Басты ақпаратБілім

БАЛАБАҚШАҒА БАРҒЫМЫЗ КЕЛЕДІ…

 «Балалы үй – базар» деп халқымыз бекер айтпаған. Расында, өмірдегі бақытымыз да, бар асылдан артық жақұтымыз да – бала. Сондықтан, оның болашағы баянды болуына алдымен ата-анасы алаңдайды. Мемлекеттің тікелей қолдауымен елордада қаншама балабақшалар салынды. Бір ғана өткен жылы Астанада 2020 орынға арналған тоғыз балабақша бой көтерді. Олардың барлығы да уақыт талабына сай қажетті жабдықтармен жарақталған. 

Қысқасы, балғындардың дамуына толықтай мүмкіндік бар. Әрине, балабақшалар саны көбейгенмен, балдырғандарды оған толық қамту да мүмкін болмай отыр. Оның себептері де көп.
Бүгінгі таңда елордада түрлі бағыттағы мектепке дейінгі 188 ұйым тіркелсе, соның 163-і – балабақшалар. Оның 85-і – мемлекеттік, 76-сы жекеменшік, екеуі ведомстволық саналады. Қазіргі күнде мемлекеттік балабақшаға 23 498 балғын тартылса, жекеменшік ұйымға 6 715 жеткіншек барады. Оның сыртында балаларға арналған қысқа мерзімді 25 шағын орталық жұмыс істейді. Оның 21-і – мемлекеттік, 4 – і жекеменшік. Оған 3931 балдырған қабылданған. Айталық, 21 шағын мемлекеттік орталық балаларға тегін қызмет көрсетеді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша балғындарды мектепке дайындайды.

Изображение 035

ӨРКЕНИЕТТІ ЕЛДІҢ ҮРДІСІ
Таяуда Елбасы Астана қаласының экономикалық дамуы мен ЭКСПО көрмесі мәселелеріне арналған кеңесінде бас қаладағы балабақша мәселесіне ерекше мән берді.
Мемлекет басшысы осы ретте елордада жаңадан пайдалануға беріліп жатқан үйлердің бірінші қабатынан балабақша ашу жайында сөз қозғады. Сондай-ақ, бас қаланың құрылысы барысында балабақшалардың салынуын көзден таса қылмауды тапсырды.
–Қыруар тұрғын үй пайдалануға беріліп жатыр. Бұл үйлердің төменгі қабаттарында балабақша бар ма? Мұнда барлық құрылыс компанияларының басшылары отыр, біз оларға қаражат береміз, несие береміз. Біз ол тұрғын үйлердің ішінде балабақша болуын қарастырып, талап қоюымыз керек. Зəулім ғимараттар салып керек емес. Үй құрылысына рұқсат берер кезде олардың бірінші қабаттарында балабақша салынуы тиіс деген талап қойыңыздар. Барлық əлемде солай, – деді Елбасы.

МАМАН НЕ АЙТАДЫ?
Биылғы жылдың 15 ақпанынан бастап 1 сәуірге дейін елордада балаларды балабақшаға қабылдау жүргізілді. Нәтижесінде 8502 балғынға жолдама берілді. Жалпы, топтау жұмыстары қалай жүргізілді, тағы осы бағытта қандай мәселелер қарастырылуда деген оймен Астана қалалық Білім басқармасының Мектепке дейінгі тәрбие мен оқу бөлімі басшысы Анар Смакованың пікірін білген едік.
–Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына қабылдануға арнайы стандарт жазылған. Онда заңды өкілдері мүгедек саналатындардың балалары, ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар, жетім балалар, көп балалы отбасыдан шыққандар және әскери қызметшілердің, оның ішінде қызмет атқару кезінде қаза тапқандардың, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен қызметкерлердің балалары алғашқы кезекте орын алады. Осы жылы жолдама алғандардың барлығы жұмыс істеп тұрған балабақшаларға барады. Сондай-ақ, елорданың сол жағалауынан жаңа мемлекеттік бес балабақша пайдалануға берілді. Ол маусым айынан бастап балғындарға қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда оған 1 280 бала барады деп жоспарланып отыр. Жалпы, әрбір балабақша 240 балдырғанға жобаланған.
Әрине, мемлекеттік балабақшаға қарағанда жекеменшік ұйымның төлемақысы жоғарылау екені рас. Елордада 76 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым болса, оның 52-сі мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді. Оған 4780 бала тартылған. Мәселен, биылғы жыл бойынша жекеменшік балабақшада мемлекеттік тапсырыс 15 900 теңгені құраса, ата-аналар 23 мың теңге төлейді. Сондықтан мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдар мен мемлекеттік балабақшаның төлемақысын сәйкестендіру бағытында шаралар жүргізілуде. Егер ол шешілсе, ата-аналардың таңдауы да артады, екіншіден, жылдап тосатын кезек те азаяды, – дейді Анар Смакова.

Анар Смакова,
Астана қалалық Білім басқармасының Мектепке дейінгі тәрбие мен оқу бөлімі басшысы:
– Елордада сәбилердің дүниеге келу көрсеткіші де жоғары. Келесі топтау жұмыстары 2017 жылы жүргізілмек. Біз қазір мүмкіндігінше балабақшаға жолдаманы автоматты түрде беруді жобалап отырмыз. Мәселен, ата-аналар халыққа қызмет көрсету орталығына барып, мектепке дейінгі ұйымға кезекке автоматты түрде орналасады. Бұл да дәл солай болмақ.

ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚ
Бүгінгі таңда елордада биылғы жылдың 1 қаңтарына дейінгі мәлімет бойынша 87 мыңнан аса бала кезекте тұр. Әрине, одан бергі алты ай ішінде біраз өзгерістер болғаны анық. Жыл басында балабақшаларға топтау жұмыстары жүргізілді. Білім басқармасына күніне 100-ден аса балғындар кезекке тұрады. Өйткені, оның түрлі себептері бар. Оған ішкі көші-қон мәселесі де әсер етеді. Елордада сәбилердің дүниеге келу көрсеткіші де жоғары. Келесі топтау жұмыстары 2017 жылы жүргізілмек. «Біз қазір мүмкіндігінше балабақшаға жолдаманы автоматты түрде беруді жобалап отырмыз. Мәселен, ата-аналар халыққа қызмет көрсету орталығына барып, мектепке дейінгі ұйымға кезекке автоматты түрде орналасады. Бұл да дәл солай болмақ» деді Астана қалалық Білім басқармасының Мектепке дейінгі тәрбие мен оқу бөлімі басшысы Анар Смакова.
Шындығында, жағымды жаңалық екен. Егер осы жоба іске асып жатса, ата-аналар бір жолдама үшін жұмыстан сұранып, ұзын-сонар кезекке тұратын қиыншылықтан арылар еді.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

2016 жылы Астана қаласында 1520 орынға арналған 6 мемлекет­тік балабақша мен 60 орындық 1 қо­­сал­қы балабақша ғимаратын ашу жоспарланып отыр.
Олар:
Көктал – 2 кентінде 240 орындық санаторлық балалар бақшасы;
Сығанақ көшесінің оңтүстігінде 240 орындық №1 балабақша;
Комсомольский кентіндегі Қыз Жібек көшесі мен Ұлпан қысқа кө­ше­сінің қиылысқан жерінде 280 орындық балабақша;
Комсомольский кентіндегі Қыз Жібек көшесі мен Баян сұлу көше­лерінің қиылысқан жерінде 280 орын­дық балабақша;
№23 көше ауданындағы 240 орындық балабақша; (Орынбор мен №36 көшелерінің арасы)
№4 «Аружан» балабақшасына 60 орындық ғимарат.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button