Сараптама

Баға неге құбылады?

Соңғы кездері елдегі азық-түліктің бағасы шарықтап тұр. Қай дүкенге бас сұқсаңыз да, кешегі баға бүгін басқаша, күн сайын өзгеріп, қымбаттап барады. Бұл жағдай қашанға дейін жалғаса береді, белгісіз.

[smartslider3 slider=3459]

Расында да, азық-түлік мәселесі қазір өте күрделі мәселе болып тұр. Бұл тек Нұр-Сұлтан қаласы немесе Қазақстан ғана емес, бүкіл дүние жүзін толғандырып отырған сұрақтардың бірі деуге болады. Мамандар әлеуметтік маңызы зор кейбір өнім түрлері бағаларының өсімін шикізат қымбаттауымен байланыстырады. Десе де, заң бойынша ішкі нарықта сатылымға қойылатын әрбір тауар құны 15%-дан артық өспеуі тиіс.

Нұр-Сұлтан қаласы Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ержан Балтаевтың баяндауынша, БҰҰ-ның ауыл шаруашылық өнімдері бойынша ұйымының зерттемесіне сәйкес, соңғы бір жылдың ішінде азық-түліктің бағасы дүние жүзінде 34%-ға дейін, соңғы наурыз айының өзінде ол былтырғы жылмен салыстырғанда 12 %-ға өскен. Демек, бұл – әлемде болып жатқан күрделі мәселе.

Дүниені дүр сілкінткен індет кезінде өнім өндіретін көптеген фабрика, зауыттардың тоқтап, жолдардың жабылып қалғаны белгілі. Салдарынан қанша қаражат желге ұшып, шығын көбейді. Екіншіден, Ресей мен Украина арасында болып жатқан қазіргі жағдай, сонымен бірге былтырғы табиғи құбылыстар, қуаңшылық проблемалары елімізде азық-түлік бағасы көтерілуіне әсер етпей қоймады.

Күнделікті тұрмысқа аса қажетті азық-түліктің 19 түрі бар. Оның 90%-ға жуығын Қазақстан өзі өндіріп, өзін қамтамасыз ете алады. Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылға дейінгі азық-түлікпен қамтамасыз етудің жоспарын жасады. Соған сәйкес, біз 2025 жылға дейін азық-түліктің 18 түрі бойынша, соның ішінде қантпен өзімізді 80% толық қамтамасыз ету мақсаты қойылып отыр. Нұр-Сұлтан ауыл шаруашылық өңір емес, бұл – қала. Сондықтан біз әрине, міндетті түрде өзімізбен шекаралас облыстарға тәуелдіміз. Соған қарамастан, басқарма басшысының мәлімдеуінше, қазіргі таңда әлеуметтік 19 тауардың үшеуі бойынша біз өзімізді-өзіміз қамтамасыз ете аламыз. Атап айтсақ, ол – нан, сүттің кейбір түрлері және макарон өнімдері. Ал картоп пен сәбіз секілді өнімдерді өзімізде өндіру, әрине, екіталай. Өйткені бізде оны өсіретін жер жоқ. Сондықтан, биыл қала тұрғындарын күнделікті тұрмысқа аса қажетті тауарлармен қамтамасыз ету және әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында бюджеттен 14 млрд теңге бөлініп, қазіргі күні ол игеріліп жатыр. Әлбетте, бұл қаражат елордалықтарды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Е.Балтаевтың айтуынша, ол үшін 200 млрдтан астам ақша керек.

Сонымен бірге елордада қазіргі таңда «Магнум» дүкендер желісімен 2,5 млрд теңгеге шарт құрылып, әлеуметтік азық-түліктің 19 түрі бойынша бағалар тұрақтандырылды. Нұр-Сұлтан қаласында «Магнумның» 59 дүкені бар. Елорда тұрғындары өздеріне қажетті тауарлардың 19 түрін сол жерлерден тұрақтандырылған бағамен сатып ала алады. Одан бөлек, Ақмола облысындағы тауар өндірушілердің бірлесуімен ашылған «Ақмол» кооперативті дүкендерде де кейбір азық-түліктер арзанырақ. Бұл ретте  елордалық Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы тауар өндірушілермен, атап айтсақ, Павлодардағы және Ақмола облысындағы картоп, сәбіз, пияз өсіретін тауар өндірушілермен тікелей шарт жасасып, бағаларын бекітуде. Оларды қаладағы 140 дүкенде сатылуда.

Сондай-ақ бағаны тұрақтандыру мақсатында қалада жыл сайын дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Биыл өнімдер шыққан бойда жәрмеңкелерді өткізуді жалғастырамыз. Бұл шараға қатысушы облыстар қатары жыл өткен сайын көбеюде. Мәселен, өткен жылы осындай жәрмеңкелерге 14 өңірден тауар өндірушілер келсе, биыл 17 облыс жәрмеңкеге қатысуды жоспарлап отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елде азық-түліктің жеткілікті қоры бар. Бұған дейін әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қоры 1,4 млн тонна шамасында екендігі жарияланған. Ал бидайдың қоры – 6,4 млн тонна шамасында. Азық-түлік қоры күн сайын толықтырылып, жаңартылып отырады.

Гүлбаршын Өкешқызы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button