Байқоңырдың басты мәселелері қандай?
Астананың төртінші әкімшілік ауданы ретінде 2018 жылы құрылған Байқоңыр ауданында 233 мыңнан астам адам тұрады. Аталған ауданның елорданы «Шет аймақсыз қала» жобасы аясында дамыту жұмыстарын жалғастыру және қала инфрақұрылымын жақсарту, бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауда атқаратын айрықша миссиясы бар. Бейсенбіде Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияда осы аудан тұрғындарымен кездесті. Жиында ең алдымен аудан әкімі Талғат Рахманберді халыққа атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Талғат Рахманбердінің айтуынша, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімдігіне жыл басынан бері 20 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Жеке қабылдаулар мен кездесулерде 858 сұрақ қойылған. Бүгінде барлық өтініштер бойынша жұмыстар пысықталып жатыр. Бұл өтініштерде тұрғындар, негізінен, абаттандыру, көгалдандыру және жол инфрақұрылымы мен тұрғын үй мәселелерін көтерген. Өтініштерді талдау бойынша іс-қимыл жоспары әзірленді. Одан бөлек ауданда тазалықты сақтау үшін 28 арнайы техника сатып алынған. Жыл соңына дейін тағы 31 техника алынып, арнайы техника паркі 20 пайызға жаңартылмақ.
– Көлік инфрақұрылымын дамытудың негізгі аспектілерінің бірі – қоғамдық көліктің қалыпты жұмыс істеуі және аялдамалар кешенінің жеткілікті болуы. Қазір Байқоңыр ауданында 49 жылы аялдама бар. Биыл жаңадан 13 жылы павильон қойылды, оның үшеуі жеке инвесторлар есебінен А.Бараев, А.Кравцов және Ш.Уәлиханов көшелері бойына орнатылды. Жыл соңына дейін Бөгенбай батыр және Алаш тас жолы бойына тағы екі аялдама кешені қойылады, – деді аудан әкімі.
Ауданда қоғамдық көліктер қатары артып келеді. Жыл басынан бері мұнда 73 автобус жаңартылды. Жақында тағы да жаңа автобустар жеткізіледі, соған байланысты маршруттық кестеге өзгертулер енгізіліп, жолаушылар тасымалы жақсара түспек. Әкім сонымен қатар 24 учаскеде жарықтандыру мәселесі шешілгенін жеткізді. Көшелер мен саябақтарда 397 жаңа жарықтандыру тіректері мен 559 шамдар орнатылып, 357 шам және 63 жарықтандыру тірегі ауыстырылған.
Аудандағы өткір тақырыптардың бірі – «Өндіріс» тұрғын алабындағы электрмен жабдықтаудың авариялық желілері мәселесінің де оң шешімі табылған. Атап айтқанда, биыл осы алаптағы теміржолға қарасты ЭЧ-8 мекемесінің электрмен жабдықтау желілерін «Астана – РЭК» балансына беру жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ ауданда жыл соңына дейін 40 нүктеге 240 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр. Оларды қоятын мекенжайлар белгілі болды.
Абаттандырылған аулалар мен кеңістіктер
Биыл ауданда 132 аулада жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл осындағы жалпы аулалардың 60 пайызын құрайды. Атап айтқанда, 60 аулада кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілсе, 72 аулада күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Қала тұрғындарының жайлы демалысы үшін 13 қоғамдық кеңістік ашылды. Оның 8-і бос балшықты жерге жаңадан жайластырылды, 5-і қайтадан кешенді түрде абаттандырылды. Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру аясында 100 мың м2 асфальт және 50 мың м2 брусчатка төселген. Тұрғындардың пікірін ескере отырып, абаттандырудың жаңа және заманауи элементтері қойылған. 19 жаңа футбол алаңы, 38 жаттығу аймағы, 211 көше тренажерлері, 53 велотұрақ, 450 көлікке арналған 13 автотұрақ пайда болған.
– «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша 22 жоба іске асырылды. Осы жылы жаяу жүргіншілерге арналған көпір асты кеңістіктерін жайластыру жұмыстары толығымен аяқталды. Соның арқасында жағалау бойымен өту қауіпсіз және ыңғайлы болды. «Жастар» сарайы маңындағы субұрқақтар толық жөндеуден өтті. Әкімдік су басқан учаскелер мәселесін шешуді жалғастыруда. Олардың 19-ы ретке келтірілген, қалған 18-і бойынша жұмыстар келесі жылға жоспарланған, – деді аудан әкімі.
Ауданды дамытудың ажырамас бөлігі – жол инфрақұрылымының сапасы. Биыл осы ретте жалпы ұзындығы 8,2 шақырым болатын 12 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталған. Ауданның 8 көшесінде ұзындығы 9,4 шақырым болатын пандустары бар жаяу жүргіншілер тротуарларын абаттандыру жұмыстары бітті. Өткен кездесулерде «Өндіріс» тұрғын
алабының тұрғындары тротуарлар мен көшелердің жай-күйі бойынша бірнеше рет мәселе көтерген еді. Биыл қалалық Көлік басқармасымен бірлесіп Өндіріс, Жаңажол, Тайбурыл және Үшқоңыр көшелерінің бойында 9 шақырым болатын жаңа тротуар салыныпты. Қатты жабыны жоқ көшелер, барлығы 88 көше, яғни шамамен 25 км жол толығымен жол материалымен жабылған. Сонымен қатар ауданда «Таза Қазақстан» акциясы аясында көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда. Тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруда да бірқатар жұмыстар атқарылғанын әкім тілге тиек етті.
– Жұмыстың басым бағыттарының бірі – ауданды көгалдандыру. «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 1204 ағаш және 1099 бұта отырғызылды. Суару жүйесінің жаңа учаскелері құрылды, ал ағаштарды күтіп, кесу былтырғы жылдан 2,5 есе көп көлемде жүргізілді, – деді Т.Рахманберді.
Тұрғын үй қорының жайы
Есепті кездесуде тұрғын үй қорының жағдайы да айтылды. «Астана қаласының тұрғын үй қорын 2023-2029 жылдарға қайта жаңарту» бюджеттік жобасын іске асыру шеңберінде 104 апатты үй бұзылуы керек. Жыл соңына дейін 9 үйді сүру жоспарлануда. Келесі жылы 3 көппәтерлі үй сүріледі. Мемлекет мұқтажы үшін биыл 52 үй сүрілді. Ал 6 үйде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 2025 жылы жоспар бойынша 3 үй жөнделеді. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Кездесудегі аудан тұрғынының сөзіне қарағанда, Республика мен Бөгенбай батыр даңғылы қиылысында орналасқан «Фаворит» тұрғын үй кешені жанындағы С.Жүнісов көшесінде орналасқан 10 үйді сүруге қатысты мәселе әлі шешілмеген.
– Бұл мәселе бойынша кеше мен бірнеше компания өкілдерімен кездестім. Енді олар аталған кешен тұрғындарымен келіссөз жүргізуде. Сүрілетін үйлердің бағасы биыл қымбаттағаны белгілі. Дегенмен тиісті компаниялар сатып алу жұмыстарымен айналысуда. Енді бұл мәселе келесі жылы толығымен шешіледі, – деді Жеңіс Қасымбек жауапты компания өкіліне аталған мәселені тез арада шешуге тапсырма берді.
Сонымен қатар иттер питомнигін қала шетіне шығару мәселесі де сөз болды. Мамандардың айтуынша, питомникті ұстауға 76 млн теңге жұмсалған. Аталған питомникте бүгінде 3 мыңнан астам ит бар. Қаңғыбас иттердің қала тұрғындарына қауіп төндірмеуі үшін оларды аулап, питомниктерге апарады.
Спорт нысандары көбейеді
Кездесу барысында тұрғындар Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайының құрылысы қашан аяқталатынын сұрады.
– Бұл жоба 5 жыл бұрын басталды, сәтсіз модель таңдалды деп ойлаймын. Өткен жылы сот тәртібімен мемлекет пен жеке серіктес арасындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшартын бұзып, аталған объектіні қайтардық. Қазір бұл объектінің құрылысын келесі жылы аяқтайтын компания анықталып жатыр. Алдағы 1,5 жылдың жоба құрылысын аяқтау міндетін қойып отырмын, – деп жауап берді тұрғын сауалына Жеңіс Қасымбек кездесу барысында. Әкімнің айтуынша, заманауи спорт сарайында мұз айдыны, бассейн тағы сол сияқты спорттық секциялар болады. Алда елордада екі спорттық объект қайта салынып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар ол келер жылы көктемде Сарыарқа ауданында орналасқан футбол стадионының құрылысы қайта жандандырылатынын жеткізді. Кездесуде аудан тұрғындары жеке секторды газбен қамтамасыз ету мәселесін де көтеріп, газ жүргізу қажет телімдерді атады. Жеңіс Қасымбек бұл мәселе келесі жылы шешілетінін айтты.
– Байқоңыр ауданындағы тұрғын алаптарды газбен қамтамасыз ету жұмыстарын жылдамдатуға тырысып жатырмыз. Биыл елорданың өзге тұрғын алаптары, яғни «Үркер», «Тельман», «Ильинка» газбен қамтамасыз етілді. Келесі жылы «Шұбар» тұрғын алабы да қамтылады. Сонымен қатар алдағы жылы Байқоңыр ауданындағы басты тұрғын алаптарда жобалық құжаттама жұмысын аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді елорда әкімі.
Әкімге алғыс білдірді
«Астана» тұрғын үй кешенінде тұратын азамат алдымен тұрғын алапта жылу мәселесі шешілгенін айтып, қала әкіміне алғысын білдірді. «Бұған дейін мен сіздің кездесуде екі рет болдым. Рахмет, жақсы нәтиже бар. Сіздің ықпалыңыздың арқасында үш жыл бұрын жылу берілді. Қазір газ құбырлары орнатылған. Бірақ электр желісі әлі күнге дейін уақытша желімен тұр. Сонымен қатар «Астана су арнасы» былтырдан бері біздің үйді балансқа алмады. Құрылыс салушы да оған асығып жатқан жоқ. Қыста су құбыры мен кәріз желісінде мәселе туындаса, тұрғындар зардап шегейін деп тұр» деп елорда тұрғыны тілегін білдірді. Қала әкімі бұл мәселе жақын арада шешілетінін айтты. «Өзім бақылауға аламын және бір апта ішінде орынбасарларым сіздермен кездеседі» деді Жеңіс Қасымбек.
Жаңа бас жоспарға сәйкес 2035 жылға дейін Байқоңыр ауданының аумағында ірі қайта құру бағдарламасы іске асырылатын болады. Жыл басынан бері ауданда аптаның әр сәрсенбісі сайын «Кәсіпкерлер күні» өткізіледі. Бүгінге дейін 50-ден астам кәсіпкер түрлі проблемалық мәселелермен жүгінген. Олардың 35-і оң шешімін тапты. Кездесуде бизнес субъектілері өкілдерінің түрлі сұрақтары мен ұсыныстары көтерілді.
2025 жылға жоспар қандай?
Алдағы жылы 82 аула аумағын жөндеу көзделуде, осылайша ауданның барлық 249 ауласы толық абаттандырылып, жаңартылады. Аулалардағы қалған 18 учаскедегі су басу мәселелері шешіліп, серуендеуге және демалуға арналған 6 жаңа қоғамдық кеңістік құрылады. Абаттандырудың жалпы ауданы 4,5 гектарды құрайды, ұзындығы – 7,5 км. 220 контейнер алаңы жаңартылады. Жалпы ұзындығы 29 км суару жүйесінің 7 учаскесінде қондырғы орнату және 12 гектар ауданда жабынды төсеу көзделуде.
– 1500 ағаш, 31 мың бұта және 6000 км2-ден астам гүл бақшасын отырғызамыз. Санитарлық қамтамасыз ету жағын жақсарту мақсатында мердігерлік ұйымдардың техникасын 20%-ға жаңарту жоспарлануда. 2025 жылға арналған жоспарда орташа жөндеуді 3 есеге ұлғайтуды ойластырып отырмыз, яғни жалпы ұзындығы 26 км болатын 18 көшені қамтимыз. 6 учаскеде жаңа бағдаршам нысандары пайда болады. Тағы 13 жылы аялдама орнатамыз, – деді аудан әкімі.
Цифрландыруды басқару желісі бойынша ауданның 78 нүктесінде 400 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр. ЭЧ-8 мекемесі желілерінде электрмен жабдықтауды жақсарту шеңберінде күрделі жөндеу жүргізіледі. «Өндіріс» тұрғын алабының барлық электр желілерінің 40%-ы жөндеумен қамтылады. Қаржыландыру бөлінген кезде «Өндіріс», «Кирпичный» және «Қазқалашық» тұрғын алаптарында алаңішілік газ желілерінің құрылысы басталады. Балалар үшін «Егемен Қазақстан» көшесінде 2000 орындық жаңа жайлы мектеп салынады, бұл көршілес №87 және №16 мектептерге түскен жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
4,5 сағатқа созылған кездесуде аудан халқы көптеген өзекті мәселелерін сұрақ етіп қойды. Соның ішінде тұрғын үйлерді жөндеу, құрылыс компанияларының проблемалық нысандары, заңсыз құрылыстардың артуы, газдандыру, жол және денсаулық нысандарын салу, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар жайы, экологиялық өтемақы төлеу, ақылы автотұрақтардың көбеюі, қатты жел кезінде биік үйлердің үстінен заттардың құлауы, көшелерді жарықтандыру және өзге де жекелеген тақырыптар бойынша мәселелер көтеріліп, оған әкімдер мен басқарма басшылары тиісті жауаптарын берді. Жалпы халықтың мұндай есеп беру жиындарының ашық және жиі өткеніне көңілі толатыны, дегенмен кейбір түйінді мәселелердің шешімі созылып кететініне реніш білдіретіні байқалды.
Райхан Рахметова