Жаңалықтар

Бала асырап алудың әлеуметтік жарнамасы неге әлсіз?

Журналист болған соң көшедегі жар­на­малардың мазмұнын байырқалап жүреміз. Өткенде жұмыстан шы­ғып келе жатып Қор­ғаныс министрлігінің алдындағы аялдамадан www.happychild.kz сайтының баннеріне назарымыз ауды.

Мейірімі меймілдеп, баласын өбіп тұрған ананың суретінің тұсына «Ребенок должень жить в семье» – «Сәбимен шаңы­рақтың сәні кірер!» деп жазып қойыпты. Осы аттас қоғамдық қозғалыстың үнжариясы болған әлгі сайт қазіргі жетімдер үйі мен интернаттарды біртіндеп Отбасын қолдау орталықтары ретінде қайта құрылымдауды және жетімдіктің алдын алуды насихаттайды. Зерттеулерге сүйенсек, мемлекет балалар үйі мен интернаттарды ұстауға, жәрдемақы төлеуге, олардың білім алуы-на, баспаналы болуына көмектесуге жылына 24 млрд теңгедей қаражат жұмсайды екен. Ал бала жастан отбасы тәрбиесін, бауырластықты көріп өспеген бала кәмелетке толғанда, өмірдің өтелек-төтелегіне бейім болмайтынына мысал жетеді. Қазіргі әлемдегі үдеріске сай баланы асырап алуда, қамқорлыққа немесе қорғаншылыққа (патронат) алуда заңда кәдімгідей кеңшілік бар екенін біле бермейміз. Оны іркілтіп тұрған мынадай ашық насихаттың аздығы. Қызық үшін, сайт әкімшілеріне хабарласып, осы әлеуметтік жарнама қанша жерге таралғанын сұрап көрдік. Мәліметі көңіл көншітпеді. Астана мен Алматыда төрт-бес жерде ғана ілінген. Ал эфирлерден берілетін бейнероликтер қайда? Әлде мемлекет бұған қаржысын аянып қалды ма? Бірлі-жарым қоғамдық ұйымдарға артып қоймай, жергілікті әкімдіктер жәрдемдессе, бүкілхалықтық сипат алар ма еді. Сырқат сәбилерге керек қаржының басы жерде-жердегі шыны жәшіктерге салынатын тиын-тебеннен құралып жатқанын көз көріп жүр ғой. Ендеше, бұл іркіліс, қай іркіліс?

Осыдан сәл бұрынырақтағы мақалаларымызда бізде жетім балалардың мәлімет банкі жоқтығын айтқанбыз. Ресей www.usynovite.ru деген сайтты әлдеқашан, сонау 2001 жылы ашып тастаған. Іздеуші-навигатормен кез келген облыстағы балалар үйінің мәлімет базасын ақтарып, өзіңіз іздеген баланы жас шамасы, жынысы, шашы, көз қарашығына дейін атап-түстеп тауып алып, сырттай танысуыңызға болады. Ондай «жетімдер жарнамасын» жасау заңға томпақ деп бұлтаққа салып біраз жүрдік. Әйтеуір, абырой болғанда Аружан Саин дейтін жанашыр замандасымыз құрған «ДОМ» қоғамдық бірлестігі www.usynovite.kz дейтін веб-өкілдікті ашудың амалын тауыпты. Бірақ, оны жалпақ жұрт біліп жатыр ма? Өзінің айтысына қарағанда, онда еліміздегі балалар үйінің тек 10-15%-ның ғана мәліметі жинақталған. Жергілікті білім беру басқармаларындағы қорғаншылық органы әріптестікке құлықсыз көрінеді. Сірә, бала асырап алудың құжат рәсімдемесі үшін қолүздік алушылардың мұндайға іштей қарсылығы бар деген болжам тегін емес. Өтірік болса, өтіміз жарылсын. Өз туған әпкемізге дені – қары сау сәби тауып бердік деп жұтқыншағын бүлкілдеткендер болған. Үнсіз ғана «ырымын» жасап құты­лыпты. Алты ай әуреленіп жүріп, бауырына тиген баладан кім айырылғысы келеді? Ондай мысал көп. Бірақ «көп түкірсе – көл», егер әлгіндей әлеуметтік жарнама таса-қалтарыста қалмай, мемлекет өзі бастамашы болса, кез келген БАҚ, кез келген сайт насихат жайса, жетімек азаяр ма еді, бір қолымен беріп, бір қолымен тіленгендер тыйылар ма еді? Халықтық бақылау болмаған жерде, кім көрінген ханша шалқақтайды, әйтпесе. Ал анда-санда сый-сияпат апарып, бастарынан сипап қайтып, жетімдерге бақыт бұйырта алмайтынымыз айдан анық.

Әділбек ЖАПАҚ,
adikezh87@gmail.com

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button