Қоғам

Байланыс баянды

Бүгін 29 қаңтар Қазақстан мен Иран мемлекеттерінің арасында  дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Осы жылдар ішінде екі елдің саяси, экономикалық, халықаралық, сауда ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді. Иранмен 15 көршілес мемлекеттің бірі Қазақстан бұл елмен теңіз арқылы шектеседі.

[smartslider3 slider=1929]

Иранның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Маджид Самадзаде Сабердің айтуынша, қос мемлекеттің ынтымақтастығының басты артықшылығы – екі елдің көрші болуы, халықтың көптігі, мәдениеттерінің жақындығы.  Бұл мемлекеттердің қарым-қатынасы, жалпы халықаралық және аймақтық қоғамдастықтағы ұстанымдары бір-біріне ұқсас, жақын.

«Қазақстан өзінің ресми түрде тәуелсіздігін жарияламаған кезде Иран: «Тәуелсіздігіңізді қай кезде жарияласаңыз да, біз дәл сол мезетте оны ресми түрде мойындаймыз» деп үндеу жолдады. Біз үнемі халықаралық қоғамдастықта, ұйымдарда Қазақстанға қолдау көрсетіп отырдық, сол сияқты Қазақстан да өз тарапынан Иранды қолдап келеді. Соңғы орын алған жағдай бізді де уайымдатты. Соған байланыс­ты 3 рет мәлімдеме жасадық, Иранның сыртқы істер минис­трі Қазақстанның сыртқы істер министрімен телефон арқылы сұхбаттасты, елшілік тарапынан да нота жолданды, мен өзім де жеке сұхбат бердім. Оқиға кезінде қайтыс болған адамдарға көңілімізді білдіріп, қайғысына ортақ екенімізді айттық» дейді елші.

Отыз жылдың ішінде екі ел арасында 16 рет үкіметаралық бірлескен комиссияның отырысы өткізілді. Ал 17-отырыс бір айдан кейін Тегеранда өткізіліп, оған Қазақстанның Премьер-министрінің орынбасары, ҚР сауда және интеграция министрі сапармен бармақшы. Бұл кездесу екі елдің арасындағы сауда-экономикалық байланыстарға тың серпін береді деп күтілуде. Қазақстанда Иранның бір елшілігі мен екі бас консулдығы бар. Консулдықтардың біреуі – Алматыда, біреуі – Ақтауда. Ал Иранның астанасында Қазақстанның елшілігі мен 2 қаласында консулдықтары жұмыс істейді.

Жалпы, Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастық бойынша басымдылық 4 салаға беріледі. Атап айтқанда, тау-кен, ауыл шаруашылығы, тасымал және транзит, сауда салалары. Аталған салалар аясында қос мемлекет өте жақсы жұмыс істеп келеді. Иран – 83 млн, Қазақстан – 19 млн халқы бар ел. Өкінішке қарай, екіжақты туризм саласы қатты дамымаған. Елшілік екі ел арасындағы виза мәселесін шешіп, туристер бір-бірімен жақынырақ таныса алатындай жағдай жасауға мүдделі. «Себебі басқа салаларға қарағанда туризмді дамытудан түсетін табыс анағұрлым көбірек болады. Сондықтан жаңа айтып өткен төрт бағыттың қасына осы туризмді бесінше бағыт етіп қосу керек» дейді елші.

Иран – тарихи кітаптар, қолжазбаларға бай ел, соның ішінде Қазақстан тарихы туралы да деректер сақталған. Осы ретте Иран Қазақстанға 4 кітаптың көшірмесін жолдады.

Ынтымақтастық былтырдан  бастап Горган мен Ақтау қалалары арасында әуе рейсін жолға қойғанның арқасында одан сайын арта түсті. Бұл рейстер пандемияға байланысты әзірге айына бір-ақ рет жүзеге асырылады. Жалпы, Қазақстан мен Иран арасында көлік қатынасының 4 түрі жолға қойылған. Арада теңіз жолы, теміржол, автомобиль жолдары және әуе жолдары бар. Әрқайсысы өзіне тиісті тауарларды жеткізеді. Жолдардың әртүрлі болуы екіжақты қарым-қатынастың дамуына оң ықпал етеді. Соның ішінде теміржолдармен екі тармақ бойынша байланыс орнатылған. Бір бағыты – Иран-Түрікменстан-Қазақстан теміржолы, екіншісі – Иран-Түркіменстан-Өзбекстан-Қазақстан бағыты. Ақтау теңіз сауда портындағы жүк тасымалының 75 пайызы Иран кемелері арқылы жүзеге асырылады.  Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 120 пайызға артты.

«Қазақстаннан Иранға көбіне астық экспортталады. Әсіресе, арпа, бидай сияқты дәнді дақылдар мен басқа да азық-түлік өнімдері, сонымен қатар ет те бар. Экспорт өнімдеріне металдар да кіреді. Ал Ираннан Қазақстанға әкелінетін заттар – құрылыс материалдары, азық-түлік, кептірілген жеміс-жидектер және мұнай-химия өнімдері. Көбіне экспорт көлемі Қазақстанның пайдасына шешіліп отыр, өйткені Қазақстанның экспорты Иранның жіберетін өнімдерінің көлемінен басым» дейді елші. Жақында екі ел арасындағы сауда байланысын дамыту үшін Қазақстан тарапына Иранның 4 нүктесінде Қазақстанның мемлекеттік және жеке меншік секторына жер телімдерін беру туралы ұсыныс айтылды. Атап айтқанда, Бандар Аббас, Чабахар, Амирабад және Инче-Бурун порттарынан жер берілмек. Ол жерлерге логистикалық орталықтар, қоймалар және басқа да нысандар салынады.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button