ЖаңалықтарМәдениет

БАЛАЛАР ДУМАНЫ

Бүгін Астана мен Ақмола облысындағы балалар үйінің 300-ден аса тәрбиеленушілері «Назарбаев орталығында» өткен мерекелік концертті тамашалады. 

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры ұйымдастырған шара 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылған. Балдырғандарға арналған бағдарлама мазмұны қызыққа толы. Ашық аспан астындағы алаңда «Шеберлер қаласы» орын тепкен. Сурет, киіз, твистинг, қыш-құмыра, әшекей, сабыншы, face art, тігіншілер шеберханасының қонағы болған бүлдіршіндер ұстаздардың нұсқауымен қолөнер бұйымдарын жасауға мүмкіндік алды. Ал ғимарат ішінде балаларды көңілді сайқымазақтар мен мультфильм кейіпкерлері қарсы алып, театрландырылған этюдтерді көрсетті. Сонымен бірге, астаналық музыканттар мен би ұжымдары, аниматорлар мен театр актерлері кішкентайларға өнерін арнап, көңілді кештің көркін қыздырды.

«Астанаға 80 тәрбиеленушімізді алып келдік. Таңертеңнен бастап балалар қаланың көрікті жерлерінде қыдырды. «Думан» океанариумын аралады, «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығының аттракциондарында ойнады, жағажайында шомылды. Енді міне, көңілді кешті көріп мәз-мейрам болып отыр» дейді Есіл қалалық №2 Балалар үйінің тәрбиешісі Светлана Мазолевская.

Концерт соңында әр бүлдіршін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қорының атынан MP3-плеер, қолсағат секілді бағалы сыйлықтарға кенеліп, «Тәттілер фестивалі» аясында дастарқанға қойылған дәмді мәзірден ауыз тиді.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button