Басты ақпарат

Балалар бақытты болуға жаралған

cdf2d693-eee0-481e-8420-d3cf85bd1583

Баяғыда бір баласы етегінен тартып, бірі аяғына оралып, әбден мазасын қашырған жеңгеме жаным ашып: «Бәрін төбеден бір-бір қойып, неге отырғызып қоймайсыз?» дегенім бар. Балалықпен айтқан сөзіме бір жымиған жеңгем: «ертең балалы болғанда сені де көрермін» дегені есімде. Расымен, кейін өзіміз отбасылы болғанда, іштен шыққан балаңның ыстық, әр жасаған бұзықтығының өзі тәтті болатынын сезінген едік. Тіпті, өзгенің кішкентайын көрсек, өзіміздікідей еркелететін болдық.

Иә, бар бақытымыз да, қызығымыз да, күйбең тіршіліктің көлеңкелі сәттерін ұмыттыратын да – балаларымыз. Қазақ байлығын қорасындағы малымен емес, бауырындағы баласымен өлшегені бекер емес. Бала көбейсе, бұл бір отбасының құт-берекесі ғана емес, күллі елдің байлығы, ұлт демографиясына дем берер жемісі.

Баланың бөтені жоқ. Жер бетіндегі барлық жеткіншек бақытты болуға лайық. Ал бақыттың кілті – алдымен ата-ананың қолында. Әр әке-шеше бауыр еті баласына мейірімін төгіп, білім беріп, жүрегіне имандылық нәрін құйып, саналы азаматтар етіп тәрбиелеуге міндетті.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Осы күні ғана емес, біз балапандарымызға өмір бойы қорған болуға тиіспіз. Себебі, әр баланың санасы – жазылмаған аппақ парақ секілді. Олар қатыгез қоғамның қулық-сұмдығынан бейхабар. Жұрттың бәрін де жақсы адамдар деп қабылдайтын періште көңіл балаларымыздың жүрегіне титтей де жарықшақ түсіруге жол бермеуіміз керек.
Ең бастысы, балалардың бәрі аман болсын! Қазақтың әр шаңырағына қылықтары балдай тәтті сәбилерді нәсіп етін! Балаларға қуаныштың төресін сыйлайтын мереке құтты болсын!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button