Басты ақпарат

Бағланова мерейтойы басталды

Халқымыздың бұлбұл әншісі, Қаз КСР және КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығы аясындағы шараларды әйгілі әнші жарты ғасыр жұмыс істеген Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы бастап берді. Аталмыш өнер ошағы «Қазақстан» орталық концерт залында әншінің мерейтойына арнап апталық ұйымдастырды. Мүсінші Айдос Есмағамбетовтің қолынан шыққан гиперреалистік мүсіннің таныстырылымы мен көрменің ашылуы «Қазақтың қаһарман қызы» концертімен жалғасты.

[smartslider3 slider=2289]

– Ұлттық ән өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан, қазақ музыкасында өзіндік мектеп қалыптастырған Роза Бағланова қандай құрметке болса да лайық. Роза Тәжібайқызының есімі мен өнері елімізге ғана емес, дүние жүзіне танылды. Ол – әйгілі әнші ғана емес, ұлт жоғын жоқтаған қайраткер. Отты да, оқты да көрген қайсар жан. Майдан даласында ән шырқап, жауынгерлерге жігер берген өр рухты әнші. Азаматтық ұстанымын, жүрек сөзін айта білді. Семей полигонының жабылуына атсалысып, Арал тағдырына араша түсті. Желтоқсан оқиғасы кезінде де азаматтық ұстанымын ашық білдіріп, ұлтының жағында болды. Бұл – нағыз зиялыға, адамгершілік қасиеті жоғары қайсар жанға тән өр мінез, – деді концертті ашып берген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Роза Бағланованың ғасырлық мерейтойын кең көлемде атап өтуге тапсырма бергенін айтып, әйгілі әншімен қатар ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО-ның биылғы халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізілгенін жеткізді.

Сахнадан Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев жолдаған құттықтау оқылды: «Роза Бағланова – ән дейтін құдіретті өнердің кемеліне жеткен қайталанбас дарын иесі. Оның шырқаған әндері ұлт мәдениетін жаңа биікке көтеріп, қашан да тыңдарман қауымның жүрегіне жол таба білді. Әнші қазақтың халық музыкасы мен отандық композиторлардың шығармаларын насихаттауға зор еңбек сіңірді. Бүкіл ғұмырын сахнаға арнаған Роза Бағланованың есімі қазақ өнерінің ұлылары мен алыптарының алдыңғы легінде аталатыны сөзсіз».

Концертке әйгілі әншінің ұлы Тәжен Сатыбалдыұлы, келіні Марал Сағынайқызы арнайы келіп қатысты. Үлкен сахнада немересі Үрбибінің әнші ретінде тұсауы кесілді. Бұған қоса, Роза Рымбаева, Жұбаныш Жексенұлы, Айгүл Қосанова, Тамара Асар, Зарина Алтынбаева, Ернар Садырбаев, Рухия Байдүкенова, жас әншілер Роза Бағланованың репертуарындағы әндерді Нұр-Сұлтан қаласы эстрада-симфониялық оркестрінің (дирижері – Александр Беляков) сүйемел­деуімен жанды дауыста шырқады. «Бұлбұл» телехикаясында Роза Бағланованың бейнесін сомдаған Зарина Жәкенова мен «Астана мюзикл» мемлекеттік театры сахналық қойылым көрсетті. Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь елдерінің өнерпаздары арнайы келіп қатысты.

Бүгін «Қазақстан» орталық концерт залында әйгілі әншінің ғасырлық мерейтойына арналған «Saz&Soul» тобының «Арнау» атты концерті және 6 наурыз күні «Қазақ деген халықтың еркесімін» атты кеш өтеді.

Роза Бағланованың 100 жылдығы аясындағы шараларға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры да үлесін қосты. Осы өнер ошағы «Ән қанатын әлдилеп, әуелі мен дидарластым даланың әуенімен» атты ән-би кешін өткізді. Концертте әйгілі әншінің репертуарындағы танымал әндер шырқалып, ән мазмұнын айшықтай түсетін би қойылымдары ұсынылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button