Әлеумет

БАЛА ОҚЫТУ БИЗНЕС ПЕ?!

b1563a78e-1024x768-4313878-orig

Солай деуге де болады. Тіпті, мектепке барып, мұғалім алдын көрмеген баланың қолына қаламын ұстатып, тақпағын жаттатқызып береді. Тек, ақысын төлесеңіз болды. Бұл бизнестің болашағын еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар айқындауы мүмкін. 

Алайда, дәл осы күні бизнестің бұл түрі өркендеп тұр. Таңсық емес іс дерсіз. Би билеп, сурет салу қолыңыздан келе ме? Домбыра тартып, әу деп ән салатыныңыз бар ма? Онда талантыңызды қосымша ақша табудың көзіне айналдырыңыз. Бұл – бұрыннан келе жатқан үрдіс. Өйткені, өнерліден өнеге алатын дәстүріміз бар.
Біздің айтпағымыз – басқа бизнес, бала оқыту бизнесі. Оны репетиторлық деп түсінігімізге қолайлап алдық. Немісше «Repetitor», французша «répétiteur», «répéter» – қайталау деген ұғымды білдіреді. Бірақ, мектептен алған білімді үйде қайталау емес, «баланы ақылы оқыту» түсінікке дәл келеді. Мұғалім жалдап, баланы мектептен тыс қосымша оқытуға неге құмар болдық. Егер олардың бала оқытудағы жұмысы жемісті болса, онда олардың білім беру әдісін неге жаппай қолданбасқа?!
Астаналықтарға жақсы таныс «Достық» білім беру орталығы баланың білімін мына әдістермен ұштайды екен. Өз қызметін ҰБТ қорытындысында жоғары ұпай алуға бағыттаған орталық түлектердің білім грантына ие болуына, оқушының білім деңгейін көтеруіне көмектеседі. Іздегенге табылғаны осы емес пе?! Оқушының білімін бір жылдың ішінде осыншама дәрежеге жеткізетін жүйенің ерекшелігі неде? Бір қарағанда, алып бара жатқан жаңалығы жоқ. Алдымен балаларды деңгейіне қарай топтарға бөледі. Қажетті кітаптармен, тест жинақтарымен қамтамасыз етіп, білімін апта, ай сайын қадағалап отырады. Қосымша сабақтар мен тестілер өткізіп, одан қалды оқушының қатемен жұмыс жасауына мүмкіншілік береді. Психологиялық тренингтер өткізіледі. Соңғы екеуінің жаңалығы болса да, қалғандары – ежелден қалыптасқан білім беру әдісі. Түлектерді ҰБТ-ға даярлауда мектептердің барлығы дерлік осы әдістерді қолданады. Айырмасы ақысында ғана болар. Ақысына қарай, ұстаздың да ықыласы өзгеретін сияқты.
Жақсы репетитор табу да оңай іс емес. Жалпы, барлық қаладағы оқыту орталықтары өз әдістерін жария етіп қойса жақсы ғой. Осындайда ғаламторға үңілеміз. «Сіздің репетиторыңыз», «Жоғары балл», тағы басқа көз сүріндірер орталықтар менмұндалап тұр. Жеке оқытушылардың да жарнамасы өріп жүр. Арасында «қазақ тіліне үйретем» деушілерді де тауып алдық. Байқағанымыз, интернеттен сайт ашып алып, кездесіп, сөйлесейік дегенге көнбейтіндер де бар. Өйткені, ондай орталықтың белгілі бір тұрағы, нақты кеңсесі жоқ. Демек, мұндай орталықтардың кепілді білім беретініне де күдігіміз бар.
Елімізде білім беру саласындағы репети­торлық қызмет лицензиялауға жатпайды. Заң алдында бетіңіз ашық болсын десеңіз, жеке кәсіпкерлік ашып алуға болады. Заңнаманы еске салғаным, бұл да қызмет көрсетудің бір түрі болып келеді. Егер олардың қызметіне жүгінсек, онда тұтынушының сапалы қызмет алуға қақы бар. Оқушы тиісті көрсеткішке жете алмаса, текке кеткен уақыттың сұрауын кімнен аламыз. Қызметке төленген ақысын өндіруді айтып тұрған жоқпын. Ал басқа да себептермен осы кезеңде баланың психология­сында, денсаулығында өзгерістер болса кімге жүгінеміз? Қалай дәлелдейміз? Бұл ата-аналарды ойландыруы керек. Меніңше, ең жаманы, қоғамның осы қызметті қабылдап, дағдыға айналдыруында. Содан да ұстаз сабағын өткізгенде, шәкірт сабаққа дайындалғанда, ата-анасы баланың оқуын қадағалаған сәтінде саналы түрде баланың білімінде төртінші тұлғаның – репетитордың араласуына сына қалдырамыз. Шын мәнінде, «репетитор» деген сөздің мағынасы қайталау екенін естен шығарып жатамыз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button