Байқоңыр ауданындағы үй тұрғындары Наурызды гүлзарда тойлады

Астана қаласы Байқоңыр ауданындағы С.Торайғыров көшесі, 2,4 үйдің тұрғындары Наурыз мейрамын өз ауласындағы гүлзарда екі күн қатарынан ұйымшылдықпен тойлады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Ұйымдастырушылардың бірі, әрі осы үйдің тұрғыны Жанболат Зиятұлының айтуынша, аталған гүлзардың орнында ескі, сүруге кететін үйлер болған. Соны былтыр әкімдік тазалап, орнына осы қоғамдық кеңістікті салып берген. Гүлзарда тұрғындар демалатын орындықтар, футбол, волейбол ойлайтын алаң бар. Соған ризашылық білдірген халық гүлзарда осымен екінші рет мерекені өздері ұйымдастырып отыр.
-Гүлзар былтыр Республика күнінде пайдалануға берілді. Содан бастап бізде осындай үлкен іс-шаралар өткізу дәстүрге айналып келеді. Бүгін де міне Ұлыстың ұлы күні Наурызды С. Торайғыров көшесі 2,4 үйдің тұрғындары бір ауыздан атап өтіп жатырмыз. Бұған Байқоңыр ауданы әкімдігі қолдау білдіруде. Олар міне бізге киіз үй тігіп берді, өнерпаздарға сый-сияпатын әкелді. Екі үйде 300-ден астам пәтер иелері бар. Соларға ортақ мереке өте жоғары деңгейде өтуде, -дейді белсенді тұрғын.
Үй тұрғындары өздері дастархан жайып, ұлттық тағамдар дайындап әкелген. Олардың өнерлі балалары мен немерелері ойындар мен концерттік бағдарламаға белсенді қатысуда. 21 наурызда барлық спорттық іс-шаралар қамтылса, екінші күнінде мәдени жағына басымдық берілді.
-Бұл үйде 14 жылдан бері тұрамын. Өзім Қазатомпром компаниясының зейнеткерімін Еңбек сіңірген металлургпын, мейрамға немерем және қызыммен келіп отырмын. Көршілеріміздің өзара татулығы жоғары деңгейде. Әкімдік те жақсы жұмыс істейді, осы бірлігіміз арта берсін, – дейді үй тұрғыны Айтпай Нышанбаев.
Райхан Рахметова