Байланыс беки түседі
Ресейдің Пенза облысы губернаторы Иван Белозерцев бастаған делегация Астанаға үш күндік ресми сапармен келді. Ондағы басты мақсат – екі ел арасындағы экономикалық және гуманитарлық әріптестікті нығайту.
Әуелі қонақтар елорда әкімі Әділбек Жақсыбековпен кездесті. Шаһар басшысы екіжақты сауда-экономикалық және әлеуметтік-мәдени қарым-қатынасты дамытуға мейлінше мүдделі екендігін жеткізді.
«Біз Пенза облысымен өзара байланысты тереңдетуге және жүйелі түрде кеңейтуге көп мән береміз» деді Әділбек Жақсыбеков.
Пенза облысының губернаторы елорда әкіміне қонақжайлығы мен Қазақстанның жас астанасының дамуымен танысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.
– Бүгінде Астана үлкен жетістікке қол жеткізді. Мұндағы заманауи тұрғын үй, мәдениет және спорт нысандары құрылысының қарқыны таң қалдырады. Кеше қаланы аралаған кезде осыған тағы да көз жеткіздік. Бұл шаһар адам капиталын тартатын орталыққа айналғаны даусыз, – деді Иван Белозерцев.
Ресейлік делегация құрамында Пенза облысының Заң шығаратын жиналысы төрағасы Валерий Лидин, министрліктер мен ведомство өкілдері, іскерлік қоғамдастықтар мен сауда-өнеркәсіптік палата мүшелері, кәсіпорындар, қаржылық және білім беру мекемелерінің басшылары бар.
Сапар барысында меймандар «ЭКСПО – 2017» көрме кешеніне барып, аумақтағы объектілермен танысты. Пенза облысының губернаторы Астана қаласы әкімінің келер жылғы көрмеге шақыртуын қабыл алып, маңызды шараға қуана келетіндерін жеткізді. Сондай-ақ, тараптар халықаралық мамандандырылған көрме шеңберінде Пенза облысының Астанадағы күндерін өткізуге уағдаласты.