Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Балабақша балаларға не үйретіп жүр?

Астанада 66 164 баланы қамтитын 525 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 100-і – мемлекеттік, 424-і – жекеменшік, үшеуі – ведомстволық. Осы балабақшаларда балалар қалай тәрбиеленіп жатыр, олардың бір тұтас оқыту, яғни тәрбие беру жоспары бар ма?

Менің 4 жастан асқан балам да балабақшаға барып жүр. Әрине, 4 жастағы баланың бұзып-жарып бірдеңе үйрене қоюы екіталай. Бірақ осы жастағы балаларға қарапайым әдеп қағидаларын үйретуге болатынын шетелдер тәжірибесі әлдеқашан дәлелдеген. Мәселен, беті-қол жуғанда суды үнемдеу, күндіз шамды өшіріп, энергия үнемдеу, тамақты төкпей, ысырап қылмай жеу сияқты тұрмыстық әдептерден сырт, жолдан өткенде нелерге көңіл бөлу, автобуста қарттарға, аяғы ауыр әйелдерге орын беру, өзгелерге көмектесу… сынды тәрбиелер де осы жаста беріледі.

Жапонияның, Қытайдың балабақшаларында осы мазмұндар 3-5 жас аралығындағы балаларға кәдімгі ойын түрінде үйретіледі. Байқаймын, Қазақстан балабақшаларында мұндай тәрбиелерге мән берілмейтін сияқты. Есесіне Жаңа жыл мерекесі, Наурыз мерекесі, 8 наурыз Әйелдер мерекесі, 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, Жеңіс күні… сынды мерекелерді құр жібермей, бірер мың теңгеден ақша жинап мереке өткізуге бейім тұрады. Тәрбиешісінің туған күні деп ақша жинайтын балабақшалар да жоқ емес. Осы дұрыс па?! 3-4 жастағы балалар осы мерекелерді қаншалық түсінеді? Мереке тойлау арқылы оларға қандай тәрбие беріліп жатыр? Әлі ұлт ұғымын толық түсінбейтін балаға ұлттардың бірлігін дәріптеу қандай қисынға сияды? Біз баламызды бесіктен белі шықпай жатып әрбір атаулы күнді құр жібермей тойлайтын жыртақай етіп тәрбиелесек, өмірдің ең басты мәні «мереке тойлау екен ғой» деп түсінбей ме?! Осы мереке үшін ата-аналары киім-кешек алып шығындалатынын тәрбие­шілер неге ескермейді?!

Демек, біздің елде балабақшадан бастап адами тәрбие дұрыс берілмейді. Мұрнының боғын сүрте алмай жүрген балаға жеңіс күні туралы айту, әйелдер мерекесін тойлату баланы алдаусыратып, күн өткізуден басқа ештеңе емес. Сондықтан, Қазақстанның оқу-ағарту министр­лігі бұл мәселеге баса назар аудару керек. Яғни мамандарды ұйымдастыра отырып, еліміздегі балабақшаларда тәлім-тәрбие берудің ортақ жобасын жасап, сол бойынша балабақшалардың бала тәрбие­сіндегі әдіс-тәсілін қадағалап отырған жөн. Өйткені балабақша – оқу алдындағы, отбасынан кейінгі маңызды тәрбие бесігі. Ол баланың күн өткізіп, мерекелерді атап өтіп жүретін ойын алаңына айналып қалмауы керек.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button