Байтұрсын бай тұрды
Алматыдағы бес жыл журналистік оқудан бойдақ оралғалы тұрған Байтұрсынға қызметтік таңдау алдынан жамырап қоя бергенін қайтерсің. Өзі аң-таң. Нендей қадірі асыпты? Аңдығаны – кітапханалардың ашылуы еді. Бір жолы, жабылар тұсында бәкене бойлы ол көзге түсіңкіремей, оқу залында түнеп қала жаздаған. Әбіш, Рымғали, Қоғабайлар да кітап «кеміргіштердің» сойынан еді, оның мына жанкештілігіне қайран қалысатын.
«Бес курс түгесілгенше, бір қыздың белінен ұстап, бетіне күлімдей қарап, би билемеген, жазғаным-ай!»- деп Рымғали досы айтпақшы, бикеш атаулыдан неге сонша бет-моншағы үзілгеніне санасы жетпепті. Қызға нақа қарымсыз де емес-ті. Торғай мектебінде оқыған он жылда өзге пысықайлар атынан қыздарына үзілдіріп, үздіктіріп өлеңмен хат жазып беретін. Сөйте-сөйте өзі де бір қолаң шаштыға қалай жыр арнап, суретін сөмкесінен тастамайтын күйге жеткенін сезбей қалған. Аттестат алған кеште ғана саусағының шүлдір шүмегінен сәл қысыңқырап, ұяттан сазарып кеткен сабазың. Сол құралайдың жалт еткен жанарының ұшқыны студенттік шақта да жанына тыныштық бермей, елегзіте еліктіріп, жүзін қараған айнасынан өзімен қосарлана шығып «ұмытпашы» деп жалбырынып тұрып алатын болды. Әтірін жағынып, дос жігіттерімен әлде бір селтеңбай жүріске қамданғанымен, айнаға үңілген сәтте-ақ сол жәудіреген бейне үзіліп түсердей боп: «бармашы, бармашы»,– деп сыбырлап, жалынатын. Елес-дауыстың әміріне лезде көнгенін өзі сезбей қалады. Жолдастарынан сытылып, бөлмеде қалғанын, көзінің жасын көлдетіп, түс көріп жатқанын кейін бағамдайды. Осылайша алдарқанып, бес жылдың мойнына су құйылыпты. Бойдақтық қолмен диплом ұстады.
Әлгіндей қызметтік көп таңдаудың бір соқпағы жас маманды Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне алып келді. Ысылу, қалыптасу, тамырлану кезеңдерін сәтті өткерді. Жалындап жазғандары жалықтырмай оқылады. Талант тас жармай қоя ма? Алматыдағы «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас Алаш» газеті) басшылығы оны 1966 жылы Қостанай облысына өзінің тілшісі етіп жіберді. Қуанып кетті. Жүрегі лүп-лүп етті. Қостанайдан әрмен оңтүстік бойлықта, 500 шақырымдай жерде өзінің кіндік қаны тамған кәрі Торғайы қол бұлғар еді. Туған өлкесін аралап, мақала жазған журналисте не арман болушы еді. Сондай сабырлы сезімге булыққан жыршыл жүрегі былайша тулап қоя берген-тін: «Қадіріңе жетпедім бе, жеттім бе, Сені ұмытып, қайырылмастан кеттім бе? Шіренгенде өзің тұрдың арқада, Тіренгенде таянышым еттім де», – деп Торғай жаққа кеудесін керіп, саф ауасын қомағайлана жұтқысы келіп, тыпыршып кетеді. Баяғы мөлдір жанар ту-у алыстан қиыла қадалып, жанын егілте түскенде өзін қайда қоярын білмей, дегбірсізденеді. Тыншу тетігі өлең екен. «Бала күнде бір қызды сүйдім қатты, Сүйгендіктің белгісі мұң боп батты…»– деп ернін әнтек дірілдетіп, қой көзінен шерін боталатып, жамалы мұнартып жасаурап, қалам ұшынан төгілген құса жырды лақылдатып, төгіп-төгіп тастайды. Сонда ғана жаны жай тауып, тықыршығаны тиылады. Сабасына түседі.
Жас тілшіге сырт көз қызыққыш, таңырқағыш келеді екен. Оның жыбыр-жыбыр жүрісінің өзіне құмартып қарайды. Бір досының Байтұрсынның бет-әлпетін Шолоховқа теліп қоюының да қисыны бар секілді. Селдір шаш, жазық маңдай, қою қас, тұнжыр қабақ, сәл-пәл құс тұмсық, оған қоса күлімсіреп ыржиғандағы әнтек ашылған ернінен маржандай боп жарқ ететін тістері әлгі ғұлама жазушыны еске түсіре қоятыны бар. Бойы да бәкене, шымыр асықтай үйіріле қалады.
Ал ерегісе қалса, оны оңайлықпен жібіту зордың зоры. Облыстық бір алқалы жиында ана тілінің тағдыры талқыға түсті. Партияның қаһарлы кезі-тін. Идеолог-хатшы көпе-көрінеу өгейсітіліп жүрген тілді жұмаққа кіргізіп-ақ қойғаны.
Манадан бері танауы пысылдап, көзі ойнақшып, өз-өзінен түшкіріп, мазасы кете бастаған Байтұрсын орнынан тұрып, хатшыға қазақша шүйлікті:
– Ана тілінің болашағымен бұлай ойнауға болмайды! – деді дүр сілкініп.
Зал іші жай түскендей, зілмауырланып кетті. Әне, найзағай шарт етті:
–Сіз кімсіз? Қызмет орныңыз?
- «Лениншіл жастың» тілшісімін!
- Қазірден бастап қызметіңізбен қоштаса беріңіз!- деді хатшы ханым оқтау жұтқандай ызбарланып.
Байтұрсын бөгелмеді. Залдағы орыстардың, ана тілінен жұрдай қазақтардың бөтегесін жарғандай етіп, айтар ойын жаңғақша шақты. Қазақша көсіліп тұр. Идеолог- хатшының ана тіліне құрметін бір ауыз қазақша қайырмағанынан сеземіз-ау дегендей, өткір қыжылын аңғартқанда, бишікеш жетесіне бұл сөз енді жеткендей, тер қысып, бусанып, доланды дейсің…
Тіл үшін күрескеннің жағы сынбайды екен. Байтұрсын бедел жинады. Ана тілі ептеп болса да қызметтік іске кіріге бастады. Есесіне, анау хатшы әйелді тілдің киесі ұрды. Қызметі оңбай, лауазымынан омақаса құлады. Тілшіні қызметтен кетірем деп өңмеңдеп жүріп, өзі қазған орға өзі құлап тынды.
Осы, қыздар да қызық! Жазуға дендеп отыра бергенін аңдып тұрғандай-ақ, қоңырау шалады. Танысқысы келеді. Екі бөлмелі сыңғырлаған пәтер алғанынан да хабардар-ау, сірә… Өткен жолғы Ғафу Қайырбековпен болған кездесуден соң қоңырау тіпті өршіп кетті. Сөздері тәтті. «Тілдері одан әрмен шығар»,– деп Байтұрсын түкірігін жұтынып қояды. Таңсық көңілдерін қалай үнемі шегере берерсің. Бір, екі бойжеткен келіп кеткен. Дағарадай қос бөлмеге сояу кірпіктерін қақпай ұзақ қарады да зытып отырды. Бәлі, мұнысы несі? «Әлде осылар мені шіріген байға балап келіп жүр ме екен?»– деген ой сумаң ете қалсын. Күлкі қысты. Бәрі Ғафаңның бір ауыз сөзінен тарқатылып жатқандай екен. Сол кездесуде ауыздығымен алысып, ағындап тұрып: «Мына Байтұрсын өзінің атына сай бай тұрады. Әй, шыққыр көздерің шықпағыр, қыздар-ау, қайда қарап жүрсіңдер? Бай жігітті бойдақтықтан құтқарсаңдаршы!»– деп атойлап жіберген. Сол-ақ екен «құтқарушылар» қаптады кеп. Еденге газет төсеп жата кететін жігіттің бір шәйнегі, бір-екі кесесі, және сонша рөмкесі бар екенін көргендер көздері басырланып, бақжаң ететін. Тек, тұрақтап қалған біреуі ғана болды. Есімі – Гүлнәр! Оны өзі қолқалап ертіп әкелген-тін.
– Міне, біз бай тұрамыз!– деді есіктен Гүлнәрді қақпақылдап, демеп кіргізген Байтұрсын.
–Өте бай екенсіз!– деді қыз жымиып.
–Алла маған «бай тұрсын!» деп болашақтан үмітті етіп айтқан ғой! – Байтұрсын ақталып жатыр.
– Түсінем, сенем, үміттенем! – деді қыз одан әрмен жайдарыланып.
Сол-ақ екен, Байтұрсын кермелей берген қос қолын босағадан босатып, түсіріп жіберді… «Мен де саған сенем!»– деп үздіккісі кеп кетті.
Осы Гүлнәрмен отыз бес жыл отасты. Саттар мен Мұхтардан немерелер сүйді. Реті кеп тұрса да үйді де көп өзгертпеді. Міне, мынау төрт бөлмелі пәтер. Бәлкім, шуақты шаңырағының өзіне тиеслі соңғы бекеті де осы шығар?
Ол отбасын қызғыштай қорып, өмірге құмартып жүретін. Іссапарға аттанарда Гүлнәрін іштей аймалап, былай шыға бере сағыныштан жазбақ болған мақаласының желісін естен шығарып алатынына үйрейленетін… Ал ерінің өзін қалай жақсы көретінін кейде түсінбей дал болатын Гүлнәр әрегідік пұшайман хал кешетін. «Өзі, мені сүйе ме екен?»– деп дүдәмалдықпен ой кешкенде, жүрегі аузына тығылады. Бір жолы: «Сүйсең мені, үйде тіске басар қызыл жоқ, арзан бағасына ала келсең не етеді?»– деп іссапарға оның үнсіз уәдесін алғандай боп шығарып салғаны есінде. Бәкесі басын сипап құры қол оралып тұр. Парторгтың 5 келі сан етті көлігінің жүк бөлігіне салып жатқанын сезіп қалып, алдыртып тастапты… «Мені сүймейтініңе көзім енді әбден жетті»– деп Гүлнәр бір жағы наздана, бір жағы іші удай ашып жымиыпты да қойыпты.
Сықиған «СҚ»-ға («Социалистік Қазақстан» газеті) 1972 жылы Қостанай облысы бойынша меншікті тілші болып қабылданғанда, Байтұрсын отыз үш жаста еді. Оның мінезі, болмыс-бітімі «СҚ» үшін жаратылғандай көрінетін. Біртоға. Ішінде не өліп жатқанын білу қиын. Жақсы мақала жазып, шыққанын көргенде ғана, біреулер разылық таныта қалса, сәл кеңкілдеп күліп алады. Болды. Арғысы – тұңғиық! Сырлы әлем, жұмбақ әлем…
Тәуелсіздіктің нұр-шуағымен «СҚ»-ның тоңы жібіп «Егемен» («Егемен Қазақстан» газеті) аталып, елдік мүдде алғы кезекке батыл қойылған тұста Байтұрсын Ілияс нағыз шабытты шағына енген еді. Бұрынғы амалсыз бұйығылық буырқанған күйге ұласты. Жүрегін тырналаған жер, тіл, діл, рух, ұлттық намыс мәселелері қаламына кедергісіз ілініп, күрмеуі шешімін тауып жатты. Нәтижесі іле көрінбесе де, қопара жазып, елге құлағдар етуді асыл парызым деп пайымдады. Осы күрескерлігімен көп ұтысқа шыққанын елі біліп, бағалап жүр, бүгінде.
Қайбір ортада да «Егеменді» тілшілік шыңындай етіп қалыптастырды. Байтұрсынның пікірінсіз қандай мәжілістің де шырайы кірмейтіндей боп алды. «Тілші не дер екен?»– деп оның аузына қарайды. Ондайда тартынбайды. Тура сөзіне қарап, қыңыр кісі екен деп тулағандар да кезікті. Кейін жазғанын оқығанда одан өткен ақылман, ұлтқа жанашыр, елінің ертеңіне елеңдейтін елгезек жоқ екеніне көздері жете түседі.
– Жер-судың байырғы атауларын қалпына келтіруге немқұрайды қарамауымыз керек!– деп бір мәжілісте ол маңызды сөз бастады. – «Қостанай» атауының өзін тарихи шындық тұрғысынан безбендей алмай жүрміз. Ал облыс аймағын алсақ ше? Мұрты бұзылмай тұр…
Ертесіне облыстық әкімшіліктен тілшіге ономастикалық тұрғыдан байыпталған бірқыдыру анықтамалық құжаттар табыс етілді. Соның негізінде байыпты мақалалар жазылып, «шоқынды» атаулардың қазақы өңі кіре бастаған еді.
Жерді сату, меншіктеу туралы отқа май құйыла бастағанда, Байтұрсын сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен ұзақ сырласып, «Егеменге» түйінді ойларымен шықты. Мұндай жедеғабылдық жер тағдырына қатысты атүсті шешім қабылдаудан сақтандырған. Сол себепті де болар ұлтжанды Өмекең: «Байтұрсын менің қоғамдық кеңесшім секілді еді»,- деп әркез разылықпен айтып жүретін. Тілшіге бұдан артық құрмет болар ма?
Ал тың және тыңайған жер мәселесіне келгенде ол тәуелсіздік жылдары жақ ашпай қойды. Ашқысы кеп жүрген… Зерттеп, қапысыз дайындықпен, соны дерекпен тосын түрен салмақшы еді-ау. Бұрынғы жазғандарында ұлттық тұрғыдан бетті басатын «әттеген-айлары» бар екендігіне бертінде мойын ұсынатын. «Тыңның бергені, көркейткені, гүлденткені, бір тілмен түрленткені, жалпы жарылқағаны, т.б. «жасампаздықтары» – түн ішінде бүйрегімді бүретін болды»,– деп күнделігіне түртіп қойыпты. Жаза баспайтын қаламгер бар ма? «Тың түлектері» кітабы дайындалып жатқанда, «Жалын» баспасының директоры Қалдарбек Найманбаев жинақ көлемін 8 баспа табаққа жеткізбек болып Байтұрсынды үйінен де, түзден де шам алып іздестіріпті. Табылмапты. Таппай қойғанының сыры бар. Телефон безілдей жөнелгенде «үйде жоқ деңдер»,– деп пәтер ішін кезіп кетеді екен. Сондағысы – тың туралы кітабының қарнын қампитқысы келмегендіктен… Партия айдауымен асыра сілтеп, тыңды жұмаққа теңдестіріп қойғандай арланып, қасиетті қалам алдындағы антын бұзғандай бүгежіктей беретін. Басқа біреу болса, бас пайдасымен баспаның ығына жығыла кетер еді-ау!..
Тұлғалар бір-біріне жанасып жүретіндей қасиетпен суарылғандай. Мұның жарқын мысалын сол Қостанайдың намысын жыртып, абыройын асқақтатқан ұлттың қос жанашыры ректор Зұлқарнай Алдамжарұлы мен жазушы-журналист Байтұрсын Ілияс қолтықтаса жүріп көрсеткен еді. Екеуара ұзақ пікірлесіп, сырласатын.
– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновқа ескерткіш орнатып, есімін өзіңіз басқаратын университетке алып бердіңіз,– деп Байтұрсын Зекеңе қарата бір үлкен әңгімені бастайтын сыңай танытты. – Бір ұсынысым бар еді, Зеке!
–Егер сол ұсынысың менің көкейімдегімен дөп келсе қайтер едік?!– деп Зекең мына қаламгер інісінің ойын тоқып қойғандай, әлдебір болжағыш әуестігіне басты, қызық болын дегендей.
- Шынында қайтер едік?
– Мен білсем, Ахаң мұрасын тереңірек зерттегің келіп жүр-ау!
– Құдайақы, жан баласына айтпаған сырым еді, Зеке!
– Сеземін. Өзімнің ой-түйсігім сыбырлады. Сенің Ахаң туралы толыққанды тың дүние жазуға ұмтылмауың мүмкін емес қой.
– Рас, Зеке! Бар ынтаммен соған құлап жүрмін.
– Ендеше, мені мазалаған да Ахаң жолы еді,– деп ректор тілшіге мейірлене қарады. –Ойымыз дөп түсіпті. «Ақ жол» атты ғылыми-зерттеу экспедициясын жасақтап, қаржыландырып берейін. Өзің басқарып Ахаңның туған жеріне аттанып кетіңдер! Жарай ма?
– Жарайды!– деді Байтұрсын ұсыныс айтам деп өзінікенен бетер ұсынысқа тап болғанына сенер-сенбесін білмей.
Ректорға айтқан сол ұсынысының нәтижесінде «Алтын бесік» атты тамаша тарихи-шежірелік кітап туды. Бұл туынды Ахметтануға қосылған сүбелі үлес ретінде бағаланды. Тереңірек қаузай түссе, романға ұласатын түрі бар. Осыны ойлағанда Байтұрсын жүрегі атқыланып кетеді… Сөреден өзінің «Оралу» атты жыр жинағын алып, беттерін шыдамсыздана парақтай бастады.
… Осы жұпыны төрт бөлмелі пәтері соңғы тұрағы болып қалатын-ақ шығар. Ондаған жылдарға созылған сусамыр сырқаты дәрмен-күшін кеміріп жатқандай. Жүдеп-жадап, әлсізденіп, боркеміктеніп барады. Университеттегі «Егемен Қазақстан» атты дәрісін (осы газеттің лабораториясын ашуды мұрат еткен) әрең-мәрең, сүйретіліп оқып жүр. Баяғыда ұлы Әуезовтен дәріс тыңдаған балауса жүрек, қатайған шағында қаншалықты бұлқынғанымен дәрменсіз, әлденеге ділгір… Үйге салдырап қайтады. Қажып қалған. Зейнеткерлікке шыққан бір жыл бедерінде қатты беріліп, жан құмарынан шығып жүргені – осы оқытушылық пен бала жастан бауыр басқан өлең құдіретіне табына түсу. Жүрегі жырлаудан тынбайды. Міне, әріптесі көңілін сұрауға келген екен, «Скоросшиватель» папкесіне компьютерге басып, тігіп қойған өлеңдерінің әр тұсынан оқи бастады. «Махаббаттың қайғы-мұңын жеп тұрып, Махаббаттан табар едің тектілік!»– деп көзі ұшқындана жөнеліп еді, жөтел қысып, көкірегі сырылдап, дыбыссыз қалды.
– Біздің күй осы..,– деді Бәкең мойып. Беті-жүзі оңған, жағы суалған.
Сөзінің арғы жағында өзге де өкініш, әлдене қыжыл жатқаны сезіледі. Әлде, осы нәзік мінезді жаратылыстың жан-дүниесін ойрандап кеткен, абыройына қылау түсірген қисынсыз жайттарды білетіндіктен бе екен, әйтеуір, көңіл сұрауға келген бұл азамат, өзінен-өзі қуыстанып, Бәкеңнің соңғы кезде денсаулығының күрт нашарлауын әр саққа жүгіртіп, «өмірде қателеспейтіндер ,сірә, жоқ шығар…» дегендей түйінді ойға тіреліп қалыпты.
– Торғайлығым! – деді бір кезде Бәкең әлсіздіктен жұмыла түскен қабағын әзер қимылдатып ашып. – Сен шалғайда жүрсең де менің мына өмірде құдай ұрып, шалыс басқанымды естіп-білген шығарсың. Пендеміз ғой. Бір сары уызды лауазым жағынан сүйемелдеймін деп, опынып қалдым. Қас-жауларым көбейді. Солай болуы заңды екен… Кешегі дос-жарандарым ат-тондарын ала қашысты… Маған қатысты орынды-орынсыз ғайбат мақалалар қардай борады. Өзімнен сөйтіп түңілдім! Өмірдегі жалғыз қателігім осы болды… Кадр мәселесіне бекер араласыппын, әбден жүнжіп біттім… Бірақ басты бақытым – өмірдегі табанды жеңісім жазу болды! Соған тәубә!
«Осы Бәкең не деп кетті?» деп абыржыды көңіл сұрай келген азамат. Баршасын түгендеп айтпаса да достары – Әбіштей заңғардың мерейтойын шашбаулаған, Рымғалидай ғұламаға әкесінен қалған күміс шақшасын «Абай –125» тойында сыйлаған, балалықтың іңкәрі Қоғабайдай алаш арысына мәңгілік махаббатын арнаған осынау журналистиканың жауыр торысы, ақындық әлемі өзгеше сыршыл, ғалымдық тегеуріні мықты, жазушылығы жан жадырататын елдік тұлға ешқашан аласармауы тиіс еді ғой… Әлде, пенделер арыздасар алдындағы аласару арқылы биіктеп кете ме екен? Солай шығар, бәлкім? Бақилық болған соң шыққан «Патша көңіл» атты екінші жыр жинағы, университеттегі бір стипендияның өз есімімен аталатыны, т.б. есте қаларлық елеулі оқиғалар Байтұрсынды ұмыттырмасы кәдік қой!..
«Саған арнап жыр жазуға толғандым, Толғандым да, қаламымды қолға алдым. Сайрап тұрған Ұлы қазақ тілінен, Саған лайық сөз таба алмай, қорландым!»– деп бәйек болған өзінің бал махаббаты Гүлнәріне: «Сен, әкеден жалғызсың ғой! Қасына барып жантаярсың!»– депті соңғы демі үзілерде өсиеттеп.
… Солай болыпты да. Байтұрсын қалада, Гүлнәр далада мәңгілік тыныстап жатыр!
Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері