Басты ақпарат

Бала денсаулығы бәрінен маңызды

Елордада балаларға шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету үшін №3 балалар ауруханасы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда қалада 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер саны – 424 мың адам. Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының кезекті сессия отырысында балаларға шұғыл көмек көрсету мәселелері талқыланды.

[smartslider3 slider=2537]

Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимовтың төрағалығымен өткен жиында қаралған 10 мәселенің ішінде балалар денсаулығын сақтау жайына ерекше көңіл бөлінді. «Балаларға жедел және шұғыл көмек көрсету қызметінің жай-күйі туралы» баяндаманы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жакенов жасады. Елордада балаларға шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету үшін 3 балалар ауруханасы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда қалада 18 жасқа дейінгі балалар саны – 424 мың. Соның ішінде бір жасқа дейінгі 52 мың бала бар. «ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйе­сі туралы» кодексіне сәйкес, медициналық көмек көрсету формаларының үш түрі бар: бірінші – шұғыл, екінші – кезек күттірмейтін және жоспарлы. Б.Жакенов балаларды медициналық қызметпен қамтамасыз ететін ауруханаларға байланысты бірнеше проблемалық сұрақтарды көтерді.

– 1991 жылы салынған №1 қалалық көпбейінді балалар ауруханасының ғимараты және инженерлік желілері күрделі жөндеуді қажет етеді. Жобалау сметасы бойынша жөндеу сомасы мемлекеттік сараптамаға сәйкес 2 млрд теңгеден асады. Мәслихаттың 4 ақпандағы шешімімен конкурс жариялау үшін 2 млн теңге алғанбыз, қазір конкурс басталып кетті, сәуірдің 7-сінде біз соған байланысты шешім қабылдаймыз. Биылғы жұмыс жоспары бойынша бюджетке ауыртпашылық түсірмес үшін 1 млрд теңге көлемінде қаржыға жұмыс жүргізу жоспарда бар. Бұл ретте аурухана жұмысын жалғастыра береді, балаларды басқа ауруханаларға ауыстырады. Аурухана 2 корпустан тұрады. Үшінші корпусты салуды биыл бастау жоспарда бар. Одан бөлек, №1 аурухананың зарарсыздандыру бөлімшесі ғимаратына күрделі жөндеуге 105 млн теңге қарастырылды. Оған да конкурс өтіп жатыр. 3,5 айда бітеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар барлық балалар ауруханаларының аумағы көгалдандыру және абаттандыруды қажет етеді. Бұл бағытта аудан әкімдіктерімен бірге жұмыс жүргіземіз. Өз ұсынысым Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы арқылы компенсациялық талдар отырғызу керек. №3 балалар ауруханасында диагностиканы жақсарту мақсатында магниттік-резонанстық томография сатып алу мүмкіндігі қарастырылуда. Оған іштегі резервті пайдаланып көреміз, сырттан көмек көрсетілсе тіпті жақсы болар еді. Тағы бір үлкен проблема – травматологиялық пункт тек бір ауруханада ғана бар, сондықтан биыл сондай пунктті №3 ауруханада ашу жоспарлануда, – деді Б.Жакенов.

Мәслихат депутаты Ләззат Распекова балаларға шұғыл медициналық көмек көрсетудегі ең басты проблема кадр тапшылығы екенін атап өтті. Оған Б.Жакенов балалар педиатриясы бойынша 2015 жылдан бастап мамандар дайындалмайтынын, тек былтырдан бастап әзірлеу қолға алынғанын жеткізді. «Елордада балаларға медициналық көмек көрсету бойынша кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты жағдай бақылауда. Сондықтан осы бағыттағы жұмыс қарқынын қалалық Білім басқармасы арқылы биыл екі еселедік» деді ол.

Л.Мұратқызы қабылдау бөлімдерін жабдықтау, мекеме ­менеджменті, жұмысты дұрыс ұйымдастыра білу, нақты жоспар бекіту керегін, мұның бәрі денсау­лық саласына қатысты халықтың шағымын азайтуға септігін тигізетінін атап өтті. Ал қала әкімі орынбасарының айтуынша, құрал-жабдықтар жеткілікті, тек оларды тиімді пайдалануда менеджмент саласын дамытуға баса көңіл бөлінуде.

– Тарификацияға байланысты қарыздарды өтеу бойынша Денсаулық сақтау басқармасымен жұмыс жүргізілуде. Қаламызда балалар саны жыл сайын өсіп, оған 3 аурухана күші жетпей жатыр, бірақ сол жұмысты жүйелі түрде шешу жолдары қарастырылуда. Осы жылды сіздердің қолдауыңызбен «Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы жылы» деп жарияладық, сондықтан ғимараттар құрылысына қатысты жұмыстар жоспарлы түрде қарқынды жүргізіледі, – деді Б.Жакенов.

Сауал қойған депутаттар травматология пункті орналасқан ғимараттардың тар екенін, нау­қас балалардың дәлізде кезегін күтетін кезде дұрыс жағдай жасалмағанын алға тартты. Б.Жакеновтің айтуынша, қазір қалада балалар медицинасы бо­йынша екі бағытта жүктеме түсіп тұр, олар – травматология және стоматология салалары. Былтыр 62000 бала травматологиялық көмекке жүгінген. Сондықтан №3 балалар ауруханасынан ашылатын екінші травматологиялық пункт сол жүктемені азайтуға септік етеді. Әкім орынбасары тар ғимаратты кеңейту мәселесі Құрылыс басқармасымен бірге шешіліп жатқанын жеткізді.

Сессияда депутаттар шағын отбасыларға арналған жатақханалар салу арқылы тар аядағы медицина мамандарын өзге өңірлерден тарту мүмкіндігі бар екенін де жеткізді. «Үйдегі дәрігер» жобасының да сәтсіз жүзеге асып жатқанын тілге тиек еткен олар бұл жобаны жүзеге асыру механизмін өзгерту керектігін ұсыныс етті. Оның орнына жаңа ғимараттар ашуға басымдық берген жөн болар ма еді дейді олар.

Б.Жакенов осы орайда қалада медицина мамандарына 4 жатақхана салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар халық саны мен қаланың өсуіне байланысты сол жағалауда тағы бір емхана салу қажеттігі айтылды. Қала тұрғындары тарапынан шұғыл көмекке шағым көп. Кептелістің кесірінен медицина қызметкерлері кеш келуі мүмкін. Жолда жедел жәрдемге жол бермейтіндер де бар. Қолданыстағы көліктер сапасы қандай? Әрине, жыл сайын әкімдік тарапынан көңіл бөлініп, бәрі жаңартылуда, бірақ соның өзі жете ме? Депутаттар осы сұрақтарға жауап іздеді.

Сондай-ақ депутаттар елорда мәслихатының әлеуметтік-­мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының есебін, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының регламентін, сондай-ақ қоғамдық кеңестің құрамын, депутаттық этика мәселелері жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы, мәслихаттың 2020 жылғы 30 қыркүйектегі №537/73-VI «Нұр-Сұлтан қаласының аумағында жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелерді талқылады. Сессия отырысына 31 депутаттың 25-і қатысып, мәселелер шешімін мақұлдау бойынша дауыс берді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button