар өз басымды мазалайды. Премьерада спекталь образдарының жүз пайыз ойдағыдай шығуы әр кезде әртүрлі. Кез келген жаңа киімді алғанда, әу баста аса бір ұқыптылықпен қараймыз ғой. Кейін жүре келе, уақыт өте оның да тігісі жатады. Театрда да солай, образдар арада уақыт өткен сайын ашыла түседі. Бірақ, меніңше, актер рөліне тоймау керек. Болдым, жасадым деген театрда жоқ.

Өзбекстан Республикасының көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» қатал ене кейпінде Фармонның рөлін сомдаймын. Өзім әзір ене атанбаған соң, бұл рөлді алып шығу оңайға соқпайды. Сол сияқты босанбаған актрисаға баласы бар әйелдің рөлін ойнау қиын. Әрине, актриса бәрін жасауы керек, бірақ сомдалатын рөлді болмысыңнан тудыру қажет деп санаймын. Енді, бұл қойылымда бірге ойнайтын әріптестерімнің жақсы болуының арқасында шыны керек, ләззат аламын. Сұрапыл соғыстың зардабын көрсететін жазушы Дулат Исабектовтің «Тыныштық күзетшісінде» ойнайтын Хадишаның рөлі бар. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында» соғысқа аттанған күйеуі туралы қара қағаз келіп, тылда, көрінбейтін майданда жүріп, қолғап тігіп, жүн апаратын еңбек адамының бейнесі өзінше жақын. Актерліктің бір жақсысы – әр мамандықтың иесі атанамыз. Мұндай қызық тәжірибе Александр Володиннің «Сені сағындым…» драмасындағы соттың рөлін сомдаумен берілген. Әр рөлдің өз тәттілігі бар. Мен рөлдерімнің ешқайсысын бөліп-жармаймын. Былтыр бірде ауырыңқырап, аутизм тақырыбын арқау еткен «Детектив Кристофер» қойылымындағы Александер ханымның рөліне шыға алмап едім. Сөйтіп, орныма басқа бір актриса шығатын болды. Мұндай кезде рөлге деген қызғаныш емес, «сахнаға қалай алып шығады?» деген уайым, махаббат басым тұрады. Театр осындайымен таласатын, жарысатын орта қалыптастырып, өшірмейді, қайта өсіреді.

– Көп рөлдеріңіз ана, апа, әже бейнесінде екен. Көрерменге ананың бүгінгі өмірдегі рөлін бере алдым деп ойлайсыз ба?

– Адам болғаннан кейін бойымызда жақсылығымызбен бірге кемшілік те қатар жүреді. Бірақ ана деген жалғыз. Сондықтан ана образынан ешқандай қателік көрмейміз. Дегенмен, сахнада ана атына тұрарлықтай бола алдым ба деген ой, әрине, мазалайды. Сомдаған рөлімнен көрерменнің бірі өз анасын, енді бірі жеңгесін, апасын көре алса екен, көңіліне медеу ұялатсам екен деймін. Ал енді оны қаншалықты бере алғанымды көрермен өзі шешіп, бағасын берер. Өз басым ана келбетін лайық деңгейде көрсету үшін әлі де қаншама еңбек керек деп білемін. Сахнада мен өз анамнан көрген, үйренген іс-әрекетті беруге тырысамын. Бастысы – келген көрермен бойында анаға деген сыйластық пен махаббатты ояту, нығайту.

– Театр сізді өзгертті ме?

– Қазір ұжымдағы әріптес­терімнің дені – жастар. Бәйгедегі жүйрік аттың шабысындай, жастардың да пысық екені бірден аңғарылады. Өзім де солардың шабысынан қалмай, бірінші болмасам да, қатармен бірге ойлап, ойнауға үйрендім. Жас буынмен жұмыс істегеннен жасарып қалатындайсың. Олардың толқынында болып, түрлі қызық тәжірибелер жасап, артынша мұндай да дүние жасауға болады екен ғой деп ой түйетінім бар. Театр
өнерде жас ерекшелігі жоқ екенін, адамның қартайматынын түсіндірді. Бастысы – шынайылық. Театр пасықтық пен арамдықты кешірмейді.

– Режиссер сізге рөліңізді бекітіп бергеннен кейін, әрі қарай қалай дайындаласыз?

– Мен күнделікті театрға келген уақытта міндетті түрде сахнаға амандасамын. Себебі сахнадан қаншама театр майталмандары мен хас шеберлер шықты. Ұрпақтан-ұрпаққа тараған өнерді жалғастырушы ретінде, сол кісілерге өзімше тағзым түрінде осы дәстүрді ұстанамын. Сахна тілінің арнайы жаттығуларын орындаймын. Дегенмен көрермен алдына шығарда қорқыныш деген нәрсе бар. Мен сахнаға шыққаннан кейін қорқамын. Қанша көрерменнің алдына өнер көрсететіндіктен сөзсіз қобалжу болады. Театрда «төртінші қабырға» деген ұғым бар. Қойылым барысында түрлі көрермен болады, бірі қуанса, екіншісі саған ала көзімен қарауы не ойыңды бөлуі мүмкін. Сондықтан мен сахнада көрер­менді көрмеуге тырысамын.

Жалпы, сахнаға шығар алдын сомдайтын рөліңді ойлап, ауырасың. Егер немқұрайды қарасаң, рөлің де төмен деңгейде шығады. Кейбір рөлдер актердің ізденісін талап етеді. Өйткені драматургиялық жағынан ашылмаған рөлдер болады.

– Қазіргі қазақ театр өнерінің даму деңгейіне қандай баға бересіз?

– Бұрынғы қойылымдармен қазіргілерді салыстырып қарасақ, қарапайымдылық басым. Актерлер тілі өміршең келеді. Басқа театрларға барып, қараймын. Адам адамға қарап бой түзейді деп, өзгелерге қарап сабақ аламын. Актерлер де, кез келген мамандық та сондай болуы керек деймін. Елде қаншама жекеменшік театрлар ашылып жатыр, сондықтан даму қарқыны күшті деп есептеймін. Қазақ жазушысы Шерхан Мұртазаның «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген сөзі бар еді. Бір ғана осы эпиграф бүгінгі театрдың өмір сүруінің негізін аша түскендей. Қай театр болсын, әр қойылымнан ой түйіп қайтасың. Театрлар арасындағы осындай алға жылжытатын бәсекенің болуы да даму деңгейіне әсер етіп отыр.

– Қолында қаржысы бар адам режиссер, танысы бар жан актер атанып жүр. Бұл көрерменнің талғамын, қазақ киносының беделін түсірмей ме?

– Қазір киноны қаражаты бар, қолынан іс келетін кез келген адам түсіріп жүр. Бұл үрдістің дұрыс жағы да бар. Кинодағы бәсекелестікті арттырып, көрер­меннің таңдауына қарай ұсынады. Әр нәрсе сүзгіден өтеді. Қоғамның сын пікірінен кейін бәлкім, «мен» деген режиссерлер мен актерлер сондай ортадан да шығатын секілді.

– Кинода ғана емес, театр сахнасында «Ң»-ға тілі кел­мейтін актерді де көріп жүрміз. Бұл актердің сауатсыздығынан ба? Нағыз актер қандай болуы керек?

– Сөзіңіздің жаны бар. Экраннан көрінсем болды деген жастар кездеседі. Мәселен, «сен келесің ба?» деп, екпінді дұрыс қоймаса, не бастауыш пен баяндауыштың орындарын ауыстырса, бірден көзге түседі. Қазақы сөйлеу мәнерінің әсемдігі де кетіп қалады. Көбіне мұндай кемшілік кәсібилігі жоқ актерлерде кездеседі. Жаттап алған сөзін судыратып айтып беретіндер де бар. Нағыз актер өз саласының кәсіби маманы болуы керек. Нағыз актер шыңдалуы керек, театрда да, кинода да қамшы салдырмауы қажет.

– Өнерге, театрға мемлекеттік қамқорлық болмай, оның көсегесінің көгеруі де екіталай. Актерлердің жалақы мен баспана мәселесі қалай шешілуде?

– Әлеуметтік-тұрмыстық мәселе кез келген салада қадам аштырмайды, бас көтертпейді. Дегенмен, бұрынғыдан гөрі бүгінде өнердегі өзектілік бірнеше еселеніп кеткендей көрінеді. Қазақстанның барлық өнер ошағында актерлердің жалақысы салыстырмалы түрде бірдей. Әрине, ұлттық статусы бар театрларда жоғарылау болуы мүмкін. Театрға кадр құтайтпайтынның бірі – баспана мәселесі. Актердің өзі тоқ болмаса, көрерменге берері де солғын тартпай ма?! Десе де, мемлекеттік, тіпті облыстық театрлардың өзінде баспана алып жатқандар жоқ емес. Күні кеше Астана қаласы Мәдениет басқармасы да маған пәтер кілтін табыстады. Басқаларын білмедім, біздің театрда қойылым соңынан актерлерді үйіне дейін жеткізіп тастайтын арнайы көлік қарастырылған. «Үйдегі ойды базардағы нарық бұзады» дегендей, тұрмыс тауқыметімен жүнжіген актер сұлулық туралы шабытты әңгіме айта алмайды. Осының барлығын ескере отырып, мұндай қадамдар жасалып жатқаны қуантады.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button