Жаңалықтар

Баға қалай бақыланады?

Үкімет белгілеп берген негізгі азық-түлік бағасын тұрақтандыру арқылы базардағы бағаны қалыпқа келтіруге болады. Әкімдік жанынан азық-түлік бағасын қадағалайтын жедел штаб күн сайын азық-түлік бағасына мониторинг жүргізіп, орташа бағамын жариялауды дәстүрге айналдырған.

01

 Естеріңізде болса, қала базарларында жиырмадан астам азықтың қымбаттағаны белгілі. Мәселен, бірінші сортты бөлке нанның дүкен сөрелеріндегі бүгінгі орташа бағасы – 80 теңге. Астанадағы «Сапа нан» кәсіпорыны нанның өндіру бағасын 70 теңгеге көтерген. Оған пайдаланатын шикізат бағасының көтерілуі мен өткен жылдан бастап астықты субсидиялаудың тоқтатылуы себеп болғанын айтады. Сондықтан, нанның бүгінгі бөлшек саудадағы бағасы 80-85 теңгеге жетіп отыр.

Қант бағасына келсек, оның да жеткізу құнының қымбаттауы басты себептердің бірі. Елорданы қантпен қамтамасыз етіп отырған негізгі жабдықтаушылардың бірі – «ЦАСК» ЖШС бір тонна қант бағасының 354 доллардан 477 долларға жоғарылауына байланысты жеткізу құнын өсіруге мәжбүр болған.

Астана қаласында жыл басында қанттың орташа бағасы 220 теңге болса, дәл қазіргі уақытта 305 теңгені құрайды. Яғни, 38,6 пайызға өскен. Мәселен, қанттың бағасы «Апрель» дүкенінде – 330, «5 минут» – 299, «Астықжан» – 310, «Шапағат» – 300, «Астаналық» – 350, «Әлем» базарында 290-300 теңгеден сатылуда.

02

Қант тапшылығы байқалады

«Шапағат» коммуналдық базарының директоры міндетін атқарушы Болат Алагузов қала әкімдігімен келісілген меморандум аясында белгіленген азық-түлік түрлері ғана емес, басқа да тағамдардың бағасы толық бақылауда екенін айтты. Осыған дейін «Астана агро» сервистік дайындау орталығы» ЖШС «Шапағат» базарына 80 тонна құрайтын қант бағасын 270 теңгеден жеткізген екен. Бөлшек саудада кәсіпкерлер оны 300 теңгеден сатуда.

Күні кеше базардың сауда бөлімінің басшысы Ерболат Кәкімашпен әңгімелескен едік. Оның айтуынша, бүгінде базардағы қант таусылуға айналған. Яғни, тұрақтандыру қоры арқылы бөлінген қордағы қант түгел сатылып кеткен.

– Базар әкімшілігі қанттың жедел қымбаттауына байланысты шараларды қолға алды. Базардағы бағаны қалыпты ұстап тұру үшін қант бағасын 300 теңгеден артық сатуға жол бермедік. Міне, бүгін тағы да арзан жеткізуші компанияларды іздестіре бастадық. Астаналық « ИП Оңғаров» атты кәсіпкер бізге 270 теңгеден жеткізетін болды. Ол бөлшек саудада 300 теңгеден сатылатын болады. Қалалықтарды қантпен қамтамасыз ету үшін басқа да тиімді жолдарды қарастырамыз, – дейді «Шапағат» коммуналдық базарының сауда бөлімінің басшысы Ерболат Кәкімаш.

Расында, қалада қанттың тапшылығы байқалады. Өйткені, «Астана ақшамы» жүргізген мониторинг кезінде көптеген сауда орындарында қант болмай шықты. Есесіне, қораптағы шақпақ қанттың түр-түрі бар. Бағасы да қымбат.

Сол сияқты ұнның бағасына тоқталсақ. «Шапағат» базарында «Астана ұн сервис» ЖШС өнімі келісі 100 теңгеден екен. Арзан болатын себебі, базарда компанияның фирмалық орындары ашылған. Сондықтан, өнім өндіруші компания ешқандай делдалсыз бірінші сұрыпты ұнды 100-110 теңгеден саудалауда. Жалпы, қала бойынша ұнның орташа бағасы 140 теңге болса, «Шапағат» базарында 128 теңгені құрайды екен.

Халық жиі тұтынатын тауардың бірі – жұмыртқа. «Қазгерқұс» ЖШС-нің 1-санаттағы жұмыртқасы қаланың ірі сауда орындарында түрлі бағада сатылуда. Мысалы, «Рамстор» – 329, «Апрель» – 322, «Small» – 352, «Анвар» – 330, «5 минут» – 366, «Астыкжан» – 319, «Әлем» базарында 260 теңгеден. Тек «Шапағат» пен «Астаналық» базарында 220 теңгеге алуға болады.

«Шапағат» базарында арзан болатын жөні бар. Өйткені, коммуналдық базар әкімшілігі 21 тауардың бағасын 10 %-дан артық қымбаттауға жол бермейді.

– Әкімдікпен келісілген азық-түлік түрлерінің бағасы ғана емес, басқа да өнімдердің қымбат сатылмауын қадағалаймыз. Базардың сауда жөніндегі үйлестірушісі күн сайын бағаны тексеріп, тіркеп отырады, – дейді Ерболат Кәкімаш.

Жәрмеңкенің жәрдемі көп

Елордадағы бағаны тұрақтандыруға байланысты қолға алынған шара – жәрмеңке ұйымдастыру. Ол бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер тікелей шығып, халыққа тауарын ұсына алады. Ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізу бойынша еліміздің сегіз аймағымен астаналық әкімдік арнайы келісімшарт жасасқан. Бүгінге дейін әкімдіктің ұйымдастыруымен қырық шақты жәрмеңке өткізіліп, онда миллион тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері базардағы бағадан 10-15 пайызға арзанға сатылған.

Астаналық баға – орташа

Сонымен, азық-түлік бағамының қымбаттауы тек елордада емес, еліміздің түкпір-түкпірінде кездеседі. Жалпы, республика бойынша алып қарайтын болсақ, Астанадағы бағаның қымбаттауы орташа деңгейде екен. Мәселен, елордада өсімдік майы 9,70 пайызға қымбаттаса, оңтүстік өңірлерде оның құны 32,4 пайызға көтерілген. Қарақұмық жармасы Қостанай қаласында 72 пайызға қымбаттаса, Астанада оның келісі 24 пайызға көтерілді. Солтүстік Қазақстан облысында нан бағасы 46 пайызға көтерілсе, елордада 22 пайызға қымбаттады. Салыстырмалы түрде азық-түлік бағасын осылай жалғастыруға беруге болады. Бұдан шығатын қорытынды, Астанада азық-түліктің бағасы орташа деңгейде сақталған.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button