Басты ақпарат

Байқаушылар бағасы жоғары

Еліміздегі маңызды саяси оқиға – референдумға әлемнің 25 елі, 10 халық­аралық ұйымнан 272 халықаралық байқаушы келіп қатысты. Олардың көбі саяси іс-шараның ұйымдастырылуы мен өту барысына жоғары баға берді.

[smartslider3 slider=3166]

Елордадағы халықаралық ақпарат орталығында өткен брифингте халықаралық байқау­шылардың біразы саяси науқан туралы пікірлерін айтты. Соның ішінде Қырғызстаннан Қазақстандағы референдумға 15 байқаушы қатысып, олар Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Жамбыл, Алматы облыстарына бөлінді.

– Бұл референдум қазақстандықтар үшін үлкен саяси іс-шара болып есептеледі. Елдің ең басты құжаты – Конституцияға маңызды өзгерістер енгізіледі. Таңертеңнен бері бірнеше сайлау учаскесін барып көрдік. Қай-қайсысында болсын, байқаушыларға да, дауыс берушілерге де жақсы жағдай жасалған, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандустар мен арнайы кабиналар қойылған. Халықтың белсенділігі өте жоғары, олардың бұл маңызды оқиғадағы өздерінің жауапкершілігін жақсы сезінетіні байқалады, – деді Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Әбдіжапар Бекматов.

Екі күнге созылған брифингке сонымен қатар ТМД Парламент­аралық  Ассамблеясы ұйымының мүшелері де қатысты. Солардың бірі Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Конституция­лық заңнама және мемлекеттік құрылыс жөніндегі комитетінің мүшесі  Олег Цепкин Конституция­ға түзетулерді әзірлеу барысында халықтың ой-пікірі ескерілгенін мәлімдеді.

– Ассамблея делегациясы Конс­титуцияға енгізілетін өзгерістер мәтінін дайындаушылармен кездесіп, бұл түзетулерді әзірлеу кезінде ел ішінде көптеген кездесулер өткізілгенін, халықтың ұсыныс-тілегі ескерілгенін білді. Мәтін дайын болғаннан кейін де оны халыққа түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілген. Сондықтан Қазақстан азаматтарының бұл реформадан күтетіні көп, әрине, олар елдің алдағы әлеуметтік-саяси тұрғыда оң жағына өзгеруінен және мемлекеттің тұрақты дамуынан үмітті, – деді ол.

Сондай-ақ елордада барлық учаскелерде референдумға қатысушылардың қатары көп болып, тіпті олар дауыс беру үшін өз кезегін күткенін жеткізді. Саяси іс-шара учаскелердің бәрінде салтанатты түрде мемлекеттік әнұранмен басталған. Делегация өкілдері өзге әріптестері секілді учаскелердің жарақтандырылуы, іс-шараның ұйымдастырылуы, оны өткізуге жауапты мамандардың  біліктілігін жоғары бағалады.

Ал Өзбекстан ОСК төрағасы ­Зайниддин Низамхожаев және Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Мухарем Аккайя Қазақстандағы референдумға Түркия және Өзбекстан республикаларында жүрген қазақстандықтардың қатысуы үшін сол елдердегі елшіліктер мен өкілдіктерде сайлау учаскелері ұйымдастырылғанын жеткізді.

– Бұл референдум – уақыт талабы деп айтуға болады және Конституцияға енгізіліп отыр­ған өзгерістер халықаралық демократиялық құқық талаптарына сәйкес келеді, әрі ол қоғамның, экономиканың, демократияның дамуына оң ықпалын тигізеді. Қазақстан мен Өзбекстан арасында бүкіл бағыттар бойынша достастық қарқынды дамуда, әсіресе екі елдің жастары арасында, атап айтсақ, мәдени тәжірибе алмасу, жастар арасындағы бизнес бойынша жұмыстар жүргізілуде, алдағы уақытта соның жемісін көреміз деп ойлаймын, – деді Зайниддин Низамхожаев.

Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Мухарем Аккайя Түркия­ның Анкара, Ыстамбұл, Адана қалаларындағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінде сол жақта жүрген Қазақстан азаматтары үшін осы референдумға қатысып, дауыс беру мүмкіндіктері жасалғанын, яғни сайлау учаскелері ұйымдастырылғанын айтты.

– Референдум – бұл үнемі және жиі қолданылатын құрал емес, бірақ демократияға бастайтын бірден-бір құрал. Референдум Түркияның тарихында үш рет, яғни 1986, 2010, 2017 жылдары өткізілді. Үшеуінде де референдум қабылданды. Қазақстанның соңғы 27 жылда алғаш рет референдум өткізіп отырғанын да білеміз. Бұл референдум Қазақстанның халқы және елдің болашақтағы демократиясы үшін оң өзгеріс әкеледі деген үміттеміз, – деп атап өтті ол.

Референдумда сайлау комиссиясы құрамы тәжірибелі байқау­шылардан құралған. Бұл туралы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблея­сы топ үйлестірушісі, Тәжікстан Республикасы Мәжілісінің Оли Парламенттік этика жөніндегі Мажілис Намоямдагон комиссиясының төрағасы Баротзода Барот Файзулло мәлімдеді.

 Дауыс беру процесін бақылау барысында 10 сайлау учаскесіне барып, онда ешқандай нормалардың бұзылғанын байқамадық. Сондай-ақ халықтың жоғары деңгейдегі азаматтық ұстанымы көрінді. Халықаралық байқаушылар тобы атынан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне және ҚР Парламентінің екі палатасына осы іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді, – деді ол.

Ал Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира ­Азимова референдумға енгізілген маңызды өзгерістердің бірі – адам құқықтарының механизмдерін нығайту екенін атап өтті.

– Соның ішінде тек Конс­титуция­лық сотты құру ғана емес, сонымен бірге азаматтардың құқықтарына байланысты өзгерістер енгізіліп отыр. Атап айтқанда, өздеріңізге белгілі, өлім жазасын алып тастау, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мандатын өзгерту туралы айтылды. Осы уәкілдің негізгі жұмысы – адам құқықтары мен бостандықтарын бұзған жағдайда оны қалпына келтіру, азаматтарға көмек көрсету. Ол өз жұмысы барысында басқа мемлекеттерге есеп бермейді және тәуелсіз болып саналады. Уәкілдің қызметіне қатысты осы және өзге де өзгерістер бүгінгі референдумға енгізіліп жатыр, – деді Э.Азимова.

Сарапшы, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ Президенті, комиссия мүшесі Бану Нұрғазиева аталған бірлестікке үш мыңнан астам ҮЕҰ кіретінін айта келе, қазіргі таңда Қазақстандағы Азаматтық қоғамның белсенділігі артып келе жатқанын жеткізді.

– Түзету енгізетін референдум – елдің жарқын болашағы үшін жақсы мүмкіндік. Біз әр өзгерісті талқыладық, соның ішінде мәслихаттағы өзгерістер біздерге жаңа даму жолын ашады. Оған қоғамдық ұйым ретінде ықпал етіп, ауылдық, аудандық деңгейде болсын ең лайықты деген азаматтардың өтуіне қолдау білдіреміз, – деді ол.

Референдумның халықаралық байқаушыларының бірі, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин  Қазақстандағы референдумды ашық әрі әділ өтті деп есептейтінін айтты.

– Миссия референдумның заңдылығына күмән тудыратын ұлттық заңнама нормаларының бұзылу фактілерін анықтаған жоқ. Референдум ашық, әділ және демократиялық сипатта өтті. Қазақстан Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум өткізу үшін барлық қажетті жағдайды жасады, олар Қазақстанның сайлау заңнамасының талаптарына және мемлекет қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес келеді, – деді бас хатшы.

ШЫҰ миссиясы 17 мүшеден тұрады. Оған мүше елдердің атқарушы және заңнамалық органдардың өкілдері, ШЫҰ лауазымды тұлғалары кіреді. Миссия мүшелері Орталық референдум комиссияларының құрамымен қоян-қолтық жұмыс істеді. Халықаралық ұйымдар мен шетелдік байқаушылармен бірлесе жұмыс істеп, орталық референдум комиссиясының айтулы шараға дайындығы мен өткізуге қатысты жұмысын бақылады. Сонымен қатар елордадағы халықтың референдумға қатысу процесіне байқау жүргізілді.

Жалпы халықаралық байқаушылардың қай-қайсысы да референдумның ұйымдастырылу деңгейіне оң баға беріп, оған қатысушылардың да көңіл-күйі мен өз елінің болашағын құрудағы жауапкершілігін жақсы сезінгенін байқаған.

 

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button