Балалар ақшасының болашағы қандай?

Астана қаласының тұрғыны Салихиден Нұралыұлының үйелмелі-сүйелмелі алты баласы бар. Енді ол «елімізде балаларға арнайы есепшот ашылып, жыл сайын шамамен сол есепшотқа 150 доллар салынып тұрады» деген хабарды естіп, «соның бүге-шігесін қалай білуге болады?» деп алаңдаулы. Бұл ақпаратты көпшілігіміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естідік. Дегенмен «бұл ақша қашан аударылады және балаларға қалай беріледі, оның жай-жапсары неде?» деген сауалдар төңірегінде нақты біліңкіремейміз. Біз осыған назар аударып көрдік.
Ақша салынады, алынбайды
2022 жылдың 1 қыркүйегі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын.
Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асыра бастауды тапсырамын» деді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бар да, оны орындау тетіктері бар. Ол қалай жүзеге асырылмақ? Осы тұрғыда біз белгілі экономист-сарапшы Қанатберген Нұровтың пікірін сұрадық.
– Бұл – Қазақстан Президенті тарапынан көрсетіліп отырған балаларға деген үлкен қамқорлық. Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық балаға теңдей бөлініп берілуі, әсіресе, ұл-қыз өсіріп отырған ата-аналарды қуантары сөзсіз. Дегенмен Жолдауда айтылған Президенттің осы ұсынысынан кейін сарапшылар арасында түрлі пікір болғанын жасыруға болмайды. Кейінірек белгілі болғанындай, жоба 2024 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылып, онда ашылатын есепшотқа 150 АҚШ доллары салынатын болды. Міне, осы мәліметтерді құлағы шалған бес, алты, жеті, одан да көп перзенті бар ата-аналар «ақшаны бала 18 жасқа толғанын күтпей, бір-екі жылдан кейін алып тұруға болатындай мүмкіндік жасамай ма?» деп өтініш айта бастады.
Дұрыс, 2024 жылдан бастап барлық балаға белгілі бір сомада ақша аударыла бастайды. Бірақ оны бала да, оның ата-анасы да (қамқоршысы) бала кәмелет жасқа, яғни 18-ге толмай ала алмайды. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының негізгі мақсаты – қаржыны балалардың оқуы мен тұрғын үй алу мүмкіндіктеріне арнап жылдар бойы жинақтау. 2000 жылдан бері мұнайдан түсетін табыстың негізінде жиналған пайданың бір бөлігін балаларға бөлу олардың болашағын осы күннен бастап ойлаудың жарқын көрінісі деп түсінемін, – деді экономист-сарапшы.
Мұның бәрі – инвестиция
Жақында Қазақстанның Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров журналистерге балалардың ұлттық қоры бағдарламасы туралы біраз түсініктеме берді. Оның айтуынша, аударылатын ақша көлемі бірнеше жылғы инвестициялық кірістің мөлшерімен айқындалатын көрінеді. Неге десеңіз, 2022 жыл, бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстанның Ұлттық қоры үшін де ауыз толтырардай табысты бола қоймапты. Сондықтан Ұлттық банкпен және басқа да сарапшылармен ақылдаса келе, бала 18 жасқа толғанша бірнеше жылдың орташа инвестиция табысын салып тұруға тоқтам жасалған.
«Бұл жобаға халық ризашылықпен алғысын білдіруде. Соған орай біз де көпшіліктің мүддесінен шығу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз. Тыңнан басталған істің анықтайтын, келісетін, тәжірибе жүзінде жетілдіретін тұсы көп болады. Жұмыс жаңа басталып жатқандықтан, бірінші кезеңде нақты аударымдарға есеп жүргізілген дұрыс. Мәселен, келесі жылдың қаңтарында бала 17 жаста болса, оның есепшотына тиісінше 100-150 доллардай ақша түсуі керек. Ал 8 жасар бала кәмелетке толғанша жыл сайын оған 1500-2000 доллардан жиналуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, 18 жасқа толғанда ол бала қанша ақшаға ие болады, оны қазір тап басып есептеп шығару қиын. Өйткені айналымда болатын ақшаға үстеме өсім қосылады.
Қазір бізге «балам 18-ге толғанда қанша ақшаға ие болар екен?» деген мәндегі сауал көп қойылуда. Тағы да қайталап айтамын, оны дәл қазір тап басып ешкім есептеп шығара алмайды. Тіпті жаңа дүние есігін ашқан сәбилерге алғашында 150-200 доллар аударылғанның өзінде олардың ақшасы келесі жылдары өсетін болады. Оның үстіне алдыңғы жылғы кірістің 50 пайыз үстемесі қосылады. Мұның бәрі – инвестиция. Біздің есебімізше, 18 жылда Ұлттық банк осы жүйедегі баланың есепшотына шамамен 3,5-4 мың доллар ақша салуы керек» деді министр.
Тағы бір айта кетерлігі, балалар үшін есепшот автоматты түрде ашылады. Барлық мәлімет Әділет министрлігінен алынды. Қазақстандықтар Балалар қорынан түсетін ақшаны осы бағдарламаның операторы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арқылы біліп отыруына болады. Инфляцияның әсерін азайтуға септігі тию үшін ақшаны АҚШ долларымен аудару көзделуде.
Тамшыдай болса да…
Шоттағы ақшаны бала да, оның ата-анасы да көруін көргенмен, ала алмайды. Ал 18 жасқа толғанда есепшот иесі қаржысын тек екі бағытта жұмсай алады. Бірі – білім алуына, екіншісі – баспана алуына. Міне, осы жерде көптеген түйткіл туындап отыр. Қоғам белсендісі, белгілі заңгер Тұрсынхан Ілиясовтың пікірінше, мұндай шектеулер кез келген адамға ұнамауы сөзсіз.
«Бұл – қазір бізге құзыретті оператордың қойып отырған талабы. Бала шетелге шығып оқи алмайды. Пәтерді де тек Қазақстан аумағында алуына рұқсат. Әрі сол ақшаға алынған үйіңізді сатуға да шектеу қойылады. Егер бала 18 жасқа дейін елден кетіп қалып, азаматтығын өзгертсе, төлем мүмкіндігі жойылады. Жиналған қаржысы да басқа балалардың есепшотына бөлінеді. Ал бала елден кеткенмен, азаматтығын жоймаса, қаржысы сақталады. Сондай-ақ жинақталған қаржысын мұрагерлікке беру, өзі әрекет ете алмаған жағдайда ата-анасының, қамқоршысының пайдалану мәселесі де ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес қарастырылған. Мұның бәрі бір қарағанда көкейге қонатын да сияқты. Алайда тереңірек ой жүгіртіп қарасақ, қазіргі әр қазақстандық сәби сол ақшаға 2042 жылы оқуын оқып, пәтер ала алар ма екен? Санап көріңізші, келесі жылы 12-13 жасқа толған балаға енді 5-6 жылда 700-800 доллар жиналады екен. Қазіргі бағамен есептегенде – 330-360 мың теңге. Қазір Еуразия ұлттық университетінің ақылы бөлімінде жылдық оқу ақысы – 1,6 миллион теңгеден 2,8 миллион теңгеге дейін. Ал жинақталатын 2-3 миллион шамасындағы ақшаға пәтер алу мәселесін тіпті ойламай-ақ қойса да болады. Сондықтан осы «Ұлттық балалар қоры» бағдарламасымен дендеп айналысып жатқан, қолында құзыреті бар шенділерге Мемлекет басшысы тапсырмасын нақты орындауда тағы бір салиқалы ойланып, ең болмағанда баланың толық жоғары білім алуына жететін қаржы жиналу мүмкіндігін қамтамасыз ететін тетіктерді қарастыру керек сияқты.