Басты ақпаратРуханият

Балалар музейге неге бармайды?

Англияда оқып жүргенімде, көрші келіншектің алты жасар қызымен бірге апта сайын музей аралайтын едік. Онда біз экспонаттарды да тамашалап, квест те ойнап, жарысқа да қатысып қайтатынбыз. Бір таңғалатыным, қашан көрсең де музейге келуші кісілердің қатары үзілмейтін. Олардың дені балалар-тұғын. Біздің елде музейге баруға құмартып тұратын баланы онша көрмейсің ғой. Осының себебін білмек ниетпен өткен жолы 1-сыныпта оқитын сіңлім Елдананы жетектеп, Астанадағы үш музейге апардым.

Музейлерден не көрдік?

Әуелгі бағытымыз Бей­бітшілік көшесіндегі Тұң­ғыш Президент музейі болды. Кіру тегін екен. Киім­дерімізді ілген соң, музей қызметкері бізден бахилы кию­імізді талап етті. Аурухананың атмосферасын еске түсіретін әрі емін-еркін жүруге кедергі туғызатын болғандықтан, бүгінде бахилы беру «дәстүрінен» әлемнің көп музейлері бас тартқан. Атақты Луврда да, Британ музейінде де, Эрмитажда да аса құнды жәдігерлер сақталғанымен, ешкім де қонақтарды бахилы киюге мәжбүрлемейді. Алайда біздегі ереже басқаша болғандықтан, амалсыз мойынсұндық. «Тәте, аяғым ыстықтап кетті», «Мынаны кисең еденде тайғанайды екенсің», «Жыртылып жатыр, жүре берейін бе?» деген сіңлімнің мың қайтара сұраған сұрақтарынан-ақ оған ыңғайсыз болып келе жатқанын түсіндім.


Екінші қабатқа көтеріліп, Елбасының бұрынғы жұмыс кабинетіне бас сұқтық. Еш затты қолмен ұстауға, суретке түсуге болмайтындықтан, онда көп уақыт аялдаған да жоқпыз. Дәліздегі үстелде бірнеше ескі телефондар тұр екен. Оған да саусағымызды тигізбей, сыртынан ғана тамашалап өтуге тура келді. «Мына орындыққа отыруға бола ма?», «Мені осы жерде суретке түсіресіз бе?», «Ұстап көрейінші». Өкінішке қарай, бүлдіршіннің осы секілді тілектерінің бірде-біріне бас шұлғи алмадым. Әр нәрсеге тыйым салына бергеннен соң, сіңлім де жалыға бастады. Құр көзбен ғана көре бергеннен бала түгілі менің де қызығушылығым басылып қалған еді, артынша музейден шығып кеттік.


Содан соң, Әскери қару-жарақ музейіне бас сұқтық. Суретке түсіруге және қолмен ұстауға болмайды деген заң мұнда да бар болып шықты. Зеңбірек, кеме рулі тәрізді бөлек тұрған экспонаттарды қызық көріп, айналшықтап қалып едік, ізімізбен жетіп келген музей қызметкері ешқандай да мүлікке қол тигізбеуімізді тағы да шегелей айтты. Елдананың бұл жолғы шыдамы тез бітті.


Әйтеуір, Ұлттық музейде сіңлім әлдеқайда көңілдірек жүрді. Сенсорлы экранға орнатылған ойын түріндегі ақпаратты да біраз қызықтап, киіз үй алдындағы жасанды газонда да қалағанынша отырып, өзін емін-еркін ұстады.

Балаға не ұнап-ұнамады?

Үйге қайтар жолда сің­лім­нен:
– Не ұнады саған? – деп сұрадым.
– Бірінші музейдегі жанып жатқан от ұнады.
Езу тарттым. От деп отырғаны – ешқандай да экспонат емес, Тұңғыш Президент музейінің екінші қабатындағы дәлізде тұрған декоративті алау болатын. Оған қатысты ешқандай да «жақындамаңдар, ұстамаңдар» деген тыйым айтпаған соң, екеуміз де әлгінің жанына отыра қалып, желбіреп тұрған қызыл матаға саусағымызды тигізіп көрген едік. Баланың есінде сол қалып тұр ғой.
– М-м-м… Екіншісінен ше?
– Ештеңе, – деді Елдана танауын тыжыртып.
Әскери қару-жарақ музейінде баланы елі­тетіндей нәр­селерді шы­­­нымен де тап­­паған едік. Не нәр­сеге жақындасақ та, артымыздан аңдып жүрген музей қызметкері «Оны ұстауға болмайды! Бұл экспонат!» деп ескерту айтумен болған. Экспонаттың құндылығын ересектер сыртынан көріп-ақ түсінер. Бірақ балалар үшін оны құр көзбен көріп қана әсерлену қиын ғой. Олар затты ұстап, иісін иіскеп, дыбысын тыңдап көргеннен кейін түйсінбей ме?! Мәселен, бағанағы біз көрген кеме рулінің немесе ескі телефондардың жанына тұп-тура солардың көшірмесін қойып қойса, балалар соны өздері ұстап, қалай жұмыс істейтінін тәжірибе жүзінде байқап көрсе, сол сәт есінде ұзағырақ қалар ма еді?! Әскери қару-жарақ музейіне барғанында, бір бұрышқа әскери киімдер іліп қойып, келушілерге оларды киіп, суретке түсіп, сол замандағы атмосфераға енулеріне мүмкіндік берсе, қандай тамаша?! Сурет демекші, фотоға түсуге болмайды деген тыйым да балаларды кәдімгідей қобалжытады екен. Не нәрсені болсын, әлеуметтік желіде бөлісуді әдетке айналдырған жас буын қайта сол музейлерде көргенін достарына да көрсетіп, ақпараттың мейлінше көбірек таралуына үлес қоспай ма?! Дамыған елдердің тәжірибесі бойынша, керісінше, келушілерге арнайы фото-зона орнатылып, «Біздің музейді өз парақшаңда белгіле! Суреттеріңді мына хештэгпен бөліс!» деген сияқты ұсыныстар айтылады. Сайып келгенде, құнды жәдігерді суретке түсіргеннен оның құндылығы азайып қалмас, қайта оны жастарға жарнама­лау­ға жақсы жол ашылар ма еді?! Балаға тағы бір ұнамаған нәрсе музей қызметкерінің соңымыздан бақылап, әр әрекетімізді бағуы болды. Ғимараттың бұрыш-бұрышында камералар орнатылған, оған сенбей, келушілердің ізін аңду оларға психологиялық тұрғыдан ыңғайсыздық тудырады.

Елданаға үшінші музейден көп нәрсе ұнапты. Әсіресе, Ежелгі дәуір залындағы элек­тронды тақталардан қатты әсерленген-ау, қайта-қайта соны айта берді. Демек, балалар үшін музейлерде диджитал өнімдерді көбірек ұсынса, бұл да кішкентай келушілерді тартуда артықшылық
болады екен.

 

Шетел тәжірибесі қандай?

Биылғы жазда Белфасттағы Титаник музейіне барудың сәті түсті. Солтүстік Ирландияға қыдырып келетін қонақтардың бірінші кезекте бет түзейтін жері сол. «Титаникке» қатысты көп жәдігерлерді көретін болдық қой деп тұрғанымызда, музей қызметкері ондай заттардың бұл музейде жоқтығын айтты. Сөйтсек, «Титаниктің» Белфастта жасалынғанын санамасаң, кеме мен қала арасында айтарлықтай байланыс та жоқ екен. Музей тұтастай-дерлік көшірме заттардан тұрады. Мәселен, кемедегі каюталар, еденге төселген кілемдер, мейрамханадағы ыдыс-аяқтың дәлме-дәл көшірмесін жасап, алдыңызға ұсынады. Өзіңізді сол кеменің жолаушысы ретінде сезінгіңіз келсе, бұрыштағы шкафтан қалаған киіміңізді киіп көріп, суретке түсе беруіңізге болады. «Титаниктің» барменімен, капитанымен тілдесемін десеңіз, ол тілегіңіз де оп-оңай орындалады. Техниканың көмегімен алдыңызға әлгі адамдардың сұлбасы шығып, сізге әңгімесін айтып береді. Тіпті, кішкентай көлікке мініп алып, «Титаниктің» бойымен бірдей биіктікке дейін көтеріліп, кеменің сыртқы бөлігін де зерттеуіңізге рұқсат. Бір сөзбен айтқанда, қолдарында санаулы ғана жәдігер бола тұра музей әкімшілігі келушілерге «Титаник» туралы керемет тур ұйымдастырып береді.
Тағы бірде Манчестердегі Ұлттық футбол музейіне бардық. Музейдің ішінде өзіңді Уэмбли стадионында отырған жанкүйер сияқты сезініп, атақты ағылшын бапкерлерінің дауысын телефоннан естіп, футболшы­лардың дене бітімінің ерекшелігін электронды тақтадан зерттеп, керек десеңіз, олардың заттарының иісін мұрын тақауға арналған кішкентай тесік арқылы иіскеп көрсеңіз де болады.
Ұлыбританиядағы кішігірім музейлердің өзі балаларды қызықтыру үшін барын салады. Мысалы, Шеффилдтегі Уэстерн Банк музейінде апта сайын тақырыптық іс-шаралар өтіп тұратын. Бір жолы барғанымызда Англия­ның аумағында өмір сүретін жан­уарлар жайлы тақырыпқа тап келдік. Балалар олардың сыртқы жүні, жейтін азығы, мекендейтін іні жайлы ұстап-біліп зерттеген соң, соңында оларға әрқайсысының тезегін көру арқылы оның қандай жануар екенін табуға тапсырма берілді. Балалар түгілі біздің өзіміз қызығып кетіп, бас қатырып жүрміз ана жерде. Тағы бірде сол музейде Күн жүйесіндегі тоғыз ғаламшарды таныстырған көрме ұйымдастырылды. Онда кішкентай құтыларға ғаламшарлардың химиялық құрамын салып, нәтижесінде әрқайсысынан шыққан иісті иіскетті. Солайша балалар Жермен қоса сегіз планетаның да иісі қандай болатынын түсінді. Ағылшын балаларының музейге жиі бару себебін де ұққандайсыз ба енді?

   P.S:     Музейдегі дүниенің, ең әуелі, келер ұрпақ үшін сақталатынын ескерсек, сол жас буынды музейге тартуға мейлінше көп күш салу керек сияқты. Әйт­песе қанша құнды жәдігерді алдарына қойсаң да, оларды ұсынудың жолы қызықсыздау болғандықтан, балалар музейді емес, дәл қазіргідей ойын-сауық орталықтарына баруды аңсай беретін болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button