Мәдениет

БӘЙТЕРЕКОВ БЕНЕФИСІ БОЛҒАНДАЙ

Кейбір зерттеушілер өткен ғасырдың 60-70 жылдарын қазақ руханиятының алтын кезеңіне балайды. Шынымен де, басқасын айтпағанда, сол жылдары сөз бен саз өнерінде небір таланттардың есімдері жарқ етіп, ұлттық әдебиет пен өнердің өрісі кеңейді. Аталмыш кезеңде Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Илья Жақанов, Әсет Бейсеуов сынды аса көрнекті композиторлардың шығармашылығы кемеліне келіп, олардың ізін ала Ескендір Хасанғалиев, Сейдолла Бәйтереков, Кеңес Дүйсекеев сияқты ұлтымыздың дарынды ұлдары музыка өнерінің аренасына қанат қақты. Міне, аттары аталған тұлғалардың барлығы да қазақ эстрадасының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып, ұлттық мәдениетімізді байытты.

ERM_1144

Бас шаһарда Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елорда күні мерекесіне орай майталман композиторлардың есімдерін ескеріп, шығармашылығына арнап концерт өткізу жақсы дәстүрге айналды. Сол жолмен кеше Конгресс-холда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Сейдолла Бәйтерековтің  өрелі өнерінен хабар беретін «Жан досым» концерті ұйымдастырылды.

Бұл дүниемен қош айтысқан белгілі бір өнер иесінің керек кезде аты аталмай, шығармашылығы насихатталмай жатқанда, «Өзі жоқ та, көзі жоқ» деп күйінетініміз бар. Шыны керек, насихаты кемшін соғып тұрған композиторлардың бірі Сейдолла Бәйтереков болып тұр. Композитордың өзі көзі тірісінде қарапайым қалпын сақтап, журналистермен кездесіп, сұхбат беруге сонша құлықты болмаған. Есесіне тынбай шығармашылықпен айналысып, артына қаншама ғажап әндерді қалдырды. Халықтың аузында жүрген бұл әндерді қазір жаңа заман әншілері де репертуарына қосқан. Мұны Астанада өткен кешке қатысқан әншілердің құрамынан-ақ байқауға болады.

ERM_1180

Кеш жүргізушілерінің бірі белгілі әртіс Ғани Құлжанов айтқандай, аталмыш концертте халық Сейдолла Бәйтерековтің тұлғалық қасиеті мен шығармашылығын тани түсті. Композитордың өмірі мен өнерінен аздап хабары бар жұрттың таным көкжиегі кеңейді. Концерт тізгінін ұстаған танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт те кезінде қызмет бабымен композитормен кездескен күндерін санасында жаңғыртты. Сол естеліктері арқылы дарындымын деп өңмеңдемейтін, өмірден ақырын жүріп, анық басып өткен шығармашылық иесінің болмысын ашқандай болды.

Бұған концерттің бас жағында композитордың «Дос туралы жыр» әнін орындаған «Жетіген» ансамблінің мүшесі Сағынай Абдуллиннің сөзі де мысал бола алады. «Шығармашылығымыздың бір кезеңінде, дәлірек айтсам, өткен ғасырдың 80-ші жылдары Сейдолла Бәйтереков біздің музыкалық жетекшіміз болды. Сонда «мынандай ән шығардым» деп мақтанбайтын да. Бір бұрышта ақырын ыңылдап отыратын. Сол әннің хитке айналып жатқанын кейіннен біліп жататынбыз» деді әнші.

«Дос туралы жыр» әнінің сөзін аса көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиев жазғанын айта кетейік. Сондай-ақ, композитор Тұмағаның үзеңгілесі Қадыр Мырза-Әлінің өлеңдеріне де ән жазған. Сейдолла Бәйтерековпен шығармашылық тандем құрған ақындардың арасында Шөмішбай Сариев пен Серік Тұрғынбекұлының есімдері де аталады.

Жалпы, композитордың көп әндері ақындардың жыр жинақтарын оқып отырғанда жазылған сияқты. Бұл тұрғыдан алғанда, ақын өлеңдері композиторға шабыт берген. «Дос туралы жыр» және атақты «Әлия» шығармаларының да жазылу тарихы соны айтады. Қазіргі композиторларға аға буынның осы жақсы қасиеті жетіспей жатады. Олар, негізінен, ақындарға тапсырыс беріп, туындыларын дүниеге әкеледі. Кітаптардағы әнге сұранып тұрған өлеңдерге назар аудару – жоқтың қасы. Ал Сейдолла Бәйтереков кітап оқыған композитор. «Әлия» әні – соның жемісі. Мұндағы ақын Бәкір Тәжібаевтың өлеңінің құдіреті композитор мен Роза Рымбаева сынды дарынды әншінің де бағын жандырды.

ERM_1188

Сейдолла Бәйтерековтің әндері тек Розаға ғана емес, Бағдат Сәмединова, Нұрлан Өнербаев, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева сияқты қазіргі белгілі әншілердің ән көгіне самғауына жол ашты. Конгресс-холда өткен концертте де Н. Өнербаевтан басқа аттары аталған әншілер композитордың «Не ойладың?», «Жусан иісі», «Сарыарқа», «Есімде» сияқты өлмес туындыларына салды. Композитордың жары Ләззат Аханова – Бәйтерекова кейінгі аталған ән композитордың соңғы әні екенін айтты.

Концертке Сейдолла Бәйтерековтің өмірлік қосағымен бірге әке жолын қуған ұлы Санжар да қатысты. Оның әке рухына арналған «Сен тұрғанда» әнін жас композитордың анасы орындады.

Сейдолла Бәйтереков балаларға арнап ән жазғанын да біреу білер, біреу білмес. Кеште «Айдана» әнін Жұлдыздар академиясының вокалдық тобы айтса, осы топпен бірге «Жалқаубек» шығармасын Адель Агеева мен Аружан Оспанова орындады.

«Егер жер бетіне сызат түссе, ол алдымен ақынның жүрегінен өтеді» деген сөз бар. Осы сөзді біздіңше, барлық шығармашылық иесіне қатысты айтуға болады. Композитордың «Аралдан ұшқан аққулар» әні – сондай туынды. Кеңес Дүйсекеев бастаған Арал сапарында теңіздің аянышты жайын көрген Сейдолла Бәйтерековтің бұл шығармасы – Арал қасіретіне деген қарсылығы, композитордың жанайқайы. Аталмыш әнді «Vidmen» тобы жаңғыртты.

ERM_1230

Жас әншілер демекші, Еркеш Хасенов пен Назым Әбілдинадан тұратын «Лүпіл» дуэті мен «Айналайын» балалар хоры «Күнге табыну» әнін әдемі орындап шықты.

Композитордың жүрек қылын шертер «Бір болайық», «Теңіз жастық», «Ақ тілек» туындылары да шырқалды. Алғашқы әнді Сүндет Байғожин мен Маржан Арапбаева, екіншісін Әйгерім Қалаубаева, ал соңғысын Әли Оқапов айтты.

Сейдолла Бәйтереков үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсете білген адам. Көзі тірісінде жыл сайын Ұлы Отан соғысы ардагері, көршісі Василий Ивановичті Жеңіс күні мерекесінде құттықтап шығады екен. Композитордың өзі де 1945 жылдың жеңісті күндері дүниеге келген. Соның жемісі ретінде «Жасаңдар, ағалар» әнің дүниеге әкелді. Бұл туындыны Бағдат Сәмединова айтып шықты.

Концертке жиналған көпшілік, әрине, атақты әнші Роза Рымбаеваны күтті. Бір кешінде: «Алтын Орфей» байқауында «Әлия» әнін орындағанда сахнаға қызыл көйлеп киіп шығып едім, бұл көйлек маған жеңіс әкелді» деген әнші бұл жолы да әдетінен жаңылмай, қызыл түсті көйлекпен шықты. «Әлиясын» орындап, өнер сүйер қауымды қайта тамсантты. Өзінің репертуарындағы кеш иесінің әйгілі «Жаңбырлы түн» және жас әнші Серік Ибрагимовпен бірге «Түркістан» әндерін жаңғыртты.

«Түркістан» әнін Сейдолла Бәйтереков Түркістан қаласының 1500 жылдығына арнап жазды. Алайда оған жете алмай, екі жыл бұрын дүниеден озып кетті. Маған: «Роза, осы әнді той кезінде жастармен бірігіп айт» деп өсиет айтып кеткен еді. Сол өсиетін осы концертте де орындап отырмын» деді Роза Рымбаева.

«Түркістан» әнінің мәтіні белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлының қаламынан туғанын айта кетейік. «Сейдолламен өмірінің соңғы он жылында ғана бірге жұмыс істедік. Онымен бірге «Түркістан», Абайдың 150 жылдығына арнап «Абай елі», «Көріп қалдым көшеден» сияқты 3-4 ән ғана жазып үлгердік. Сейдоллаға ән жазу оңай еді. Себебі ол ұлттық колориті мол композитор болатын. Өкінішке қарай, ол дүниеден өтіп, екеуміз көп ән жаза алмай қалдық» дейді ақын.

Ал концерт барлық қатысқан әншілер орындаған «Қазақстан» әнімен түйінделді. Бұдан соң композитордың жары Ләззат Аханова – Бәйтерекова Сейдолла Бәйтерековтің есімін ескеріп, шығармашылығына арнап концертті ұйымдастырғаны үшін Астана қаласы әкімдігіне алғысын жеткізді.

P.S. Бәйтерековтің сүйенетін бай тірегі – музыка, ән болатын. Осы өнерден ол бақытын тапты. Өнері оған сүйген жарын жолықтырды. Қазір ұлы әке жолын жалғап отыр. Шын өнерпаздың аты өшпейді екен. Оған «Бәйтереков бенефисі болғандай» осы концерт дәлел бола алады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button