ҚоғамМәселе

Балалар боқтампаз болып барады

Қала тұрғындары көп жүретін, сауда ойын-сауық орталықтарының маңы, саябақтар мен жағалауларды араласаңыз, әдеттен тыс жағдайды жиі байқайсыз. Дауыстап сөйлеп, даурығып тұсыңыздан өте шыққан жасөспірімдердің аузынан төгіліп тұрған орысша балағат сөздер құлаққа түрпідей тиеді. Бұл не? Тәрбиенің кемдігі ме, әлде гармондары тасыған жасөспірімдердің өтпелі кезеңдегі балалық ауруы ма? Жалпы мектепте қоғамдық орындарда өздерін ұстау мәдениеті туралы айтылмай ма?

[smartslider3 slider=795]

Тек бала емес, кейде ересек­тердің телефонның ар жағындағы адамға ауыр балағат сөздерді қасынан өтіп бара жатқан жүргіншілерден еш қымсынбастан  айтып қалатынын байқаймыз. Бейәдеп сөздер жазылған әлеуметтік парақшаға қарауға ұяласың. Мұның бәрі үйдегі кемшін дүниенің көшеге шыққаны болар. Адамның мәдениетсіздігінің еш қысылмастан бой көрсеткені. Бұл, әрине, екінші әңгіме. Алдымен бей­әдеп сөздердің адамға зиянын, құртушы күшін ашып алайық.

Қарап отырсақ, оның шығу тегінде қарғыстың ізі жатыр екен. Бұл адамның жүрегінде қатты ашудың сыртқа шығуы есептеліп, дүниенің жойқын күштерімен байланыстыратын кілт сөздер ретінде айтылады. Егер жақсы сөз жарым ырыс дегендей ­Жаратушымен тіл табыстырса, жаман сөз айтқан адамның да қарғыс сөз бағытталған адамның да жан дүниесін былғайды. Былапыт сөзбен адам өзіне, балаларына және бүкіл отбасына ең лас және аурумен қаралықты шақырады. Оның белгісі адам ағзасында көрініс тауып, жаман ауруға ұласады. Ұзақ жылдар бойы сөз бен адам санасының арақатынасын зерттеген Биология ғылымдарының докторы И.И.Белявский математикалық дәлдікпен белгілі бір энергия спектрімен адамның өзі ғана емес, оның әр сөзінде энергия заряды болатынын дәлелдеді. Және бұл сөз генге әсер етеді, жақсы сөз денсау­лықты жақсартып, өмірді  ұзартады, немесе іріген ауыз­дан шыққан сөз басына тауқымет әкеліп, тірлігін айтарлықтай нашарлатады.

Егер адам сөзбен болса да теріс энергия шығарғанда және ол адамның белгілі бір мүшесімен байланысты болса, онда бұл оларға теріс әсер етеді. Бұл құбылысты медицинада психосоматика зерттейді. Яғни жан мен дененің – психикалық факторлардың соматикалық (дене) аурулардың пайда болуы мен барысына әсерін зерттейтін медицина мен психологиядағы бағыт. Сондықтан, қарғыс айтатындар ертерек импотент болады немесе урологиялық ауруларға шалдығады дейді.

Ауыр сөз адамдардың қарым-қатынасын қиындатады. Ақыл-ойы тұйықталып, ойын жай сөзбен жеткізе алмай, тіл байлығының басқа жағына қарай дамуымен көркем мінезге бітетін көрікті ойлары қор болады. Тілді байлап тас­тайды, оның сұлулығы мен үйлесімділігін бұзады, жеке тұлғаның деградациясына әкеледі. Тағы бір қызықты нәрсе ұлттық тіл қорында  адамның  жыныс мүшелерін аралыстыратын бейәдеп сөздері жоқ елдерде туабітті Даун және сал ауруымен туылатын балалар кездеспейді.

Психологтарға салсақ, жасөсіпірімдердің жаман әдеті басқа адамды ренжіткісі келетіні немесе тыйым салынған сөздерді «сынап көргісі келетіні» ғана емес деп есептейді. Кәмелетке толмаған бала өз ортасында өзін ересек сезініп, көрсеткісі келеді. Алайда көзге түсудің басқа жолдарын білмей, осы әдетке бой ұрады. Кейде бала осылайша отбасындағы түсініспеушіліктен, достарымен жанжалдан кейін немесе мектепте нашар бағалағандықтан, ішкі стресті жеңілдетуі мүмкін. Мұны өтеді, кетеді деп жылы жауып қоюға болмайды.

Кішкентай адам үлкен өмірдің бастауында тұрып, тұлға болып қалыптасқанша әсірелеп айтсақ, басын тасқа да тауға да соғуы мүмкін. Сол жолда жаман әдетке жасынан үйір болып, өзінің ғұмырын қор етпес үшін ересектердің қамқорлығы, өмірлік тәжірибесі өте қажет.

Жасына сай қызықты әдеби кітаптар оқытып, театр, кино қойылымдарына барып, баланың ішкі мәдени деңгейін көтеру қажет. Мектептегі қамқорлық, осы тақырып­қа қатысты ағартушылық жұмыстары баланы бұрыс жолдан сақтары анық.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button