Сұхбат

БАЛАДАЙ АДАЛ, БАТЫРДАЙ АҢҒАЛ САҒАТ ЕДІ…

Қазақ әйелдерінің тарихи бейнесін сомдауға үлес қосып жүрген ардагер журналист, жазушы Шәрбану Бейсеновамен сұхбатымыз әдебиеттанушы, сыншы, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев жайында өрбіді. Ширек ғасырға жуық отасқан, қазақ әдебиетіне өшпес із қалдырған отағасының табиғаты, болмыс-бітімі, азаматтық келбеті әңгімемізге арқау болды.

– «Шәрбанудың «Тойға келген келіншек» атты тұңғыш кі­табы шықпас бұрын-ақ мен оны қалыптасқан жазушы деп қа­рай­тынмын. Әрине, бұл оның әйел затының өкілі болғандықтан, кей­біреулердің қағидасы бойынша шеберліктегі олқылықтарына не талантына кешіріммен қара­ған­дықтан емес. Құдықтың тұщы-тұнықтығын білу үшін оның суын тауысып ішудің қажеті жоқ дегендей, Шәрбанудың бір әңгімесі арқылы мен оған үміт артқам». Бұл – халық ақыны Фа­риза апамыздың сіз туралы айт­қаны. Сол сияқты жалпы әде­би ортаның, алдыңыздағы апа­лардың, арты­ңыздан ерген сіңлі­леріңіздің сізге көзқарасы түзу, еңбегіңізді ба­ға­лайды, құр­меттейді. Әдебиет сын­шысының, жазушының, жур­налистің жары бола жүріп, қалам ұстау, қағазға жақындау қиынға соқпады ма? Немесе Сағат ағаның «бір ша­ңыраққа бір қаламгер жетер, сен таста жазуыңды» деген кездері болды ма?
– Үйде сыншысы бар адамның жазуға талаптануы өте қиын. Сәкең жұрттың жазғаны мен айтқанына пікір, сын айтып отырған соң, қалай дегенде де жауапкершілік болады. Менің негізгі мамандығым – журналист. 1969 жылы ҚазМУ-дың осы факультетін бітірдім. Сол жылы жолым болып, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналына қызметке тұрдым. Онда егде қаламгерлер, белгілі жазушылар жұмыс істейтін. Жекен Жұмаханов, Қуандық Шаңғытбаев, Қажыкен Ахметов, Жағда Бабалықов, Шәрбану Құмарова сынды мықтылардың арасына түстім. Содан 1999 жылдарға дейін сүйікті мамандығымнан қол үзбедім. Аллаға шүкіршілік ететінім, Сәкең журналистикадан қол үз­беуіме жағдай жасады.
Менің жұмысым мазасыздау еді. Іссапар, хат тексеру көп болатын. Кейін «Қазақстан әйелдері» журналына ауыстым. Ол Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің органы болып саналады. Бізге кел­ген әр хат есепте тұрады. Сол бо­йынша шара қолданамыз, тексеруге барамыз, жауап жазамыз. Әйтпесе, әр хаттың артында адам бар, тағдыр бар, олардың үстімізден жоғары жаққа арыз жазып жіберетін кездері де болады. Мен адамгершілік тәрбиесі бөлімінде істедім, арыз-шағымдардың артында жүріп, ел кезуге, әртүрлі тағдыр иелеріне, қиянатты жағдайларға жолығуға тура келді. Сондайда үйдегі екі бала бар, ағаң бар, қиындау соқты. Бірақ, Сәкең жұмысыма шектеу қойған жоқ. Журналист ретінде ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет етсем, сол Сәкеңнің арқасы, қамқорлығы.
Ал, көркем әдебиетке жасөспірім кезімнен жақын болдым, әңгіме, өлең жаздым. Алайда, ең алғашқы оқушым отағасы болды. Сол кісі оқытып, құп­таған соң ғана ба­сылымдарға ұсын­дым. Ол жақсы шығарманы, жақсы жазушыны танып-білуге үйретті.

– Сағат аға, әсіресе үш ұлыны пір санады, ардақ тұтты. Шығар­маларын талдап, биікке көтерді. Олар – данышпан Абай, ұлы Мұх­тар Әуезов, қара сөздің хас шебері Ғабит Мүсірепов. Ағаның жары ретінде айтыңызшы, Сәкең өзінің де тарихта қалатынына, өзі ардақ тұтқан тұлғалардың қатарынан орын алатынына сенді ме, сол үшін тырысып бақты ма?
– Кім білсін, әйтеуір, Сәкең та­биғатынан оптимист еді. Ізгілікке, жақсылыққа қатты сенетін. Өзі де айналасына қамқорлық жасауға тырысатын. Оның бойында шарапат шашып тұратын энергия мол болды. Біреуге зиянын тигізбей жүру де үлкен сын. Ал, Сәкең тек пайдасын ұсынатын. Бүкіл болмысы, өмірі со­ған арналған.
Өмірден қағажу көрген, есесі кеткен, кітабы шықпайтын жандар Сәкеңді жағалайтын, үйге көп ке­летін. Оларды жұбата білетін, қанат бітіретін, онымен бір сәт сөйлескен адам жалғыздығынан, мұңынан арылып қалатын. Тіпті, алыс-жақын об­лыстардан да іздеп келетіндер бар еді. Әсіресе, «Парыз бен қарыз» хабарынан кейін шаңырағымызға бас сұғушылар, хат жазушылар легі толастаған жоқ. Сол жазысқан хаттары әлі бар үйде.
Оның аптасына бір мәрте кітап дүкенін аралайтын әдеті бар-ды. Ал­матыдағы кітап дүкендерін жаяу жүріп, көлігімен түгел аралап шыға­тын. Кездесе қалған адамымен әң­гімесі жарасса, міндетті түрде үйге ертіп келіп, әңгімелерін жалғас­тыратын. Солай тапқан достары да көп. Адамдарға жақсы сөзін, іл­типатын, жылы қабағын аямайтын. Ғұмырының қысқалығынан ба, кісі сыйлауға құштар еді, елпілдеп тұратын.

– Сағат ағаның өмірлік ұста­нымы, өзі айтқандай: «Жақ­сы­лықтан басқаның бәрі – жалған, қайырымдылықтан өзгенің құны – қара бақыр, сыйластықтан бөтен сымбатты нәрсе жоқ». Ағамен жиырма үш жыл отасқан сіз білесіз ғой, оның қате басып, әлдекімге зияны тиіп өкінген, опық жеген кездері болды ма? Есіңізде ме?
– Ондай сәттері есімде жоқ, демек, болған емес…

– Замандастары «бала Белинский» атап кеткен Сағат Әшім­баевтың Мұқағалиды сынағаны жөнінде көп айтыла бермейді. Мұнда сыншыны айдап салушылар болған деседі…

– Мұқағали туралы мақаланы айдап салушылар емес, «Ойбай, ол біздің көзі тірі классигіміз, соны сынады» деген байбаламшылар ушықтырып жіберді. Сәкең ақын­ды сынағанда, соншалықты іске алғысыз еткен жоқ. Өлеңдерінің ішіндегі, жинақтарындағы сәтсіз шы­ғармаларын сынады. Сыналмай­тын адам болмайды. Соны теріс бұрып, жаманат іздеп, әдеби ортадағы кейбір сөз қуған қаламгерлер астарлы мән беріп жіберді. Сәкең соған қынжылды. Әйтпесе, ол мақаланы таза сыншылар, сөз ұғатындар дұрыс қабылдаған кезінде. «Сол мақа­ла­ның өзінде Мұқаңа деген үлкен қамқорлық, құрмет сезіліп тұрады» деп жазды бірқатар жазушылар.

– Желтоқсан көтерілісі тұсында Сағат аға біраз әуре-сарсаңға түсті, жүрегіне үлкен жүк артты. «17-18 декабрь! 1986 жыл. Мен бұл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды да ұмытатын шығармын…», «…Алматы бұл екі күнде өзін-өзі танымай қалған шығар. Мына оқиға бізді оятып кетті» деп күнделігіне жазғандары – сөзіміздің куәсі. Абзал ағаның «Не деген қатыгездік! Неге олар жастарды жазықсыз жәбірлейді?! Біздің бойымызда адамшылық сезімдері қалды ма, өзі!» дегені де бар екен. Осы тұста сіздің «Сағат қатты күйзелді. «…Үлкен ұлдарың желтоқсанда алаңға барыпты» деген желеумен қатаң ескерту де алды» дегеніңізді оқыған едім бір басылымнан. Осы жөнінде кеңі­рек әңгімелеп берсеңіз.
– Ылғи да айтып жүрем, Желтоқсан оқиғасы Сәкеңнің көз алдында болған. Бейбітшілік көшесінің бас жағында телевидениенің еңселі үйі бар. Соның Сәкең отырған бөл­месінің терезесі тура алаң жақ­қа қарайды. Жастардың алаңға жи­налып жатқанын таңертеңнен кө­ріп, қобалжып, мазасызданған. Бір оператор жігітке тапсырма беріп, түсірткізген біразын. Кейін жағдай ушығып кетті ғой. Сәкең сонда жас­тардың бұзақы, нашақор емесін, бейбіт шеру болғанын айтуға ты­рысқан. Бірақ тыңдаған адамдар болмады.
Телевидение де әр түрлі ұлтты, өте қиын ұжым еді. Сәкеңнің тапсырмасымен түсірілген таспаны құзырлы органдар қудалап, қатты тексерді. Соның өзінде таспадағы түсірілімді түгел бермей, жартысын сақтап қалған. Сол қалғаны арнайы хабарларда, деректі фильмдерде көрсетіліп жүрген. Өйткені, басқа түсірілім қалмаған.

– Сәкеңнің кездескен адамынан алдымен сұрайтыны «не оқып жүрсің?» екен. Өзі түрлі қыз­меттер атқарды, тынымсыз тірлігі көп телевидениеде жұмыс істеді, қалай, қай уақытта оқып, жазатын еді?
– Түнде. Кешкі астан кейін мін­детті түрде үш-төрт сағат оқу­мен, ізденумен айналысатын. Содан кейін ұзақ ойланып-толғанып, мақа­лаларын жазатын, бірақ шапшаң. Әуелі іште пісіріп, жетілдіріп алады ғой. Әр жазғанынан көп оқығаны, көп білетіні аңғарылып тұратын. Шығармашылық үйіне, демалыс орындарына барып емес, үйде жа­­затын, үйде оқитын. Екі күн дема­лысының бірін міндетті түрде шы­ғармашылық жұмысқа арнайтын.

– Әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтан не үйрендіңіз немесе ол сізге не үйретті?
– Жақсы адаммен өткізген әр күнің, әр сағатың ғибраты көп сабақ қой. Мен Сәкеңнің арқасында қазақтың игі жақсыларының біразын көрдім, дәмдес болдым, шаңырағымда бір самаурын шәй беру құрметіне ие болдым. Сәкең көпшіл еді, үйден кісі арылмайтын. Ол маған адам сыйлауды, тануды, араласуды үйретті.
Біз жастай, университеттің соңғы курсында қосылдық. Әуелі Сәкең, іле-шала мен жұмысқа тұрдым. Ол «Жас алаш» (сол кездегі «Лениншіл жас») газетінде, «Жұлдыз» журналында Шерағамен, Ғафу Қайырбековпен, Бексұлтан Нұржекеев, Шөмішбай Сариев, Жарасқанмен және көптеген белгілі тұлғалармен қызметтес болды. Бірталай жыл Оралхан Бөкеймен көрші болдық. Олардың әр кеші өзінше қызықты еді.
1974 жылы ағаңның алғашқы жи­нағы – «Сын мұраты» шықты. Ол кезде «Жұлдызда» жұмыс істейтін. Жас, албырт. Тұңғыш кітабының қаламақысын алған соң жора-жолдастарының арасында атап өтеді. Жазушылар одағында «Қаламгер» кафесі ашылып жатқан. Сонда кездесіп, жиналатын олар. Түннің бір уағында Сәкең мен Жарасқан келді үйге, Сәкеңнің қолында портфель, ішінде жаңа шыққан кітабының авторлық бес-он данасы, қаламақысы. Өзі шаршаңқырап қалыпты. Мұнда айтайын дегенім, Жарасқанның досқа адалдығы – түннің ортасында Сәкеңді қаламақысымен жалғыз жібермей, үйге әкеліп тұрғаны. Сондай жақсы жолдастарды ойласам, осы күнге дейін ішім елжірейді.

– Сағат аға туралы көп есте­ліктер жазылды, айтылды. Ширек ғасырға жуық отасқан жары ретінде айтыңызшы, ол жайында шертілмеген сыр, айтылмаған құпия қалды ма?
– Құпия, сыр дейтіндей, оның өмірі жұмбақ болған жоқ. «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» деген мәтел бар емес пе. Сәкеңнің бала мінезі сақталып қалған. Мұндай адамдар – өте таза адамдар.
Ол Мәскеуде жиі болды. Әр барған сапарын өзі жазып жүретін. КСРО Жазушылары одағының жанында Сын кеңесі деген болған. Сәкең соның Қазақстандағы мүшесі еді. Кеңестің жылына бір-екі рет пленумы өтеді. Оған міндетті түрде барып тұратын. Сексенінші жылдардан кейін авторлар құқығын қорғау мекемесінде қызмет етті. Оның да орталығы Мәскеуде болды да, Сәкең қазақ бөлімшесінде-тін. Үлкен қалаға барған сондай сапарларында маған сый-сияпат, ескерткіш сыйлықтар ала келеді, арада көп уақыт өтпей үйге достары бас сұғады амандаспақ ниетпен. Солардың көңілдеріне қарап, маған әкелген дүниелерін үлестіріп бере салатын. Сәкеңнің жаңылмай әкелетін бір сыйлығы – ол кезде Алматыдан табылмайтын француз әтірі. Мен қызығын көремін бе, көрмеймін бе, әйтеуір, достарының келіншектеріне не туған-туыстарға бұйырып кететін. Сондай ақкөңіл еді.

– Енді шығармашылығыңыз жайында бір сауал, «Сүзгенің соңғы күндерінде» қолдағы бар деректі негізге алдым. Уфа, Қазан мұражайларында Сүзге ханымға (Көшім ханның ханымдарының бірі) ғана емес, арғы-бергі заман­дарда өмір сүрген қазақ аруларына қатысты тың деректер бар деп естимін. Құдай сәтін салса, сол жаққа жол тартып, тың деректермен танысып, әйелдердің тарихи бейнесін сомдағым келеді» депсіз екі жыл бұрын берген бір сұхбатыңызда. Бұл ниетіңіз жалғасын тауып, сәті түсті ме?
– Біреу байқады, біреу байқамады, «Қазақстан әйелдерінде» мораль,
қазақ әйелінің бейнесі тақы­рып­тарына көп көңіл бөлдім. Сонда жасаған бір циклым – азаттықтың алғашқы құрбандары. Сол тізбекті материалдың бірі Сүзгеге арналған болатын. Сүзге – Көшім ханның кіші әйелі. Сібір хандығының аумағы Ертіс, Тобыл өзендерін қамтиды, орталығы – Ескер қаласы. Сүзгені үлкен ханымдары жақтырмаған, сондықтан ол Ескерде тұрмаған. Ертістің жағасынан кіші қорғанды үй салдырып, сонда қоныстанған. Ермак орталық қаланы жаулап алғанда Көшім кейін шегінеді ғой, сонда Сүзгені қорғай алмай, қалдырып кеткен. Мұны қарақшылар біліп, Сүзгенің қорғанын шапқан. «Ханымды тірідей қолға түсірсек, Көшім қайта оралады» деп ойласа керек. Бірақ, кіші ханым Ермактың қолына түспей, өзін мерт еткен.
Көшім хан Ермак өлген соң, отар­шылдар тынышталады деп ойлайды. Бірақ ақ патша алғашқы шапқыншылық ізімен қарулы жасақ­тарын топ-тобымен жібереді. Олар Тобыл бекінісін салып, Көшімді қудалауын қоймайды. Ақыры, Сүзге өлген соң, он бес жылдан кейін Көшімнің хандығын күйретеді. Бүкіл әулетін Обь өзенінің бойында тұтқындап, Ресейге жер аударады. Ешқайсысы кері қайтпайды, біразын шоқындырады, құлдыққа, күңдікке салады, ал Сүзге таза қалпында кетеді. Бұл – 1580 жылдардағы уақиға.
Қазіргі Назарбаев орталығындағы кітапхана – бұрынғы Сейфуллин кітапханасы. Сонда «Ресейдің Сі­бірді жаулауы» деген орысша кітап бар. Кімнен жаулап алды? Көшім ханнан. Бұл туралы белгілі тарихшы Николай Карамзин де жазған.
Ендігі оқталып жүргенім, Иван Грозный Қазан хандығын ал­ғанда патшайым болып отырған Сүйін­­бике жайында. Сүйінбике оқи­ғасы Сүзгеден бұрын, 1550 жылдары болған. Патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты Қазан хан­дығын құлатудан басталады. Сол кезден бастап Татарстан Ресейдің құрамында. Бұл туралы да мақала шыққан «Қазақстан әйелдеріне». Мұны көркем шығармаға айналдыру ойы сонда туып еді. Сүйінбике туралы деректер қатты қызықтырып, былтырғы қыркүйекте Қазанға бардым. Күйеуі, Қазанның патшасы болған Сапагерейге арнап қызыл кірпіштен өріп салдырған мұнара бар екен, әлі сақталған. «Сүйінбике мұнарасы» деп атайды татарлар.
Сүйінбике – тарихтағы кәдімгі Едіге бидің алтыншы ұрпағы. Едіге – Нұрадын – Оқас – Мұса – Жүсіп – Сүйінбике. Едігенің сүйегі – бір деректерде Қоңырат, бір деректерде Қыпшақ. Сүйінбике өзінің бір бәйітінде «Атым – Сүйінбике, затым – Ноғайлы» деп жазады. Алтын Орда ыдырағанда алты-жеті хандық бөлініп шығады ғой: Қазан, Қырым, Ноғайлы, Қазақ, Астрахан… хандықтары. Жүсіп Ноғайлының биі болған. Жалғыз қызын Қазанның сол кездегі ханы Жанәліге ұзатқан. Ол қайтыс болған соң орнына келген Сапагерей ханға тұрмысқа шығады. Сапагерей дұшпандарының қолынан өліп, үш-төрт жасар ұлы Өтемісгерей мұрагер деп танылады. Ол кәмелетке толғанша, Сүйінбике регентша ретінде таққа отырады. Сол кездері Иван Грозный хандықты құлатқан. Сүйінбикені тұтқындап, Мәскеуге алып кетеді. Ақыры, қорлыққа шыдамай, бар-жоғы отыз алты-отыз жеті жастағы Сүйінбике мұнарадан құлап өлген.
Өзі өлең жазған екен. Ол кезде өлеңді «бәйіт» деп атаған. Сапа­герейді жоқтауы, тұтқындалып кетіп бара жатқанда Қазанмен қоштасу бәйіті, жалғыз ұлын шоқындырып, орыстар өлтіргенде жазған бәйіті сақталған. Мұны татарлар да, орыс­тар да зерттеген, бәрі Сүйінбикенің Ноғай ордасының қызы екенін, Едігенің ұрпағы екенін мойындайды. Міне, осы деректерді жинап келдім, енді қорыту үстіндемін. Мұхтардың «Абай жолын» қайта оқып жатқаным да сол, тарихи дү­ниелерді қалай пайдаланғанын пы­сықтап, зерделеудемін.
Енді Астанадан Сүйінбикеге көше беру жөнінде ұсыныс жасап жатырмыз әр жерге. 2015 жылы туғанына бес жүз жыл толады, мерейтойға орай ескерткіш тұрғызсақ деген ой да бар. Оған дейін қолға алған дүниемді бітірсем. Негізі мақала етіп, кеңейтіп жазып қойдым, десе де көркем шығарманың орны бөлек қой. Ол – Сүзгеге қарағанда күрделі тұлға, ел билеген, елін қорғаған… қаһарман тұлға.
Тағы бір қазақ әйелі туралы «Бір махаббат баяны» деп жаздым. Ол – Сібірге жарының артынан іздеп барған Мархума – Мұхамеджан Қаратаевтың жары. Мен сол кісімен ғана жүздестім. Бірақ, «итжеккенге» Хамза Есенжановтың, балалар жазушысы Өтебай Тұрманжановтың да әйелдері барған дейді. Олармен кездесе алмадым. Бірақ, солардың бәрінің жиынтық бейнесі ретінде «Бір махаббат баянын» жазған едім. Менің тарапымнан жаяу-жалпы Сібірге тентіреген апаларымыздың рухына бағыштаған ескерткішім осы еді. Енді азаттықтың алғашқы құрбанына қаһарман аруды қалыптап шықсам деген ниет үстіндемін. Алладан соған медет тілеймін.

– Әігімеңізге рахмет!

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button