Басты ақпаратҚала мен Сала

Байқоңыр ауданы: Қоғамдық кеңістіктер көбейіп келеді

Өткен жылы Астана қаласының Байқоңыр ауданында 55 аула абаттандырылды, оның 15-і «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүргізілді. Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев мәлімдеді. Осыдан бес жыл бұрын құрылған ауданның 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы айта келе, аудан басшысы алдағы жоспарларымен бөлісті.

Аудан аулалары абаттандырылуда

– Байқоңыр ауданының жалпы ауданы 18 129 га құрайды. Тұрғындар саны – 233 375 адам. Аудан аумағында «Өндіріс», «Кирпичный», «Казгородок» тұрғын алаптары және 12 саяжай қауымдастығынан тұратын «Қоянды» саяжай алабы орналасқан, – деді Ерлан Жаулыбаев.

Өткен жылы аудан аумағында 7 қоғамдық орын жабдықталды, оның 4-ін аудан әкімдігі өткізді. Бұл – Бараев көшесінде, Ақбұлақ өзенінің жағасында және Есіл өзенінің жағасында, сондай-ақ Шәкен Айманов көшесіндегі Ататүрік атындағы саябақта орналасқан кеңістіктер. Қоршаған ортаны қорғау басқармасы арқылы Пушкин көшесіндегі 8-үйдің, Абай даңғылындағы 57/1-үйдің және Иманов көшесіндегі 32-үйдің жанындағы қоғамдық кеңістіктер ретке келтірілді. 13 футбол алаңы, 3 баскетбол алаңдары, 1 хоккей корты, 304 көше тренажерлері, 600 шағын сәулет нысандары, 70 жарықтандыру бағанасы, 30 000 м2 төсеніш жабыны,
45 000 м2 асфальтбетон жабыны жайластырылды.

– Ағымдағы жылы аудан аумағындағы тағы 8 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр. Оның ішінде бес нысан, атап айтсақ, «Беласар» көпірінің астындағы кеңістік – Тәуелсіздік даңғылынан ­Амман көшесіне дейінгі аралық, «Егемен Қазақстан» газеті мен Бейсекбаев көшелерінің арасында – Кенесары көшесі, Кенесары көшесінен Абай даңғылына дейін және Кенесары көшесі, 73 мекенжайына дейін – «Егемен Қазақстан» газеті көшесі аудандық әкімдік арқылы абаттандырылады. Ал Қоршаған ортаны қорғау басқармасы арқылы Таха ­Хусейн мен Тәшенев көшелерінің қиылысында, сондай-ақ Абай, 99 бойында және «Жастар» сарайының алдында орналасқан кеңістік қайта жабдықталады, – деді аудан басшысы.

Аудандағы аулалардың жалпы саны – 239. Олардың 180-і немесе 75 пайызы абаттандырылған. Соның ішінде 2022 жылы 55 аула абаттандырылды, оның 15-і «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүргізілді. Биыл тағы 8 қоғамдық кеңістік салынады. Сонымен бірге 2023 жылы 25 ауланы, оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 15 ауланы абаттандыру жоспарлануда.

Жарықтандыру жұмыстары жалғасады

Аудан бойынша күнделікті көлік және жаяу жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелер мен аула аумақтарын жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Ескірген жарық шамдары айыр­басталып, заманауи диодты шамдар орнатылса, электр энергиясын тиімді пайдалану және үнемдеу үшін энергия үнемдейтін жарықдиодты шамдар да орнатылуда.

Жарықтандыру аспаптарын орнату бойынша жұмыстар ауданның барлық көшелерінде жүргізілді.

– 2022 жылы аудан аумағында 216 көше бойынша 131 жаяу жүргіншілер өткелінде электр желісі ауыстырылды. Жарықтандыру аспаптарын орнату бойынша жұмыстар ауданның барлық көшелерінде, сондай-ақ 446 көппәтерлі тұрғын үйдің кіреберістерінде, балалар алаңдарында жүргізілді, орамішілік кіреберістер мен өтпелер жарықтандырылды, жарықтар саны – 1251 дана, – деді Е.Жаулыбаев.

Биыл Байқоңыр ауданындағы Алаш тас жолы, әл-Фараби даңғылы мен Пушкин көшесінде ұзындығы 18,81 шақырым кабельдік желілерді ауыстыру көзделіп отыр. Сонымен бірге Уәлиханов, Иманов, Пушкин, Кенесары, Жаңажол көшелеріндегі уақытша әуе кабельдік желілерін ауыстыру, жұмыс істеп тұрған 13 кешенді трансформаторлық қосалқы станцияларды қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

– Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының тілегімен А.Сембинов, 9/1, Кенесары, 70, А.Бараев, 10/4, Кравцова 5/2, Т.Хусейн, 3, С.Рахымов, 22, Көктомар, 18, Игілік, 4 мекенжайларында жарықтандыру жұмыстары жүргізілді, – деді аудан әкімі.

Көшелер көріктендірілуде

Жол және көлік инфра­құ­рылым бойынша аудан аумағындағы көшелер саны – 216. Бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 194 шақырымды құрайтын 177 көше асфальтталған. 39 көшеде немесе 32 шақырым аумақта асфальт жоқ. Өткен жылы жолдардың 6,5 шақырымында орташа жөндеу жүргізіліп, 34 учаскеге фрезерлік материал төселді. Биыл орташа жөндеу 18 көшеде немесе 14 шақырымда жүргізілмек.

2022 жылы 11 көше, ұзындығы 6,426 км жолдар орташа жөндеуден өтті. 2023 жылы ұзындығы 11,7 км құрайтын 11 көше жөнделеді.

Аталмыш ауданға 53 автобус бағдары қатынайды. Оның ішінде «Өндіріс» тұрғын алабына 24, 24А, 30 автобустары және 1, 1А, 6, 11 автобустары «Кирпичный» тұрғын алабына барады.

Байқоңыр ауданында 211 аялдама нүктесі бар. Соның ішінде 147-сі – вандалдыққа қарсы типте, 28-і – жылы аялдама. Ал 22 нүктеде аялдама жоқ. Былтыр 8 жылы, 3 вандалдыққа қарсы павильон орнатылды. Биыл 10 жылы, 8 вандалдыққа қарсы аялдама орнату жоспарланып отыр.

Айналаны көгалдандыру – сауапты іс

Көгалдандыру бойынша өткен жылы біраз жұмыстар жүргізілді. Мәселен, өткен жылы аудан аумағына 2 мыңға жуық ағаш пен 10 мыңнан астам көпжылдық бұта отырғызылды. Биыл тағы 10 мыңнан аса бұта мен 3 мың ағаш отырғызылмақ.

– Ағымдағы жылы аудан аумағында 3 мыңнан астам ағаш, 10 мың бұта және басқа да тал-теректер отырғызу жоспарлануда. Өткен жылы жергілікті суару жүйесін орнатуға ерекше көңіл бөлдік. Биыл бұл жұмыс жалғасады. Әсіресе, Жамбыл Жабаев сквері мен Ақбұлақ өзені бойында, Тәуелсіздік даңғылынан бастап Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесіне дейінгі аралықты осы жүйемен қамтимыз. Сондай-ақ Ататүрік, Кравцов көшесі, 2-4, Тәшенев көшесі мен «Егемен Қазақстан» газетінің маңындағы скверлерде, Пушкин көшесі, 15 үйдің ауласында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз, – деді Е.Жаулыбаев.

Аудандағы 38 көшеде ұзындығы 63,3 шақырымдық нөсер кәрізі жүйесі бар. Бұған қоса, 58 көше арық жүйесіне қосылған. Оның ұзындығы 18,4 шақырымды құрайды.

– Сабыр Рахимов, Шара ­Жиенқұлова, Таха Хусейн, Шәкен Айманов сынды үлкен көшелерде нөсер кәрізі жүйесі жоқ. Бұл аумақтарды жаңбыр жауғанда, қар ерігенде ерекше бақылауда ұстап отырамыз. Өткен жылы су тасқыны кезінде үйлерді су басу қаупі болған жоқ. Себебі 2022 жылы 2 423 метр арық орнаттық. Биыл тағы 2 мың метр аумақта арық орнатылады, – деді аудан басшысы.

Байқоңыр ауданында 21 мердігер ұйым айналаны санитарлық тазартумен айналысады. Олар 16 млн шаршы метр аумақты алып жатқан көшелерді тазалайды.

– Жалпы даңғылдарды, көшелерді, қысқа көшелерді, орамішілік жолдарды қосқанда аумақтың ұзындығы 310 шақырымға жуықтайды. Бұл жұмыстарға жұмылдырылатын аудандағы арнайы техника саны – 257 бірлік. Жол жұмысшыларының саны – 403 адам. Шұңқырлар саны – 48 бірлік. ҚТҚ жинауға арналған нүктелер саны – 599 бірлік. Қоқыс контейнерлерінің саны 2399 бірлікті құрайды, – деді аудан әкімі.

2022-2023 жылдардағы қысқы кезеңде аудан аумағынан 114 900 текше метр қар шығарылды.

2021-2022 жылдар аралығында ауданда 17 көшеде жалпы ұзындығы 5 мың 500 м арық-­науа желілері жабдықталды, сондай-ақ арық-науа желісін тазарту бойынша жұмыстар уақтылы жүргізілуде, 14 000-нан астам арық кенті тазартылды.

Аудан тұрғындарына 9 денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде аудан аумағында 5 нысан қызмет көрсетеді.

Байқоңыр ауданының аумағында 2 ірі мәдениет нысаны жұмыс істейді.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button