Денсаулық

БАЛА ТІЛІН БАПТАГАН

IMG_9063

Менің кейіпкерім – сирек кездесетін мамандық иесі. Әрі дәрігер, әрі педагог, әрі психолог деуге болады. Себебі, білікті логопед болу үшін үш бірдей ілімді қатар игеруі қажет екен. Бәлкім, мүмкін емес дерсіз. Алайда, жоғары санатты логопед Саян Тұрысбекованың жанкешті еңбегіне қарап, мұның бәрі мүмкін және өте қажет екеніне көзіңіз жетеді.

Саян Кәрімтайқызы бірнеше жылдан бері Республикалық балаларды оңалту орталығы мен қалалық түзеу мекемесінде бала тілін баптап, қос жұмысты да қатар атқарып жүрген жан.

– Логопедия – салыстырмалы түрде алғанда жаңадан дамып келе жатқан ғылым саласы. Бұрындары бала тілін дәрігерлер түзесе, бүгінде бұл міндетті логопед-педагогтар атқаратын болды. Сәбидің сөйлеу жүйесіндегі кемістікті түзеп, тіл ұстартуда кешенді әдістерді қол­данамыз. Логопедиялық уқалау, криоуқалау  (мұз бен емдік шөптер­дің ыстық тұнбасы), түрлі құрыл­ғы­лармен уқалау, Су Джок терапия­сы  –  инновациялық техно­логия­ларға жатады. Емдік физкультура және лого­ритмика, физиотерапия емдеу әдісін  толықтыра түседі, – дейді Саян Кәрімтайқызы. Бала тілін баптаудың дәстүрлі түрлері бар. Тілдің, қос ұрт­тың, еріннің қимылдарын дамытып, дұрыс тыныс алуға үйретіп, қажет болса, баланы тіл ұшымен үрлеуге де жаттықтыру қажет. Нәрестенің алақанын сипап, саусақтарын жазып, бүгіп, саусағының ұшын уқалау арқылы баланың сөйлеу қабілетінің дұрыс қалыптасуына әсер етуге болады.

Медицинада орталық жүйке жүйе­сінің сезімталдығын арттыратын рецепторлар анықталған. Ал, қол сау­сақтарының дамуы балалардың ойлау қабілеті және тілінің дамуымен тығыз байланыста екен. Артику­ляциялық аппарат, тыныс алу аппараты және қол моторикасы дұрыс дамығанда баланың сөйлеу қабілеті өз дәрежесінде қа­лып­тасатыны дәлелденді. Бұны біздің  аналарымыз бен әжелеріміз жақсы білген деп айтуға болады. «Қуыр, қуыр, қуырмаш» деп бас­талып, сәбидің ала­қанын, білезігін, қолтығына дейін сипалап, ақыры «тығылып қалған күлкіні» тауып алып, баланы күлдіретін  тақпақты айтудың маңыздылығын білген. Ал, ауыз әдебиетімізде осындай санамақ, жырлардың қаншама үлгісі бар. Алайда, оны айтып жүрген ана бар ма?!

Сол себепті де Саянның ем-домы кеңес беруімен ғана шектелмей, өз сабақтарына баланың анасын мін­детті түрде қатыстырады. Өйт­кені, орталықта ем алған санаулы са­ғаттың ішінде баланың тілі шығып, бірден сайрап кетеді деу артық болар. Науқаспен жүйелі түрде жұмыс істеп, арнайы жаттығуларды күнделікті қай­талаған сәтте ғана оң нәтижеге қол жеткізеді.  Ол туралы «Сөйлеу тілінде ауыр бұ­зы­лыстар бар балаларды оңалтуда инно­вациялық техно­логиялардың қолдану», «Дизартрияны түзету жол­дары» деген кітаптарында талдап жазыпты. Айта кету керек, бұл зерттеулер – логопедия саласында ана тілі­мізде жарық көрген алғашқы кәсіби ба­сылымдардың бірі.

Саян Кәрімтайқызы – ерекше  тағдырлы жан. Дүние есігін ашқан талай шақалақтың кіндігін кескен акушер анасы ұзақ жылдар бойына бір сәбиге зар болыпты. Еңірегенде етегі жасқа толған жас келіншек бір күні атақты әулиенің басына барады. Содан  тілегі қабыл болып, алдымен Саянды, содан кейін екі ұлын туғанда шырақшының «үш перзентің болады» деген сөзін жиі еске алатын. Саян жасынан анасының қолқанатына айналып, ізінен ерген інілерінің қамқоршысы болды. Ол кезде анасы шприцтерді қайнату үшін үйге алып келеді. Бетінен қақпайтын анасы қызының инені  жастыққа тығып, «дәрі егіп» ойнайтынын қызық көретін. Отбасында тағы бір дәрігер өсіп келе жатыр деп ойлаушы еді. Алайда, Саян үшінші сыныпқа көшкен жылы балет мектебінің өкілдері келіп, жасөспірім қыздың биге қабілетін аңғарып оқуға қабылдайды. Кім біледі, тал шыбықтай иілген талдырмаш қыз биші болар ма еді. Бірақ, өнер мектебінің бесінші сыныбында жүрген кезінде жарақат алған Саянға «билеуге болмайды» деген кесім шығарады. Содан кейін Саян бес жыл бойы балет мектебінде сүйреткен пуанттарын тастап, туған қаласы Балқашқа оралады. Ал, оныншы сыныпты бітіріп бойжетіп, мамандық таңдауға келгенде көп ойланған жоқ. Абай атындағы педагогикалық инс­титутқа оқуға түсіп, логопед-педагог болып шығады. Арада сырғып сту­дентік жылдар да өте шығады. Ұстаз­дары Саянның ғылыммен айна­лыс­қанын қалап, жолдамамен инс­титутта қалдырса да, тағдыры тағы да Алматыдан алысқа алып кетеді…

Бірде ол құрбысымен Көк­шетауға тойға барады. Қайтар жолында жаңа қала – Астананы көрмек болып келі­седі. Қос құрбы поездан түсе бере, «Саян!» деген дауысқа жалт қарайды. Сөйтсе, оны жолаушылар арасынан бірге оқыған курстасы танып қалып, дауыстаған екен. Көп жылдан кейін шұрқырасып табысқан курстасы жаңа елордаға жұмысқа келуге шақырады. Міне, содан бері Саян астаналық атанып, білікті маман, жоғары санатқа ие болды.

– Неврологиялық патологиясы бар балаларға түзету-педагогикалық көмек көрсету бұл күнде өзекті мәселе болып отыр. Республикалық оңалту орталығында алғашқы кезде айына 20-25 бала болса, бүгінде науқас балалардың саны екі есеге артып кетті. Бала тілінің  дұрыс шықпауының негізінде пси­холо­гиялық, медициналық себептер жатыр. Тіпті, сілекейін жұтып, ас шайнап, дұрыстап дыбысын шығара алмайтын сәбилер де алдыма келеді. Бұл – аутизм, Даун синдромы бар, ДЦП және жүйке жүйесінде ауытқушылықтары бар науқас балалар. Дизартрия деп аталатын тіл қозға­лы­сының бұзылуының нышандары дені сау баланың бойында болуы мүмкін. Соның салдарынан баланың тілі былдырап, кейбір дыбыс­тарды дұрыс айтпайды, кекештеніп тілін бұрап сөйлейді. Бұрындары бес жасқа дейін логопед-дәрігер қарамайтын. Қазір үш жастан бастап маманға тексерілуге міндеттейді. Одан ерте бастаса да артықтығы жоқ. Екі жасқа дейін баланың тілі шығып, сөйлеу қабілеті қалыптасады. Одан кейін баланың тілін түзету өте қиынға соғады. Сол үшін баланың сөйлеу  дина­микасы жасына сай дамуын алдымен ата-ананың өзі қадағалағаны жөн, – дейді Саян Кәрімтайқызы. – Жыл сайын байқағаным, ден­саулығында кінәраты бар сәбилер көбейіп барады. Он екі мүшесінің кемістігі бар, сылбыр немесе кері­сінше, қимылы шапшаң, ызақор, жүйкесінде кінәраты бар балалар да кез­деседі. Сәби өсе келе, мұндай ауытқушылықтардың салдары тілінің байлануына, сөйлеу жүйесінің қалыптаспауына алып келуі мүмкін. Оны дер кезінде анықтап, мамандармен кеңесе отырып, тілін түзеген дұрыс. Мен ешқашан анасына балаңыз сөйлемейді деп айтпаймын. Осыдан бірнеше жыл бұрын мүлдем тілі шықпаған Дильназ деген қыз бала келді. Бала ашушаң, «алып кел, бер, апар» ден сөздерді түсінсе де сөйлемейтін. Үзбестен үш жыл қатарынан келіп сабақ алып, жекелеген сөз айтуға жарап қалды. Сосын жасына сай басқа топқа ауысқан соң көз жазып қалдым. Былтыр оларды орталықтан кездестірдім. Дильназ мені танып: «Апай, мен «Ақжол тобында» мамамсыз жалғыз өзім болдым ғой» дейді. Анасы болса: «Есіңізде ме, Дильназды сөйлейді деп айтып едіңіз ғой. Мен сонда сенбеп едім. Енді қараңыз, қызым сайрап тұр. Сол кезде күдерімді үздірмей, үмітімді ұштағаныңызға рахмет!» деп, қуаныштан көзіне жас алды. Ал, мен үшін бұдан артық қандай алғыс бар? – деп жымиды Саян Тұрысбекова.

Айгүл УАЙСОВА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button