Денсаулық

Бәтпеновтің бюсті ашылды

Қазақстанның бас травматологы, белгілі ғалым, медицина ғылымдарының докторы Нұрлан Бәтпеновтің есімі денсаулық сақтау саласына кеңінен таныс. Осы аптада елордадағы өзі басшылық еткен Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы ғимаратының алдында профессорға арналған сквер мен оның бюсті ашылды.

Пандемия кезінде көз жұмған белгілі дәрігердің есімі биыл өзі басқарған орталыққа берілген еді. Енді, міне, оның бюстін ашу рәсіміне Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, барлық денсаулық сақтау саласының белді өкілдері мен травматологтың туыстары келді.

– Ғалымның өмір жолы – кейінгі ұрпаққа, медицина зерттеушілеріне үлгі-өнеге. Тәуелсіздік жылдарында Н.Бәтпеновтің арқасында алғаш ашылған орталық медицина ғылымында ерекше орын алады. Соның күшімен аз уақыттың ішінде тек республика бойынша ғана емес, дүние жүзінде ең үздік танымал орталыққа айналды. Оның тікелей басшылығымен ауылдарда, шалғай елді мекендерде травматология бөлімшелері ашылды. Көптеген шәкірт дайындады. Қазір Германияда Бәтпеновтің ұршық протездерінің моделін шығару ісі жолға қойылған. Оның осындай бастаған істері жалғасын табарына сенімдімін, – деді салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Әкімдіктің қолдауымен орталық ғимаратының алдынан жалпы ауданы жарты гектарды құрайтын сквер салынып, онда шырша, қарағай, қайың сияқты ағаш отырғызылды.

– COVID-19 індетімен күрес кезінде елдің денсаулығын сақтаймын деп жүріп, өзі өмірден өткен Нұрлан Жұмағұлұлы – денсаулық сақтау саласының, медицина ғылымының, елорданың дамуына үлкен үлес қосқан азамат. Көптеген ота жасап, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалған абзал жан. 2001 жылы Үкіметтің қаулысымен ашылған травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының тұңғыш басшысы болып, оны өмірінің соңына дейін 19 жыл басқарды. Осы институттың мақтанышы – Н.Бәтпеновтің Implant Cast неміс компаниясымен бірлесе жасап шығарған буын шеміршегін хирургиялық қалпына келтірудің бірегей әдістемесі, – деді қала әкімінің орынбасары Н.Нұркенов.

Ақмола облысы Сандықтау ауданында дүниеге келіп, Целиноград медицина институтында жоғары білім алған Н.Бәтпенов еңбек жолын Целиноград қаласындағы облыстық клиникалық аурухананың травматология және ортопедия бөлімшесінде дәрігер болып бастаған. ҚР ҰҒА академигі Н.Жұмағұлұлының басшылығымен 6 докторлық және 20 кандидаттық диссертация қорғалған.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button