Елорда тынысы

Баға жетпес құндылық

Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік. Елорда. Байқоңыр» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

[smartslider3 slider=1301]

Алқалы жиынға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов, көрнек­ті қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары, Байқоңыр ауданының ақсақалдары қатысып, ел Тәуелсіздігі туралы толғамды ойларын ортаға салды.

Қатысушылар Тәуелсіздік кезеңдері мен жаңа мемлекеттің құрылуындағы өзекті мәселелерді, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз еліміздің қалыптасуындағы стратегиялық бас­тамаларының рөлін, елдің әлеуметтік-­экономикалық және саяси-құқықтық жаңғыруының перспективалары мен бағыттарын өзара саралады.

Конференция отырысын ашқан Байқоңыр ауданы әкімі Нұрбол ­Нұрсағатов биыл ел тарихы үшін ерекше жыл екенін айтып, тәуелсіз Қазақстанның әлемдік саясатта дербес, егеменді ел ретінде танылғанына 30 жыл толуымен жиналғандарды құттықтады.

Еңселі егемендік мерекесімен жиналған қауым құттықтап, жылы лебізін арнаған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов та тәуелсіздік туралы танымды баяндама жасады.

– Тәуелсіздік – ата-бабамыздан қалған асыл аманат. Ол – ұлтымыздың, тіліміздің, дәстүріміздің мызғымас тірегі, алтын діңгегі. Өз алдына егемен ұлт болу – біраз жұртқа арман болса, біз үшін баға жетпес құндылық, – деп атап өтті А.Оралов.

Ал Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов өз сөзінде тұғырлы Тәуелсіздіктің баянды болуын тілей отырып, елорданың Байқоңыр ауданының дамуына қатысты өз ойын жеткізді.

– Елбасы өз мақаласында Тәуелсіздіктің 7 тұғырын атап өткен болатын. Бүгінгі конференция – сол жеті тұғырды талқылау. Сонымен қоса, Байқоңыр ауданының жетістіктері туралы да айтып өткім келеді. Ауданның бүгінгі келбеті бәрімізді қуантады. Аудан үш жылдың ішінде айтарлықтай өркендеп, көркейіп шықты. Атқарылып жатқан істер, ең бастысы, халықтың көңілінен шығып жатыр, – деді Е.Каналимов.

Ел Тәуелсіздігін ұлықтауға арналған жиынға арнайы қатысқан белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман бүгінгі конференцияның маңыздылығы туралы айтты.

– Бүгінгі шараның тақырыбының өзі, түсінген адамға мәні зор. Ел тәуел­сіздігіне арналған мұндай шаралар көптеп өткізіліп, насихатталу керек. Тәуелсіздігіміз баянды, тіліміз тұғырлы болып, Елбасымыз айтқандай, алдыңғы 30 дамыған мемлекеттің біріне айналайық, – деді А.Осман.

Конференция соңында қатысушылар елордадағы Қаламгерлер аллеясындағы «Алаш арыстары» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, «Qitap qala» ашық аспан астындағы кітапханаға барды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button