ӘлеуметСаясатЭкономика

БАЙЫПТЫ БАҒДАРЛАМАНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

ZAH_0191

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бас­тар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру жөніндегі республикалық ақпарат тобының мүшелері елордадағы «Конгресс-холл» сарайында Сарыарқа ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Оған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қалалық мәслихат депутаттары, бюджет саласының қызметкерлері, мәдениет және спорт ұйымдарының басшылары, шағын және орта бизнес, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, кәсіподақтар кеңесі, сондай-ақ, дін қызметкерлері қатысты.

Кездесуді Сарыарқа ауданының әкімі Е.Бөлекпаев ашты. Алдымен сөз алған елі­міздің қаржы министрі, республикалық ақпарат тобының жетекшісі Бахыт Сұлтанов байыпты бағдарламаның басым бағыттары туралы айта келе, Елбасы Жолдауындағы негізгі жеті бағыттың әрқайсысына көлік-логистикалық инфрақұрылымды нығайтып, ғылымды өрістету, энергетика, тұрғын үй инфрақұрылымдарын дамыту мәселелеріне жеке-жеке тоқталды. Олардың ішінде, әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесін ерекше атап өткен министр бұл сала бойынша бөлінген қаржылардың дұрыс игерілуі жөнінде баяндады. Оның айтуынша, алдағы жылда елімізде 67 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, студенттердің стипендиясы 25 пайызға, ден­саулық сақтау саласы қызметкерлерінің жа­лақысы 28 пайызға және мұғалімдердің жалақысы 29 пайызға өседі. Әлеуметтік сала қыз­меткерлерінің де еңбекақысы жоғарылап, жәрдемақылардың көлемі де артады.

– Еліміздегі шағын және орта бизнес зор әлеуметтік рөлді атқарып қана қоймай, сонымен қатар бюджетке елеулі салық түсімдерінің түсуін қамтамасыз етеді. Дамыған елдерде шағын және орта бизнес үлесінде жалпы ішкі өнім көлемінің қырық пайыздан тоқсан пайызға дейін келеді. Өкінішке орай, Қазақстанда осы көрсеткіш отыз пайыздан да төмен. Алайда, соңғы жылдары ол айтарлықтай арта түсті. Оның үстіне елімізде орта және ірі кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекет әртүрлі қолдау көрсетіп жатыр, – деді Б.Сұлтанов.

Одан әрі республикалық ақпарат топтың мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Владимир Редкокашин елдегі тыныштықтың, ұлттар арасындағы ауызбіршілік пен бірліктің маңыздылығы туралы әңгімелей отырып, тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеткенімізді, біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз да осы елдің бірлігі болуы керектігін ескертті.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметттік даму министрлігі әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева жаңа саясат экономикамызға серпіліс беретінін ескере отырып, осы бағ­дарламаны жүзеге асыруда астаналықтардың үлесі зор болатынына сенім білдірсе, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Светлана Қадыралиева Президенттің жүргізіп отырған саясатын, оның стратегиялық міндеттерін шешуге бағытталған бастамаларын қолдай
отырып, әрбір қазақстандықты Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға бірлесе атсалысуға шақырды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button