Басты ақпаратСпорт

Балалар футболынсыз болашақ бұлдыр

Қатарда өткен әлем чемпионаты кезінде әр адам өзінің сүйікті командасына жанкүйер болып, төртжылдықтың басты доп аламанында Қазақстан ұлттық құрамасы қашан өнер көрсетеді деп қынжылды. Рас, футбол – спорттың төресі. Көп жағдайда елдердің әлеуметтік-экономикалық деңгейін футболдың дамуымен саралап жатады. Ал бұл спорт түрінің дамуында жасөспірімдер футболы маңызға ие. «Arlandar» футбол клубының менеджері Фазылбек ӘБСАТТАРҰЛЫН сөзге тартып, балалар футболының дамуы үшін не істеу керек, соны білдік.

– «Arlandar» футбол клубы қалай, қашан құрылды?

– 2016 жылы Португалияның «Bragalona» футбол клубының қолдауымен Астанада «Arlandar» футбол клубы құрылды. Ондағы мақсат – талантты қазақ жастары Португалияның белді футбол академиясында шыңдалып, Еуропаның беделді клубтарында өнер көрсетуіне жол ашу.

2017 жылы Португалия кәсіби футбол лигасының президенті Марио Костамен қазақстандық жас футболшыларды дайындауға келістік. 2017-2020 жылдары Португалияға 58 жасөспірімді турнирлерге апардым. Еуропада халықаралық жарыстар – футболшының талантын бағалайтын бірден-бір тетік. Жаттықтырушылар жас футболшылардың техника шеберлігін байқап, футбол академиясына қабылдайды. Осындай бақыт біздің футболшыларға да бұйырды. 2019 жылы Брага кубогын жеңіп алып, біздің жасөспірімдер өз өнерімен бапкерлердің назарына түсті. Нәтижесінде 2019 жылдың күзінде 12 футболшы Португалияның әртүрлі футбол академиясынан шақырту алды. Алайда пандемия салдарынан 2020 жылдың басында олар елге қайта оралды.

– Португалияны таң­дауыңыздың себебі неде?

– Португалия футболшылар дайындап, оларды сатудан әлем алдына жан салмайды. Бәрінен бұрын онда өмір сүру деңгейі арзан. Оқу ақысы да төмен. Қазақстан халқының қалтасы көтеретін деңгейде. Легионерлерге лимит жоқ. Футбол мәдениеті жоғары. Әйгілі футболшы Криштиано Роналдо, танымал жаттықтырушы Жозе Моуринью де сол елдің өкілі.

– Алғашқы халықаралық турнир туралы не дейсіз?

– FIFA және UEFA мамандарына, әлемнің алпауыт футбол клубтарына байланысқа шықтық. Нәтижесінде Вraga Cup турниріне шақырту алдық. «Arlandar» футбол клубын бастап барып, «Benfica», «Sporting» секілді атақты футбол клубы мен «Guimaraes» футбол академиясының футболшыларымен бақ сынадық. Сонда білгеніміз елдегі футбол клубтары шәкірттерін халықаралық жарыстарға қа­тыстыра бермейді. Тіпті «Astana» FC-ның жасөспірімдері кәрі құрлықта өтетін турнирлерде өнер көрсете бермейді. Жарыс көрмеген жастар қалай өседі?!

* Жазда футбол, қыста шағын футбол ойнаған жастардан не талап етуге болады?! Сенесіз бе, Астана қаласында қыс ауасында жастарды дайындайтын футбол алаңы жоқ.

* Жеті жылдан бері мемлекеттік мекемелер мен отандық компаниялар тарапынан қолдау көрген емеспіз. Одан Португалия мен Түркия бізге едәуір жақын.

* Қазір сол жастар қайда? Солардың ­бірде-біреуі Қазақстан ­премьер-лигасында ойнаған жоқ. Неге? Себебі ­Бразилияға тамыр-таныс арқылы жіберілді

– 2019 жылы Вraga Cup-ты жеңіп алдыңыздар. Жеңімпаз команда «Arlandar» футбол клубының төл шәкірттерінен құралды ма?

– Шыны керек, тек арландықтар болған жоқ. Қазақстандағы футбол клубтарынан іріктеп алдық. Сөйтіп, барлығы «Arlandar» футбол клубының атынан қатысты. Еуропаның футбол академияларына ша­қырту алған жасөспірімдер де елдің әр өңірінен болды.

Жастардың үміт отын өшіріп алмайық

2016 жылдан қаншама жасөспірім футболдың ­қыр-сырын меңгеріп, өмірден өз орнын табуына жол көрсеткен клубтың жетістігі аз емес. Бірақ Фазылбек Мұстанов жетістікке қарағанда саланың негізгі проблемасын қозғағанды жөн көрді. Оларға пандемияға дейін «Bragalona» футбол клубы демеушілік көрсетсе, кейінгі екі жылда Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) қолдау білдіріп келеді.

– «Arlandar» футбол клубында 180-ге жуық жасөспірім жаттығады. Оларды үш бапкер баптайды. Ал Еуропаның футбол клубтарында бір топта 18-20 футболшы болса, оларға, бас жаттықтырушыдан бөлек, психолог, массажист, физикалық дайындығын қадағалайтын және жылдамдығымен жұмыс істейтін арнайы бапкерлер болады. Тіпті қақпашының дайындығына жауап беретін мамандар бар. Яғни 20 жасөспірімге футболдың қыр-сырын үйретіп, шыңдауда 7-8 маман жеке-жеке өз міндетін атқарады.

Екіншіден, бізде футболды дамытуда инфрақұрылым сай емес. Жаз мезгілінде футболшылар даладағы жасанды газонда, ал қыста залда доп тебеді. Спорттан хабары бар кез келген адам футзалдың футболдан айырмашылығы көп екенін жақсы біледі. Жазда футбол, қыста шағын футбол ойнаған жастардан не талап етуге болады?! Сенесіз бе, Астана қаласында қыс ауасында жастарды дайындайтын футбол алаңы жоқ.

– Қазақстанда футболдың дамуына кедергі келтіретін басқа қандай факторлар бар?

– Бірінші кезекте – жемқорлық. Үлкен қаржы жүрген жерде ықпалды адамдардың мүддесі болады. Ұлттық құраманың сапына ілігуде осындай фактор бар екенін жоққа шығара алмаймыз.

2002 жылы 25 сәуірде Қазақ­стан футбол федерациясы ­Еуропа футбол қауымдастығы одағының құрамына қабылданды. Сол кезден бастап УЕФА елдегі футболдың дамуына қомақты қаржы бөлді. Алайда жасөспірімдер футболына қажетті бірде-бір футбол алаңы салынбады. Әйтеуір әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының қасында Қазақстан футбол федерациясының штаб-пәтері мен жабық алаң салынды. Болды. Басқа немен мақтана аламыз?..

«Arlandar»-ға дейін де футбол клубтары болды. Өйткені елорданың жастары бізге дейін де доп тепті. Қазіргі клубтардың құрылғанына әрі кетсе 2-3 жыл болды. Неге? Оның бір ғана себебі бар – жастар футболын дамытуға ниеттенген азаматтар бірнеше жылда басы тасқа тиеді. Сосын клубты жауып тастайды. Қолы ұзын тұлғалар қолдаудың орнына қайта қолдан кедергі келтіреді.

Жеті жылдан бері мемлекеттік мекемелер мен отандық компаниялар тарапынан қолдау көрген емеспіз. Одан Португалия мен Түркия бізге едәуір жақын.

Қазір Олимпиадалық даярлау орталығының «Сарыарқа» велотрегі мен Жақсылық ­Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайындағы залды жалға аламыз. Бұл сарайлардағы қыз­мет сағаттап емес, минутпен өлшенеді. Ал оған көп футбол клубтарының қаржылық әлеуеті жете бермейді.

– Елде футболды дамытудың жолы қандай?

– Қатардағы әлем чем­пионатында Марокко табыс­ты өнер көрсетті. Германия, Испания сынды әлемнің белді командасының осал тұсын тап­қан Жапония да футбол даму жолын тапты. Бұл екі елдің де футболшылары Еуропаның клубтарында өнер көрсетеді. Мейлі олар ондағы ортанқол командаларда өнер көрсетсе де, техникалық, тактикалық тұрғыда шеберлігі шыңдалғанын көруге болады.

Қазақстанда футболды дамытудың бір жолы – Еуропаның белді футбол академияларында біздің жастардың тәлім алуына мән беріп, клубтарында өнер көрсетуіне қол жеткізу маңызды. Мойындау керек, Қазақстан – Еуропа футболының тұтынушысы.

– Сіздің ойыңызша, талантты жастарды іріктеп Еуропаға жіберу керек. Солай ма?

– Дұрыс айтасыз. Тек талантты, талапты жастарды іріктеп, солардың бағын ашу маңызды.

2007 жылы экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаев Бразилияға сапарында «Ole Brazil» жобасы аясында жастарды дайындауға қол жеткізді. Сөйтіп, жүздеген қазақ жастары «Botafogo» клубының академия­сында футболдың қыр-сырын меңгерді. Қазір сол жастар қайда? Солардың бірде-біреуі Қазақстан премьер-лигасында ойнаған жоқ. Неге? Себебі ­Бразилияға тамыр-таныс арқылы жіберілді.

Қайбір жылы Тараз қаласында Португалияға жолдама алуға жастарды жинап, іріктедік. Әлгі жастарда ешқандай эмоция жоқ. Себебін сұрадым. Сөйтсек, бірнеше жыл «Бразилияға барасыңдар» деп іріктегенмен, әйтеуір доп не екенін білетіндер жіберіліп отырғандықтан, оларда сенім жоғалған екен. Өзіңіз айтыңызшы, үміт оты өшкен адамда қандай эмоция болады?!

– Бір сөзіңізде «Қазақстан – Еуропа футболының тұтынушысы» дедіңіз. Оны қалай түсіндіресіз?

– Оның мәні мынада, Еуропа­ның футбол трансляциясын тұтынамыз. Букмекерлік кеңселер арқылы солардың клуб­тарына қомақты ақша тігеміз. Еуропа футбол клубтарының атрибутикасы бар футболкалар мен шарфтарды сатып аламыз. Еуропа мен Африканың ортанқол футболшыларын легионер ретінде шақырып, қомақты қаржы төлейміз. Көрдіңіз бе, миллиондаған, тіпті миллиард­таған теңгенің қаржысы сыртқа кетуде.

– 1930 жылдан бері 22 рет әлем чемпионаты өтсе, соның 12-сінде Еуропа командалары дараланды. Тіпті 2006-2018 жылдар аралығында өткен 4 чемпионатта кәрі құрлық құрамаларына тең келетін команда болмады. Осы тұрғыда Еуропаны мойын­даймыз. Алайда футболды дамытудың тағы бір тетігі – орта білім беру саласында жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттыру. Бұл жайлы не дейсіз?

– Қазіргі жасөспірімдердің таңертеңнен кешке дейін смартфон тұтыну салдарынан қозғалысы азайды. Адамның физикалық белсенділігі төмендеген жағдайда иммунитеті төмендеп, әлсіз, аурушаң болады. Олар телефондағы керекті-керексіз ақпаратты алып, білім алуға құлықсыздық танытуда. Мұны күнделікті өмірде көріп жүрміз. Енді не істейміз? Баланың дене қозғалысы белсенділігін арттыру арқылы оқуға қызықтыру керек.

2008 жылы «Мектеп пәндерін футбол арқылы үйрету» атты жобаны патенттедім. Мақсат – сабақ кезінде оқушының қозғалысы арқылы қажетті білім беру.

Бүгінде көптеген ата-ана хабарласып, баласын аманаттап жатады. Өйткені ұстазды да, ата-анасын да тыңдамайтын балалар көбейіп келеді. Біз ондай жастардың футболға деген сүйіспеншілігін оятып, қызықтырып, содан кейін рухани тәрбие беруге басымдық береміз. Шүкір, біздегі талапты жастардың оқу үлгерімі жақсарды.

– Алда қандай жоспар­ларыңыз бар?

– Басты тауға да, тасқа да соққан кездері «Arlandar» футбол клубын жауып тастасам ба деп ойлаймын. Бірақ қаншама жастың обалына қаламын ба деп қорқамын. Шетелдегі әріптестеріммен тіл табысып, қаржы тартып келеміз.

4-8 сәуір аралығында Португалияда ХV Azares халықаралық турнирі өтеді. Соған команданы дайындап жатырмыз. Бұған да 1911 жылы негізі қаланған Micaelense футбол клубы демеушілік көрсетеді.

Біздің футболшылар сәтті өнер көрсетіп жатса, Еуропа футбол академияларының сапына қосу ниетіміз бар.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button