Sport

Байрақты бәсеке басталды

Ертең XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін 4-5 ақпан күндері Бейжің қаласына жұмыс сапарымен барады. Сапар барысында Қазақстан Президенті мен Қытай Төрағасы екіжақты келіссөз жүргізеді деп жоспарланған.

[smartslider3 slider=1985]

Спорттың 15 түрінен 109 медаль жиынтығы сарапқа салынатын бұл жолғы халықаралық додада Қазақстан құрамасынан спорттың 8 түрінен 34 спортшы бақ сынайды. Олар: шаңғы жарысы, фристайл, акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы. Жарыстың жалпы барысын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Ашылу салтанаты Нұр-Сұлтан уақытымен 4 ақпан күні 17:55-те басталады.

Кеше Бейжіңде Олим­пиада алауының эстафетасы басталды. Салтанатты рәсім Бейжіңнің солтүстігіндегі Олимпиадалық саябақтан шеру тартты. Алау эстафетасын ресми түрде Қытай мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Хань Чжэн ашты. Алауды алып жүруге 14 пен 86 жас аралығындағы жалпы есебі 1200 алау ұстау­шы қатысты. Сондай-ақ тарихта алғаш рет алауды адамдар ғана емес, машиналар да алып жүрді. Ғаламдық пандемияға байланысты эстафетаның бағыты мен ұзақтығы біршама қысқарды. COVID-19-дың алдын алу мақсатында эстафетаға көрермендер қатыспайды. Одан бөлек, алауды адамдар тұратын көшелер мен аудандардан алыс жерлерде алып жүру көзделген.

2 ақпан күні Бейжіңде ақ Олимпиада­ның алғашқы іріктеу сындары да басталып кетті. Яғни сәрсенбі күні керлинг, шайбалы ­хоккей, фрис­тайл сияқты спорт түрінен алғашқы іріктеу жарыстары басталды. Ал бүгін қазақстандық фристайлшылар жарыс алаңына шығады.

Байрақты бәсекеде жүлделі орын алған қазақстандық олимпиадашылар мен паралимпиадашылар (1-6 орын) ақшалай сыйақы алады. Заңда қарастырылғандай, жеңіп алған медальдарға қарай пәтер де бөлінеді. Бірінші орын үшін 250 мың доллар, одан кейін 150 мың және 75 мың доллар сыйақы белгіленген.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button