Қоғам

Балабақшадағы байқаулар

Наурызнаманың он күндігіне байланысты Астана қаласының №86 «Зияткер» балабақшасында «Абай әндері» және «Талантты отбасы» байқауы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

«Абай әндері» байқауы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ақындық талантын шәкірт жүрегіне ұялату арқылы ән айтуға, сахна мәдениетіне баулуға, оны бағалай білуге, рухани танымын кеңейтуге бағытталды. Сайысқа 35 бала қатысып, Ә.Бөкейханов атындағы «Binom school» мектебінің педагогі Меруерт Ахметжанова, елордалық №6 Балалар кітапханасы меңгерушісі Анара Акимбекова және №86 «Зияткер» балабақшасының музыка жетекшісі Салтанат Кожбанова әділқазы ретінде өз бағаларын беріп, балалардың өнеріне тәнті болды.

Қазылар алқасы сахналық костюмі, әнді орындау шеберлігі, сахна мәдениетіне байланысты ұпай қойып, жас ерекшеліктеріне қарай бүлдіршіндер алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар бұл байқауда ата-аналармен бірігіп балалар дуэт орындады. Балабақшаның «Әжелер мектебі» төрайымы Жақсылық Әбдіғалиқызы «Адай» күйін тартып, қатысушыларға бата берді. Қазақ тілі педагогі Айнаш Серікпайқызы және музыка жетекшісі Ақжол Миратұлы тақырыпқа сай ән шырқады.

19 наурыз «Жаңару» күніне орай «Талантты отбасы» атты отбасылар сайысы өтті. Бұл байқауда 7 отбасы белсене қатысып, 3 кезеңдік сайысқа қатысты. Сонымен қатар қазақ тілі маманы Айтолқын Дәурен «Отбасы құндылығы – қоғамның алтын діңгегі» тақырыбында бейнеролик көрсетіп, өлең оқыды.  Сайыста отбасылар арасында ән айтылып, би билеп, домбыра тартылып және қолөнерлік бұйымдарды жасауды көрсету арқылы тәнті етті.

«Отбасылық құндылықтар – қоғамның негізгі құрамдас бөлігі және мәдениет пен адамгершілікті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Құндылықтар отбасы ішіндегі қарым-қатынас пен отбасы мүшелерінің өзара байланысын реттейтін принциптер, сенімдер мен нормалар жиынтығы деуге болады. Сайысқа қатысқан ата-аналарға алғысымызды айтамыз», – деді Гүлбаршын Ементайқызы.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі номинациялар анықталды. Оның ішінде «Белсенді отбасы» аталымын Зәкеновтар отбасы, «Шебер отбасы» аталымын Дәуренбековтер отбасы, «Өнерлі отбасы» номинациясын Шілдебаевтар отбасы, «Көркем отбасы» номинациясы Нұржановтар отбасы лайық деп танылды. Ал «Ұйымшыл отбасы» деп Кенжеғариндер отбасы, «Дарынды отбасы» аталымын Жанатовтар отбасы мен «Шығармашыл отбасы»  номинациясымен Тұрғынбайлар отбасы марапатталды.

Отбасылар сайысына Астана қаласының «Үздік жас отбасы-2024» байқауының жеңімпазы «Кушеновтер» отбасы және логопед-дефектолог Әсем Жүнісқызы қазылық етті.

«Балабақшада ұйымдастырылатын іс-шараларға жиі қатысып жүрміз. Жұбайымыз екеуіміз өнер саласында ұстаздық еткендіктен, балаларымыздың тәртібін, дамуын қадағалап, іс-шараларға да атсалысамыз. Үнемі түрлі байқаулар ұйымдастырып, балабақша әкімшілігі ата-аналармен тығыз қарым-қатынас жасайды. Сонысымен бізге ұнайды», – деді Кенжеғариндер отбасы.

Құралай ҒАНИҚЫЗЫ,

Астана қаласының

 №86 «Зияткер» балабақшасының

инновация әдіскері

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button