Басты ақпаратҚала мен Сала

Байқоңыр ауданы: Аулаларды абаттандыруға басымдық беріледі

Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев әлеуметтік желідегі жеке парақшасы арқылы ауданда 2022 жылы атқарылған жұмыстар және келген жылдың жоспарлары бойынша есеп берді.

55 АУЛА АБАТТАНДЫРЫЛЫП, 7 ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТІК САЛЫНДЫ

Оның айтуынша, қазір аталмыш ауданда 235 мыңға жуық адам тұрады. Аудандағы аулалардың жалпы саны – 239. Олардың 180-і немесе 75 пайызы абаттандырылған. Соның ішінде былтыр 55 аула көріктендірілді. Соның 15-і «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандырылды. 59 аула абаттандыруды қажет етеді. Бұл жұмыс осы жылы атқарылмақ.

– Бюджетімізге абаттандыруға 1 миллиард теңге салынған. Оған тағы осыншама қаржы қажет. Биыл бұл жұмысты атқарып, Байқоңыр ауданындағы аулалар 100 пайыз абаттандырылады деп ойлаймын. Өткен жылы ауданда 7 қоғамдық кеңістік салынды. Биыл тағы 8 қоғамдық кеңістік салынады, – деді Ерлан Жаулыбаев.

Өткен жылы ауданның 216 көшесінде, 131 жаяу жүргіншілер өткелінде жарықдиодты шамдар ауыстырылды. Ал биыл Алаш тасжолы, әл-Фараби даңғылы мен А.Пушкин көшесінде ұзындығы 18,81 шақырымды құрайтын кабельдерді ауыстыру жоспарланған.

Былтыр ауданда 1954 ағаш отырғызылды. Оның сыртында 10 мыңнан аса көпжылдық бұта отырғызылды. Биыл тағы 10 мыңнан аса бұта мен 3 мың ағаш отырғызылмақ.

– Өткен жылы жергілікті суару жүйесін орнатуға ерекше көңіл бөлдік. Биыл бұл жұмыс жалғасады. Әсіресе, Жамбыл Жабаев сквері мен Ақбұлақ өзені бойында, Тәуелсіздік даңғылынан бастап Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесіне де­йінгі аралықты осы жүйемен қамтимыз, – деді аудан әкімі.

Ауданда 21 мердігер ұйым санитарлық тазалаумен айналысады. Тазаланатын аумақ 16 млн шаршы метрді құрайды. Бұл – 216 көше. Жалпы даңғылдарды, көшелерді, қысқа көшелерді, орамішілік жолдарды қосқанда аумақтың ұзындығы 310 шақырымға жуықтайды. Желтоқсан айы­ның аяғына дейін 100 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Аудандағы 38 көшеде ұзындығы 63,3 шақырымдық нөсер кәрізі жүйесі бар. Бұған қоса, 58 көше арық жүйесіне қосылған. Оның ұзындығы 18,4 шақырымды құрайды.

– Сабыр Рақымов, Шара Жиенқұлова, Таха Хусейн, Шәкен Айманов сынды үлкен көшелерде нөсер кәрізі жүйесі жоқ. Бұл аумақтарды жаңбыр жауғанда, қар ерігенде ерекше бақылауда ұстап отырамыз. Өткен жылы су тасқыны кезінде үйлерді су басу қаупі болған жоқ. Себебі 2022 жылы 2423 метр арық орнаттық. Биыл арық тағы 2 мың метр аумақта орнатылады, – деді Ерлан Жаулыбаев.

8 ЖЫЛЫ АЯЛДАМА ОРНАТЫЛДЫ

Оның айтуынша, аудандағы жалпы ұзындығы 194 шақырымды құрайтын 177 көше асфальтталған. 39 көшеде немесе 32 шақырым аумақта асфальт жоқ. Өткен жылы жолдардың 6,5 шақырымында орташа жөндеу жүргізіліп, 34 учаскеге фрезерлік материал төселді. Биыл орташа жөндеу 18 көшеде немесе 14 шақырымда жүргізілмек. Ауданда 211 аялдама нүктесі бар. Соның ішінде 147-сі – вандалдыққа қарсы типте, 28-і – жылы аялдама. Ал 22 нүктеде аялдама жоқ. Былтыр 8 жылы, 3 вандалдыққа қарсы павильон орнатылды. Биыл 10 жылы, 8 вандалдыққа қарсы аялдама орнатылмақ.

Аудан бойынша 53 автобус бағдары қатынайды. Соның ішінде «Өндіріс» тұрғын алабына үшеуі (24, 24А, 30) және төртеуі (1, 1А, 6, 11) «Кирпичный» тұрғын алабына барады.

– Соңғы екі айда автобус мәселесі бойынша халықтан өте көп өтініш пен ұсыныс түсіп жатыр. Бұл мәселе бақылауда. Жалпы Байқоңыр ауданы бо­йынша ғана емес, қала бойынша автобустар мен жүргізушілердің жетіспеушілігі бар. Соған байланысты қала әкімдігінде тиісті жұмыс жүргізілді. Биыл қосымша автобустар сатып алынады, – деді аудан басшысы.

МЕКТЕП ПЕН БАЛАБАҚША БОЙ КӨТЕРЕДІ

Байқоңыр ауданында жалпы 446 көппәтерлі тұрғын үй бар. Бұл – 38456 пәтер. Бұған қоса, 4398 жеке үй бар. Оларға 294 ұйым қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, 93 ПИК, 81 МИБ, 120 қарапайым серіктестік. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында былтыр 8 көппәтерлі тұрғын үй жөнделді. Биыл 15 үйді жөндеу жоспарланды. Жобалық-сметалық құжаттама жасалып, тапсырылды. Жөндеу жұмысы наурыз-сәуір айында басталмақ.

Өткен жылы А.Янушкевич 10/2, 10/3, С.Сейфуллин 54/2, әл-Фараби 27 мекенжайларындағы ескі, апатты үйлер сүрілді. Қазір бұл үйлердің орнында жаңа баспана тұрғызылып жатыр. Биылғы сәуір айының аяғында, мамыр айының басында жаңа үйлерге тұрғындарды қоныстандыру жоспарланған.

Аудан тұрғындарына 9 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетеді. 43 білім нысаны, 2 мәдени ошақ бар. «Кирпичный» тұрғын алабындағы Көксеңгір көшесінде 600 орынға арналған мектепті салу басталды. Алайда мердігермен келісімшарт бұзылды. Конкурс жарияланып, оның қорытындысы 15 қаңтарда белгілі болуы тиіс. Содан кейін ақпан айының басында мектеп құрылысы жалғасады.

Ал №5 және №27 мектептерге жапсаржайлар салынуда. Биыл А.Иманов-«Егемен Қазақстан» газеті» көшелерінің қиылысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп құрылысы басталмақ. №4, №27, №55 мектептер мен №46 балабақша жөндеуді қажет етеді.

– Қазір «Кирпичный» тұрғын алабында жеке кәсіпкер инвестициялық жоба шеңберінде 120 орындық балабақша салып жатыр. Құрылыс аяқталған соң оның ақысы мемлекеттік балабақшамен бірдей болады. Ол Білім басқармасы арқылы субсидияланады, – деді Ерлан Жаулыбаев.

Байқоңыр ауданы әкімінің алдағы уақытта аудан тұрғындарымен кездесуінің кестесі жасалды. 18 қаңтарда №10 мектеп-гимназияда, 27 қаңтарда №27 мектеп-лицейде, 1 ақпанда №8 мектеп-лицейде, 8 ақпанда №87 мектеп-гимназия­да, 15 ақпанда №49 орта мектепте, 22 ақпанда «Шипагер» медициналық колледжінде, 1 наурызда №55 орта мектепте аудан басшысының халықпен кездесуі өтпек.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button