Жаңалықтар

БАЛАДАН – БЕСТІК, АТА-АНАДАН – АҚША

fmoney9t1

Өткен жолы құрбымның үйіне барған едім. Інісі Мирасты дүкенге жұмсай қойып еді – қипақтап, барғысы келмеді.

– Микош, барып келе қойшы, 100 теңге берем, – деді құрбым.

– Аз ғой, – деп күңк ете қалды бүлдіршін.

– Жарайды, 200 теңге…

Саудаласып болған соң Мирас дереу бәтіңкесін киіп, шығып кетті. «Әр ісін бұлдайды өйстіп» деп, құрбым езу тартты.

Рас, ақшаны басты стимул көретін жеткіншектер жетерлік. «Сабақты жақсы оқысаң, жылдың соңында айфон әперем» деп уәде беретін ата-аналар да көп. «Әр жетістігі үшін ақша дәмету бара-бара баланың қанына сіңіп кетеді. Ондайлар кейін ақы-пұлсыз өздігінен әрекет етпейтін болады, – дейді психолог Сәуле Қуантқанқызы. – Осыған қатысты қызық мысал айтып берейін. Бір кісінің ағаш шарбағын көрші балалар күнде сындырып кете береді екен. Әрі ойланып, бері ойланып, әлгі кісі сотқарларды шақырып алыпты. «Шарбақ сындырғандарың үшін әрқайсыңа 100 теңгеден беріп тұрамын» дейді ол. Мұны естіген балалар қуанып, бұзақылықтарын одан әрі жалғастыра береді. Аптаның соңында шарбақтың иесі балаларды қайта жиып алып, ақшасының аз екенін, ендігәрі 100 емес, 50 теңгеден төлеп тұратынын айтады. Балалар бұған да бас изейді. Бірнеше күннен соң қожайын балаларды шақырып, 10 теңге ғана бере алатынын жеткізеді. Сонда ішінен біреуі шығып: «Ағай, төлейтінің небәрі 10-ақ теңге! Мұндай мардымсыз ақшаға шарбақ сындырмаймыз» деп, достарын ертіп, кетіп қалыпты. Міне, ақшаға дәніккен балалар да тура осылар секілді».

Десек те, жетістігі үшін балаға қалағанын әперіп, көңілін аулау – ежелден бар әдіс. Белгілі қаламгер марқұм Дидахмет Әшімханұлы баласы Дәулеттің бір бет проза оқығанына – 2 теңге, бір бет поэзия оқығанына 1 теңге берген екен. Есейе келе ұлы кітапты ақшасыз-ақ қызығып оқи бастапты. Ал, саясаттанушы Ерлан Қаринның отбасында жақсы оқығаны үшін, жарыстардан жүлделі орын әкелгені үшін балаларға ақша немесе бағалы сыйлық беру дәстүрі жоқ көрінеді. Кішкентайлардың жетістігін дастарқан жайып, атап өтеді. Оқу жылы аяқталғанда, көрікті жерлерге апарып қыдыртады. Қаржылай мотивацияның ең мықты түрін әнші Мұқасан Шахзадаев беретін болып шықты. «Осы тоқсанды «беске» бітірсең, қалаған нәрсеңізді әпереміз» деп, анасы екеуміз балаларымызға уәде береміз. Айфонды да, ноутбукті де – бәрін әпердік. Қазір үш баламда – үш айфон. Сол үшін де тырысып оқиды» дейді Мұқасанның өзі. Актер Алмат Сақатов балаларына қымбат гаджет емес, кітап сыйлайтынын айтты. Мұндай материалдық қолдауға қоғам қайраткері Мұрат Әбенов қарсылық білдірді: «Бала тек өзі үшін оқитынын түсінуі керек. Пайда көрем деп жасаған іс нәтиже бермейді».

Жарайды, оқу туралы әңгіме бір бөлек дейік. Істеген шаруасына да ақы дәмететін ұл-қыздар бар. Әлбетте, оларды осындай «нарықтық» қарым-қатынасқа үйрететіндер – әке-шешелері. «Қарапайым еден жуушыны алайық. Осы жұмысы үшін оған да ақша төлейді ғой. Менің балам да тура солай еңбек етті» деп тайталасады кейбірі. Бірақ, бала еден жуушы секілді бөтен біреудің емес, өзінің үйін тазалады ғо      й. Үй дегеніміз – бауырлармен, туыс-туғанмен қарым-қатынас орнататын орта, жылы сезімдердің ұясы. Ал, сезімге қатысты нәрсенің ешбірі «ақшаның тіліне» аударылмайтынын ұқсақ екен…

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button