Басты ақпаратҚала мен Сала

Байқоңырдың белесі

Астананың оң жағалауында орналасқан Байқоңыр ауданының құрылғанына биыл 5 жыл толды. Бүгінде бойын тіктеп, елордамен бірге есейіп келе жатқан аймақта тұрғындар саны да күн санап өсіп келеді. Қазіргі таңда олардың қатары 241 мыңға жуықтады. Ауданның жалпы аумағы 18 мың гектардан асады. Осы туралы баяндай келе, Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді қалалық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында соңғы 11 айда атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жылдың жоспарларымен бөлісті.

Аудан басшысының айтуынша, жыл басынан бері тұрғындардан 20 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бұл, негізінен, жеке қабылдауларда, тұрақты және көшпелі кездесулер барысында, ресми интернет-ресурстарында, «IKomek» қалалық мониторинг және жедел сұрақ қою орталығына келіп түскен өтініштер.

– Тұрғындардан келіп түскен өтініштерге қарағанда оларды көбіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, аулаларды абаттандыру, қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысы, тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатыр­лары, Әлеуметтік және басқа да мәселелер толғандыратыны анықталды. Жалпы, келіп түскен барлық өтініштер бойынша уақтылы шаралар қабылданып, түсініктемелер берілді, – деді Талғат Рахманберді.

Қоғамдық кеңістіктер көбейіп келеді

Аудан аумағында тұрғындардың бос уақытын қолайлы өткізуіне барынша жағдай жасалуда. Жыл сайын жаңа қоғамдық кеңістіктер мен орындар мен аула аумақтары жабдықталады.

– Биыл 11 қоғамдық кеңістік абаттандырылды, 25 аулада кешенді абаттандыру жүргізілді, 42 аулада ойын және спорт аймақтары жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 20 аула абаттандырылды. Жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижесі бойынша абаттандырылған аулалар санын 205-ке дейін ұлғайтуға қол жеткізілді, бұл ауданның барлық аула аумағының 84%-ын құрады, – деді аудан әкімі.

Алдағы 2024 жылғы тиісті қаржыландыру бөлінген жағдайда, Байқоңыр ауданында 20 қоғамдық кеңістік ашу, сондай-ақ 90 аулада абаттандыру жүргізу жоспарланып отыр.

Аудан тұрғындарының өтініші бойынша 20 жаңа контейнерлік алаң орнатылып, 200 жұмыс істеп тұрған контейнерлік алаңға жөндеу жүргізілді, 50 күл контейнері дайындалды. 2024 жылы қолданыстағы 300 алаңды жөндеу және кеңейту, сондай-ақ және 100 күл контейнерін дайындау жоспарланып отыр.

Айналаны көгалдандыру – кешенді іс

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Байқоңыр ауданының әкімдігі мегаполисті көгалдандыруға және көк желекті қалаға айналдыруға көп көңіл бөледі. Аудан әкімінің айтуынша, бұл ретте биыл үлкен жұмыс атқарылды.

Ауданның көгалдандыруына жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдар, ШОБ, коммуналдық кәсіпорындар, ПИК және белсенді тұрғындар қатысады.

– Биыл аудан аумағында 3 мыңнан астам ағаш отырғызылды, 22 мың шаршы метр гүлзарлар жасалынды, 14 мың сызықтық метр бойымен көгалды қоршаулар, 25 мыңға жуық сәндік гүлді бұталар отырғызылды. Бүгінгі таңда осы жасыл желектерді күту үшін ауданда жергілікті суару жүйесін орнатуға басымдық беріледі. 2023 жылы жергілікті суару жүйесі 5 орынға орналастырылды, – деді Талғат Рахманберді.

Сала мамандарының айтуы бойынша, ағашты күтіп-баптауға барынша назар аудару керек. Алдағы уақытта аудан басшысы осы мәселеге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

2024 жылы ауданда 6 мыңнан астам ағаш, 20 мың бұта отыр­ғызу, 15 мың сызықтық метр бойымен көгалды қоршаулар салу жоспарланып отыр.

Жарықтандыру жұмысы жалғасады

Аудан бойынша күнделікті көлік және жаяу жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көшелер мен аула аумақтар жарықтандырылып жатыр. Аудан әкімінің сөзінше, биыл жарықтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде 205 жарықтандыру бағанасы орнатылған.

Ескірген жарық шамдары айырбасталып, заманауи диодты шамдар орнатылса, электр энергиясын тиімді пайдалану және үнемдеу үшін энергия үнемдейтін жарықдиодты шамдар орнатылуда.

– Биыл ауданды жарықтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде 205 жарықтандыру бағанасы орнатылды. Ұзындығы 4,5 шақырым құрайтын 10 кВ кабель ауыс­тырылды. «Құтқарушылар», «Гребной канал», «Ұстаздар», «Жер-Ана» атты скверлеріндегі кабельдер ауыстырылды. 2024 жылға арналған жоспарда 20 жаңа қоғамдық кеңістікте және 90 аулада жарықтандыру аспаптарын орнату, тозған инженерлік желілерді ауыстыру жоспарлануда, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ тұрғын үйлерді сәндік жарықтандыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде.

– Ағымдағы жылы аудандағы тұрғын үйлерді сәнді жарықтандыру бойынша ауқымды жұмыс­тар жүргізілді. Осы күнге дейін 14 үй бойынша жұмыстар жүзеге асырылды, жыл соңына дейін тағы да 1 үйді жарықтандыру жоспарлануда. 2024 жылы 30 үйде сәндік жарықтандыру жүргізіледі.  Сонымен қатар қысқы демалысты құру мақсатында 11 нүктеде сәндеу жұмыстары жүргізілді. Онда 10 шырша, 5 мұз айдыны, 24 шағын архитектуралық формалар орнатылды, – деді аудан әкімі.

Жол инфрақұрылымы туралы айта келе, Талғат Рахманберді Байқоңыр ауданында жалпы ұзындығы 338, 7 шақырым болатын 310 көше орналасқанын, 2023 жылы Астана қаласы Көлік және көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасымен бірлесіп жалпы ұзындығы 15,3 шақырымды құрайтын 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. 8 көшеде тротуар салынды, оның жалпы ұзындығы 3,6 шақырым, фризерлік материалмен 65 жол учаскесі жөнделді.

2024 жылы аудан аумағындағы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын 11 көшені, атап айтсақ, Тәшенов, Рахимов, Жангелдин, Ғұмар Қараш, Кенесары, Брусиловский, Ақ бидай, Игілік, Арқарлы және Алаш тас жолы көшелерін жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар аудан әкімдігінің жұмысындағы маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі  – аялдама кешендері. Ауданда жалпы саны 232 аялдама кешені бар. Олардың 149-ы ашық үлгідегі болса, жылы аялдамалардың саны – 38. Алдағы жылы 31 аялдама кешенін қою көзделуде.

Әлеуметтік мәселелер –­ басты назарда       

Байқоңыр ауданында бүгінде 22 мыңнан астам зейнеткер, 573 тыл еңбеккері, 5591 мүмкіндігі шектеулі адам, 3963 көпбалалы отбасы, 1107 көпбалалы ана, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған, 421 әлеуметтік аз қамтылған отбасы тұрады.

Жасы үлкен кісілердің бос уақытын пайдалы өткізуі үшін ауданда 3 шағын орталық орналасқан.

– Аудан тұрғындарын әлеу­меттік қамтамасыз етуде, бұрынғыдай жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр, өткізілетін акциялар аясында ауданның көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларынан 5500-ден астам бала түрлі іс-шаралар мен акцияларға қатысты, онда оларға жаңа оқу жылына дайындалуға көмек көрсетілді және жаңа жылдық сыйлықтар таратылды, олар мерзімді бұқаралық-спорттық іс-шараларға қатысуға тартылды, сондай-ақ аула мерекелері өткізілді, – деді әкім.

Биыл ауданда тұратын 421 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Міндетті мемлекеттік әлеуметтік төлемдерден басқа, 1500-ге жуық әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасыларға азық-түлік жиынтығы, балаларға арналған киім, көмір, уақытша баспана беру, балаларды балабақшаларға тегін орналастыру, медициналық мекемелерде тексеруден және емдеуден өту және т.б. түрінде көмек көрсетілді.

– Тәуелсіздік күніне орай Астанада Ардагерлер кеңесінің үшінші орталығы ашылды. Осы уақытқа дейін А.Брусиловский көшесінде «Айдар» орталығы ашылды. Онда 80-нен аса ардагерлер бар. Екінші орталық, яғни «Парасат» орталығы А.Жұбанов көшесінде ашылған. Орталықта 50-ге жуық ардагер келіп, бос уақыттарын өткізеді. Ауданның белсенді еңбек ардагерлерінің бос уақытын тиімді өткізуге арналған осындай басқосу орындарының болуы аса маңыз­ды, – деді аудан басшысы.

Оның  мәлімдеуінше, өскелең ұрпақ та назардан тыс қалмайды. Бүгінгі таңда аудан аумағында 8 аула клубы жұмыс істейді. Онда спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелер ұйымдастырылады.

Ағымдағы жылы аудан ­аумағында жалпы 10 мыңнан астам адамды қамтитын 120-дан астам мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілді. Аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жоспарлы жұмыс жалғасуда.

Брифинг барысында әкім су тасқынына қарсы іс-шаралар жайында да  айтты.

– Биыл жалпы ұзындығы 2600 сызықтық метр арық-науа желісін орнату бойынша жұмыстар аяқталды және Чехоев пен Ырыс көшелерінің қиылысында 2 дана жаңбыр қабылдайтын құдықтар орнатылды. 2024 жылы ұзындығы 2700 сызықтық метр 9 көшеде желілерді жабдықтау жоспарда бар, – деді әкім.

Баспасөз мәслихаты барысында Талғат Рахманберді аудан тұрғындарының әлеуметтік желі арқылы қойған сауалдарына жауап берді. Мәселен, аудан тұрғыны Кабира Парманова Тараз көшесінде орналасқан «Тұлпар» саудан үйінің артында тұратынын айта келе, «осы аймаққа цивилизация келе ме? Астананың қақ ортасында тұрып түтінге, қоқыстың қолаңсы иісіне тұншығып біттік» деді. Аудан әкімі бұл аумақта алдағы уақытта сүру жұмыстарының жүргізілетінін тұрғындар жақсы білетінін, осыған орай қазіргі кезде аудан қызметкерлері инвесторларды тарту жоспарланып, олар жақын арада шешім қабылдайтынын, негізі ол жерге заманауи еңселі биік үйлер салынатынын жеткізді.

– Түтінге келетін болсақ, өздеріңіз білесіздер, ол жерде газ тартылмаған. Кәріз жүйелері де кейбір көшелерде бар, кейбір көшелерде жоқ. Бірақ қаланың бас жоспарына сәйкес, бұл жерлерде қазіргі тұрған жер үйлердің орнында биік үйлер орналасуы керек. Бүгінгі таңда осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Ауданымызда 6 300-ге тарта осындай үйлер бар. Осы аймақ бойынша мына жағы Республика даңғылы мен Сейфуллин, Бөгенбай көшелерінен бастап Күлтөбе көшесіне дейін аймақ 240 гектарды құрайды. Бұл жерде 670 үй бар. Ол үйлерге қатысты кешенді жоспар дайындалуда, жақында оны таныстыратын боламыз. Қазіргі кезде инвесторлармен тығыз жұмыс істелуде, – деді аудан әкімі.

Көпбалалы ана Гүлжан Қара­тілековаға демеушілердің араласуымен тиісті көмек көрсетілгенін, мәселе бақылауда екенін айтты. Аудан тұрғыны Алмагүл Төлеубаева Сырдария, Сейфуллин және Биші қайың көшелерінде 110 мың вольтты сымдар үйлердің үстінен өтетінін, бірнеше жыл бойы бұл қала тұрғындарына зардабын тигізіп жатқанын, осы мәселенің қашан шешілетінін сұрады.

– Бұл мәселе біздің ауданның күн тәртібіндегі өзекті проблемалардың қатарында тұр. Бүгінгі таңда Күлтегін, Биші қайың, Сырдария көшелерінің жартысы сүрілді. Осы мәселемен аудан әкімдігі емес, қалалық Тұрғын үй басқармасы айналысады. Басқарманың ақпаратына сүйенсек, тиісті қаражат бөлінді, сүру жұмыстары келесі жылы да жалғасатын болады. Сондай-ақ 110 вольттық кабельдерді Сырдария көшесінен алып, Ақан Сері көшесіне жер астымен жүргізу жобасы дайындалуда. Сәл шыдау керек, алдағы уақытта бұл мәселе шешіледі, – деді Талғат Рахманберді.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button