Басты ақпаратМәселе

Байлар да жылай ма?

оларға салынатын салық қашан күшіне енеді?

Астанада хан сарайындай сәні мен сәулеті келіскен зәулім ғимараттар аз емес. Сыртынан қарап тұрып көзің қызығады. Әрине, жақсы өмір сүруге әркімнің де хақысы бар. Дегенмен соның өтеуіндей байлыққа салынатын салықты мемлекет өткен жылы айқындап қойған. Енді, міне, кезең-кезеңімен соны жүзеге асыруға кірісті. Алайда бұл тұрғыда барлығы жоспарлағандай болмай жатқаны байқалады.

Басты өлшем – декларация

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Парламент дәлізінде журналистерге берген жауабында: «Жаңа Салық кодексіне сәйкес, бұл мәселе күн тәртібіне енді. Одан әрі оны жалпыға бірдей декларация тапсырылғаннан кейін нақты қолға алатын боламыз» деді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қыркүйек айындағы халыққа арнаған Жолдауында 2023 жылы жүргізілгелі отырған жаңа салық реформасы аясында байлыққа салынатын салықты да енгізу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырған еді. Бұған қоса, Президент «ол салық сәулетті де зәулім жылжымайтын мүлікке ие, өте қымбат көлігі бар байларға салынсын. Орта тап өкілдеріне тимеңдер» деп ескертті.

Жалпыға бірдей декларация жүргізуді экономист-сарапшы Құрманғали Әлжанов та қолдайтынын айтады.

«Бұл – санақ жүргізудің бірден-бір құралы. Сол арқылы кімнің қандай әлеуеті бар екенін анық байқауға болады. Мұнда материалдық құндылықтармен қоса, адамдардың биологиялық активтері мен қарыздық міндеттемелері толық көрсетілуі тиіс.

Декларация тапсырудың бірінші кезеңі 2021 жылдың 1 қаңтарынан басталды. Ол кезде активтер мен міндеттемелер туралы құжаттар мемлекеттік жауапты қызметкерлер мен олардың зайыбынан алынған болатын. Енді 2023 жылдың 1 қаңтарынан  бастап мемлекеттік және  квазимемлекеттік мекемедегі барлық қызметкерлер мен олардың зайыбы тапсыруы тиіс. Ал 2024 жылдан бастап мұндай декларацияны қатардағы қызметкерлер мен жеке кәсіпкерлердің де тапсыруы міндеттеліп отыр» дейді ол.

Расы керек, көбі «мұндай меншігіңдегі дүниелерді бүге-шігесіне дейін «түгендеу» неге керек?» деп наразылық білдіріп жатады. Мұны экономист былай түсіндіреді.

Декларацияны 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемедегі барлық қызметкерлер мен олардың зайыбы тапсыруы тиіс. Ал 2024 жылдан бастап мұндай ­декларацияны қатардағы қызметкерлер мен жеке кәсіпкерлердің де тапсыруы міндеттеліп отыр

– Негізгі мақсат біреудің жиған-терген артық-кем қорына есеп жүргізу емес. Бұл жердегі басты мәселе – жең ұшынан жал­ғасатын сыбайлас жемқорлыққа мейлінше тосқауыл қою, салықтан жалтаратындардың жолын кесу. Жоғарыда айтылғандай, қазір шенді азаматтардан, депутаттар мен жоғары қызметтегілерден табысы мен мүлкін көрсеткен құжаттар алынды. Алайда кейбіреулер өзінің заңсыз жолмен тапқан аса қымбат мүлкі мен дүниесін басқа біреудің (зейнеткер әкесі мен қайын атасы, енесінің, т. б.) атына жазып қоюы әбден мүмкін. Ал елдегі азаматтар түгел декларация тапсырған мезгілде мұндай айла-шарғылар жүзеге аспас еді. Мәселен, толық жалпыға бердей декларация алынғаннан кейін бір зейнеткерде 100 миллион теңгенің су жаңа қымбат көлігі пайда болса, бірден тексеру жүргізіледі. Сондықтан мұны Жаңа Қазақстандағы әлеуметтік әділдікке бастайтын бірден-бір қадам деп түсінген жөн.

Асыра сілтеу болмаса екен

Бажайлап қарасақ, байлыққа салынатын салық көптеген елде бар. Әрі әлемдік тәжірибеде бұған жан-жақты талдау жасап, түрлі тәсілді қолданатынын байқаймыз. Мәселен, 1912 жылы алғаш рет қолға алынған Англияда қазір байлыққа салынатын салыққа көзқарас сәл басқашалау. Онда қарапайым адамның экономкластағы бес көлігі болса да, байлық салығына ілінбеуі мүмкін. Ал жұртшылыққа танымал бір шонжар меншігіндегі жалғыз машинасы үшін де салық төлейтін болады. Неге олай? Өйткені онда отбасы мүшелеріне, меншік иесінің әлеуетіне баса назар аударылады.

«Бізде де солай болуы керек» дейді қаржыгер-сарапшы Жұмағазы Кенжебек. Біріншіден, Қазақстанда отбасы кем дегенде төрт-бес адамнан тұрады. Балаларды балабақшаға, мектепке апару деген бар. Сондықтан бір үйге бір көшелі көліктің болуы қажеттілік болып отыр. Ал оны байлыққа баласа, онда Үкіметтің әділдіктен аттап, асыра сілтеуге жол бергені» дейді ол.

Расында да, қала төңірегіндегі туристік орындарға кей кездері «джипсіз» бара алмайсыз. Сондай-ақ әлем бойынша аумағы жөнінен тоғызыншы орын алатын республикамыздың елді мекендеріне жүйткіген жеңіл машинамен барғаннан гөрі ауқымды автокөлікпен барған әлдеқайда тиімдірек. Міне, сондықтан да тұрғындардың көбі шама келгенше жол таңдамайтын көліктерді сатып алғанды тәуір көреді. Ал ол бізде әзірше көбіне «Toyota» автомашинасы болып тұр. Олардың бағасы да базарда күйіп тұр. Мәселен, бес жыл бұрын шығарылған «LC Prado» жол талғамайтын көлігіне қазір 26-35 миллион теңге сұрайды. Қажеттілік болған соң адамдар, амал жоқ, сатып алады. Ал енді осы бағаға Астанадан қайталама нарықтан екі бөлмелі пәтер сатып алуға да болады екен. Сонда аса қажеттілік үшін алынған «LC Prado» жол талғамайтын көлігін байлық деп бағалаймыз ба? Міне, осы мәселе қазір көпшіліктің талқысына ұсынылып, әлі де бір байламға келе алмай тұр. Біздіңше, шаруасын дөңгелетіп отырған ауылдың бір фермерінің меншігіндегі қымбат жол таңдамайтын көлікті «байлық» деп бағалап, салық салуға асықпаған жөн сияқ­ты» дейді қаржыгер-сарапшы.

Тәжірибеге сай шешім

Бізде қазір олигархтар жетіп артылады. Енді олармен халықтың орта тап бөлігінің арасындағы жер мен көктей айырмашылықты азайту үшін не істеу керек деген мәселе күн тәртібіне шығып отыр. Сарапшылардың айтуынша, байлыққа салынатын салық нақты кімге салынатыны мемлекеттік деңгейде нақты жобамен бекітілуі керек. Әрі оның көпшілік мойындаған алгоритмі болуы әбден қажет. Әйтпесе ауқаттылар мен жаңа дәулет жинай бастағандардың бәріне салық сала беру оңтайлы шешім болмайды. Ойланып істемесе, бюджеттің бүйірін толтырамыз деп көлеңкелі капиталға ұрынып қалуымыз ықтимал екенін де жоққа шығаруға болмайды.

Айталық, Америка Құрама Штаттарында 1990 жылы байлыққа салынған салыққа яхталар, ұшақтармен қатар, зергерлік бұйымдар, алтын сағаттар, тері бұйымдары, қымбат көліктер еніп кетіп, америкалықтар өз елінде қымбат зат алудан бас тартқан. Нәтижесінде Штаттарда салық төлеу құлдырап, көп адам жұмыссыз қалған. Мәселенің мән-жайы анықтала бастаған соң, елде екі жылдан кейін байлыққа салынатын салық алынып тасталған.

Ал Францияда байлыққа 75 пайыз көлемінде салық салу 2013 жылы енгізіліп еді. Бір жылда үш миллион еуро түскенмен, келесі жылы олигархтар мен актерлер елді жаппай тастай қашып, екі жылдан кейін ол бастамаға, амал жоқ, тыйым салуға тура келген.

Сондай-ақ Италияның да яхтасы, ұшағы, вилласы бар жергілікті байларға салынған салығы қатты нәтиже бермеді.

– Ал бізде байлыққа салық салуға дендеп кіріскен екен. Тек жоғарыда айтылған тәжірибеге сай бұл бастама халықтың орта тап өкілдеріне әсері болмаса екен дейміз. Қазір бізде айтарлықтай дәулет жинаған 162 адам бар деген дерек айтылып жүр ғой, салықты нақты сол адамдарға салу керек. Дегенмен олар мұндай салықтан жалтарудың неше түрлі құйтырқы жолын іздейтіні тағы түсінікті. Ал қарапайым қазақстандықтарда ондай мүмкіндік аз болады. Тіпті қазірдің өзінде олардағы байлыққа салынатын салықтың негізін көлік салығынан байқауға болады. 2013 жылға дейін қозғалтқышы төрт литрлік автокөліктердің салығы 15 АЕК болса, 2014 жылдан бері 66 АЕК төлеуге мәжбүр болып келеді, – дейді экономист-сарапшы Құрманғали Әлжанов.

Бізде «джип» байлық емес, қозғалысқа қажетті жол талғамайтын көлік ретінде танылса, ауылда аязға тоңып, күнге күйіп жүрген шаруаның да мүддесінің ескерілгені дұрыс болар еді дейді экономист-сарапшы.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button