Әлеумет

Баға, қайда барасың?

«Үркер үйден көрінсе, үш ай тоқсан қысың бар» демекші, бала күнімізде әр отбасы азық-түлікті қапшықтап сатып алатын да, көңілі жайланып жүретін. Қазір ондай көптеп-көлемдеуші тұтынушылар қатары мүлдем сиреп кеткенге ұқсайды. Өйткені екінің бірінің әлеуметтік, қаржылық жағдайы көтере бермейді. Содан барып азық-түлікті там-тұмдап алуға тура келеді. Әрине, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ тұрмыс кешсе өйтпес еді ғой. Оның бір себебі – жұмыссыздық, табыс көлемінің аздығы. Екінші қыры – қымбатшылық. Расында, қазіргі қоғамдағы қайыршылық, жұмыссыздық, кедейлік, қаржылық дағдарыстан туындайтын әлеуметтік құбылысқа бағаның қымбаттауы да қосылып, онсыз да әбден титықтаған халық запы болып, запыран құсумен келеді.

Сауда орындарына бара қалсаң баға деген қол қариды, қалтаны қағады. Шынтуайтына келгенде, май жағып қойғандай сусып кете беретін баға мәселесін айта-айта ауыз талатындай күйге жеттік. Бағаның ырық бермей келе жатқанына да сан мәрте шүйліксек те, нәтиже шығар емес. Бұл нарық заңы ма? Әлде қолдан жасалып отырған берекесіздік пе? Ол жағын тап басып айту қиын. Бір сөзбен айтқанда, қолының майын мәсісіне сүртіп отырған ешкім жоқ.
Баға жайы тіпті үлкен мінберден де оқтын-оқтын емес, күн сайын айтылса да еш нәтиже шығар емес. Баға нарқын ауыздықтауға Үкіметтің өзі де шарасыз ба деп қаласың. Б.Сағынтаев Үкіметі де бағаны ырықтандырамыз, өсіруге жол бермейміз деп бірнеше мәрте қопаңдап еді, ол да іске аспады. Әкімдер күнара базарларды аралап кетсе де, қолдарынан келер қайран болмады. Сонда сол кездегі Үкімет басшысы Б.Сағынтаев мырза да әкімдердің бағаны бақылау үшін базар аралауын популизм дегені бар. Онысы «текке әуреге түспеңдер» дегені шығар деп ұқтық. Сондай-ақ бір кездері осы бір шиқаны шығып тұрған баға мәселесіне Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова: «Барлық елде күнкөріс деңгейі төмен. Ыңғайсыз болса да, бұл көрсеткіш – адамның физиологиялық жүйе ретінде функциясын атқаруына ғана белгіленген сома. Дамыған елдер өте жақсы жасаған. Олар күнкөріс деңгейімен ештеңені байланыстырмайды. Біз болсақ барлығын күнкөріс деңгейі көрсеткішімен өлшейміз. Кез келген өзгеріс болса болды, төмен жалақы, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерде өзгеріс болады. Айта кетейін, биыл күнкөріс көрсеткіші айтарлықтай өзгерді, оған миллиардтаған қаржы кетеді. Бұл – тек азық-түлік және азық-түлік емес карталарының өзара өлшемін анықтау­да ғана болған жағдай» деп жауап қатқаны бар. Бәлкім, бұл пікірі де дұрыс шығар. Алайда жалақы я болмаса зейнетақы өседі екен деген қауесет шықса болды, бағаның да көкке ұшып кететінін қалай түсінеміз?.. Десе де «тәубесі» аузында, «қанағаты» көңілінде жүретін жұртшылық болашақтан үмітін үзбей, ертеңгі күннен жақсылық күтіп елеңдеумен келеді. Әне-міне өмір жақсарады, баға тұрақтанады деумен өздерін сабырға шақырып, басып қояды.
Нұр-Сұлтан қаласы бо­йынша 2019 жылғы маусымда ең төменгі күнкөріс мөлшері 34884 теңгені құрады. Бүгінге дейін бұл көрсеткіш 25667 теңге болған. Бірақ осы аралықта баға ай сайын көтерілгенімен, халықтың табысы, еңбекақысы бір орнынан қозғалған емес. Енді тауар нарқына көз жүгіртіп көрелік. Тек маусым айының өзінде күнделікті тұрмыста тұтынатын тауарлар: сиыр еті – 2,9 пайыз, тары – 1,7 пайыз , қаймақ – 1,5 пайыз, жылқы еті, күріш – 1 пайыз, жоғары сұрыпты бидай ұны, ұнтақ жармасы, қарақұмық жармасы – 0,9 пайыз, жұмыртқа, байхы қара шайы – 0,7 пайыз, қой еті – 0,6 пайыз, бірінші сұрыпты бидай ұны – 0,5 пайыз, пастерленген сүт – 0,4 пайыз, картоп – 32,5 пайыз, сәбіз – 15,9 пайыз, пияз – 0,9 пайыз, қызылша 0,5 пайыз өсіп отыр. Бір қарағанда көзге онша көрінбейтін, аса мән беріп елең еткізбейтін дерек сияқты болғанымен, ай сайын, жинақталып келгенде, әжептәуір бағаны құрайтыны анық. Сонымен қатар темекі өнімдері, сүт өнімдері – 0,5 пайызға, қой еті, қара бидай және қара бидай наны, тоқаш және ұннан дайындалатын кондитер өнімдері, ірімшік және сүзбе – 0,4 пайызға, жоғары сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан, сұлы жармасы, макарон өнімдері – 0,3 пайызға, кондитерлік өнімдер, балық және теңіз өнімдері 0,1 пайызға жетіпті. Халықтың орташа жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс мөлшері мен азық-түліктерді тұтынудың ең төменгі нормаларынан есептегенде, өткен мамыр айымен салыстырғанда – 5,3 пайыз, ал 2018 жылғы маусым айымен салыстырғанда 8,2 пайыз өсті. Соның ішінде ет пен балық – 18,5 пайыз, сүт, май, тоң май өнімдері мен жұмыртқа – 14,9 пайыз, жемістер мен көкөністер – 12,1 пайыз, нан өнімдері мен жарма өнімдері – 7,7 пайыз, қант, шай мен қоспалар 1,8 пайыз құраған. Тұрмысқа қажетті заттар мен құрылыс жабдықтарының бағасында да әжептәуір өзгеріс байқалады. Жалпы, қоғамымызда, әр мемлекетте баға және оны белгілеу экономиканың ең негізгі элементтерінің бірі әрі күрделі экономикалық категорияға жатады. Баға арқылы экономиканың өсуі, өркендеуі, қоғам дамуының барлық жағы түйінделеді. Сондықтан баға мәселесіне үлкен назар аудармаса болмайды. Ал әзірге бағаның тоқтамай өсіп қарқын алуы қарапайым халықты ат тепкендей есеңгіретіп-ақ келеді.

Бейбіт ОСПАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button