Мәдениет

«Бала мерген» – балаларға базарлық

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ ­музыкалық-драма театры жасөспірімдерге базарлық ретінде «Бала ­мерген» ертегісі негізінде спектакль қойды.

Театрдың қалыптасу кезінде еңбек сіңіріп, репертуардың баюына үлес қосқан Қазақстанның халық әртісі, режиссер Қадыр Жетпісбаевтың 80 жылдығына арналған қойылымды тамашалауға елордадағы білім ордасының оқушылары көптеп келді. Иә, залда ине шаншар орын жоқ. Оқушылар қойылымды тамашалап қана қоймай, көріністегі эпизодтарға шынайы эмоциясын білдіріп, белсенді көрермені болды.

Қойылымның бас қаһарманы – Бала мерген. Адамгершілігі мол адам. Батыл да шешімтал жігіт. Он саусағынан бал тамған өнер иесі Аққанат сырмақ тоқудан алдына жан салмайды. Эстетикалық бұйымды қолды етуді ойлаған қараниеттілер сахнаға шығады.

Ақылына көркі сай Ақ­қанатты мыстан кемпір құрығына түсіріп, зұлымдық жайған патшалыққа әкетеді. Әжесі Ақбалдақ одан көз жазып қалады. Бала мерген әжесінің батасымен жолға шығып, аруды іздейді. Жолай тұтқындағы тыңшы Қабыл мен балуан Дабыл кезігіп, оларды кісеннен босатады. Олар бір-біріне ант беріп, дос болуға уағдаласады. Үшеуі айла ойластырып, мыстан кемпірді тұтқынға түсіріп, жер астына өтудің жолын сұрайды.

Онда Төртқұлақ хан және оның уәзірі мен жендеттері күтіп алып, астамшылықпен жер-көкті өртке орап, адамзатты қайғы-қасіретке ұшыратқаны баяндалады.

Бала мерген және оның дос­тары зұлымдардың қару сақтайтын қоймасын өртеп, Аққанатты босатып, еліне оралады.

Ұлттық құндылықты, өлеңнің құдіретін дәріптеген Қ.Жетпіс­баевтың «Бала мерген» ертегісі жасөспірімдердің сана-сезімін оятып, патриоттық сезімін қалыптастырып, қиял көкжиегін кеңейтеді, адамгершілікке баулитыны ақиқат.

Ондағы әртістердің кәсіби шеберлігі, көрермендермен диалог орнатып, балаларға жаман әдеттен аулақ болуға үндеуі ұтымды шешім болды. Телефонды шамадан тыс көп қолданбай, TikTok-та ұзақ уақыт отырмауды ескертті. Көрермендерге адал дос болудың парқын түсіндіріп, білімді болудың маңызын дәріптеді.

– Қойылымнан ерекше әсер алдым. Үш дос – Бала мерген, Қабыл, Дабылдың ақылдаса отырып, Аққанатты тұтқыннан босатқаны көңілімнен шықты. Ақыл, айла, бірлік болған жерде жеңіс жақын екенін ұғындырды. Мыстан кемпір жағымсыз кейіпкер болғанымен, бізбен сөйлесіп, білім алудың артықшылығын үндегені ұнады, – дейді көрермен болған Дінмұхамед Айтжан.

Қоюшы режиссер Нұрфат ­Вахитов пен әртістер балалардың талғамынан шығатын қойылым қойып, көрермендерге адамдықтың, адалдықтың парқын түсіндірді.

Жасөспірімдер рухани кемелденіп, патриот болып жетілуде театрға жиі апарып, талғамы мен талабын шыңдау міндеті тұр. Театрға барып сондай ой түйдік.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button