Басты ақпаратМәселе

Бағалаудың жаңа жүйесі не берді?

Білім берудегі бағалаудың жаңа жүйесі – жаңартылған білім мазмұны енгелі 6 жылдан асып барады. Мұнда оқушының білімін бағалау – БЖБ және ТЖБ түрлері енгізілді. Әлі күнге дейін осынау жаңартылған білім мазмұнының мәнін түсінбейтін, балаға шамадан тыс жүктеме екенін айтатын ата-аналар көп. Біз бүгін осыған жауап іздеп көрдік.

БЖБ, ТЖБ деген не?

№1. Формативті бағалау

Формативті бағалау – оқушының сыныптағы күнделікті оқу үлгерімін, сабаққа қатысуы мен үй тапсырмасын орындауын бағалау көрсеткіші. Мұғалім оқушының үй жұмысын, сабаққа қатысуын жазбаша (дәптерде немесе күнделікте/электронды журналда) не ауызша бағалайды. Оның нәтижесін қағазға шығару не әрі қарай сақтау талап етілмейді. Формативті баға оқушының тоқсандық, жылдық бағасына әсер етпейді.

№2. Жиынтық бағалау

Жиынтық бағалау – тоқсанды, оқу жылын, сондай-ақ оқу бағ­дар­ламасына сәйкес бөлімдерді (ортақ тақырыптарды) оқып, аяқтағаннан кейін өтетін бағалау түрі.

1-сыныпта жиынтық бағалау жүргізілмейді. Білім алушыларға балл қойылмайды, оқу үлгерімі формативті бағаланады.

Жиынтық бағалаудың екі түрі бар:

* БЖБ – бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау;

* ТЖБ – тоқсандық жиынтық бағалау.

Ата-ана не дейді?

Гауhар Шайхиниязова Facebook парақшасында былай дейді:

«Сырттан қарап, ата-ана ретінде бақылап отырсаң, баланың білімге құштарлығын ашудан бұрын, сабақ оқуға деген құлшынысын су сепкендей басу. Бала тоқсан бойы оқып, сабақ айтып, бағасын алып жүреді де, БЖБ, ТЖБ-дан қажетті балын ала алмаса, тоқсан бойы оқыған, алған бағасы есептелмейді екен. Қанша ұстазбен, қанша ата-­анамен пікірлестім, өзімнің де ойым – БЖБ мен ТЖБ психологиялық, моральдық соққы.

Қарап отырсаң, шығарма, мазмұндама жазу деген жоқтың қасы. Сауатты жазып, ойын толық жеткізе алмайтын ұрпақты тәрбиелеп жатырмыз. Тіпті оқулықтардағы кейбір тапсырмаларға мына менің миым жетпейді. Үй тапсырмасын орындаймыз деп Google, Telegram-каналдар ақтарып кетесің. Түсінбеймін, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» тап­сырмалар неге берілмейді?!

Әңгіме бағада емес. Бірақ бағаның да баланың оқуға, білім алуға мотивация болатынын ұмытпау керек. Ал БЖБ мен ТЖБ-дан тайып кетсең қайдағы мотивация?! Мектеп бағдарламасын күрделендірмей, барынша қарапайымдылық принципімен қайта жасау керек».

Ата-ананың сауалын Ы.Алтын­сарин атындағы Ұлттық білім академиясының орта білім мазмұны институтына жолдаған едік, оған мынадай жауап алдық:

«Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы №125 бұйрығымен бекітілген «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгі қағидаларының» 2-бабына сәйкес, білім алушылардың оқу жетістігін бағалау формативті және жиынтық бағалау нысандарында жүзеге асырылады. Сонымен бірге, «Тоқсандық баға формативті бағалау, БЖБ және ТЖБ қорытындысының негізінде 50/50 пайыздық арақатынаста қо­йылады».

Жаңа формат, жаңа талап

ХХІ ғасыр – жаңа технология мен ақпараттандыру ғасыры. Осыған орай, оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Мұғалімдердің алдында оқытудың әдіс-тәсілін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұрды. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық саласында табысты болу, қажетті дағдыларды дарыту үшін мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаздық ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады.

Жаңартылған білім беру мазмұнының негізгі өзегі – оқушылардың оқу жетістігін бағалау. Бұл критериалдық бағалау жүйесі арқылы жүзеге асады. Критериалдық бағалау – оқушылардың оқу-танымдық құзыретін қалыптастыруға жағдай жасайтын, білім беру мақсаты мен мазмұнына сәйкес білім беру үрдісіне қатысушылардың (оқушылар, мектеп әкімшілігі, ата-аналар, заңды тұлғалар және т. б.) барлығына алдын ала таныс, ұжым талқысынан өткен, нақты анықталған өлшемдер арқылы оқушылардың оқу жетістігін салыстыруға негізделген үрдіс. Яғни баға берілетін белгі, бір нәрсені анықтау немесе бағалау, пікір беру өлшемі. Ал критерийлер – оқытудың міндеттерін жүзеге асыратын өлшемдер, атап айтқанда, оқушылардың жұмыс барысында орындайтын іс-әрекеттер тізбесі. Егер балаға оның белгілі бір деңгейге жет­кенін айтса, онда бұл оған үздік нәтижеге жету үшін не істеу керегін түсінуге көмектес­пейді; бұл ретте егер баламен бірге оның жұмысында мұндай бағалауға не әкелгенін және бағалау өлшемдерін түсіндіруге талдау жасаса, онда бұл балаға өзінің нәтижесін жақсарту үшін кейін не істеу керегін түсінуге мүмкіндік береді. Бұл бағалау жүйесі екіге бөлінеді: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау.

Мұғалімдердің пікірінше, критериалды бағалау жүйесінің оқушының оқудағы жетістігін бағалауда маңызы өте зор. Бұл анық, нақты, түсінікті, қолжетімді, ашық. Мұны өте дұрыс бағалау деп есептейді. Критериалды бағалаудың мақсаты – білім сапасын арттырып, мектеп бітірушілердің білімін халықаралық стандарт талаптарына сәйкестендіру. Ал керісінше, БЖБ және ТЖБ тапсыруға дайындалу үшін оқушылардың жүктемесі шектен тыс молайып кетті деп қарайтын ата-аналар бар.

P.S: Жалпы, ата-ана, мұғалім бірлікте ортақ мақсатқа ұмтылса, алынбайтын асу жоқ. Бала тәрбиесіне тек білім саласы ғана емес, ата-анасы, жалпы қоғам да жауапты екенін ұмытпауымыз қажет. Әлем сәт сайын өзгеріп жатқан заманда бұл өте маңыз­ды бағалау, жаңа талаптар екенін түсінуіміз қажет. Білім саласындағы жаңаша ізденіс, бағалау мұнымен тоқтамайды, сапалы білімге бастайтын жарқын жобалардың жүзеге асатынына сенгіміз келеді. Болашақ ұрпақ әлемді өз білімімен бағындыруға ұмтылуы елді де өрлеуге, өркендеуге бастайды.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button