Әлеумет

Балалар қауіпсіздігі – бақылауда

Астана қаласы мәслихатының бір топ депутаты елордада балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге қатысты бірқатар нысанды аралады. Соның барысында бұл бағыттағы кейбір мәселелерді анықтады. Аталмыш жұмыс енді қалалық мәслихаттың алда өтетін қоғамдық тыңдауында талқыланады.

Елордалық мәслихат тө­ра­ғасы Табиғат Зейнұлқабден бастаған депутаттар тобы алдымен арнаулы әлеуметтік қыз­меттерге мұқтаж балаларды қолдау орталығын аралады. Мекемеде 3-18 жас аралығындағы 85 жетім бала тәрбиеленуде. Орталық директоры Индира Нұрмұхамбетованың айтуынша, мұнда, негізінен, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар түседі. Қала халқының өсуіне байланыс­ты орталыққа жүгінетін балалардың саны да артып келеді.

«Елордалық Білім басқармасының бастауымен жаңа ғимарат құрылысы жүргізілмек. Онда асхана, музыка залы, демалыс орны, әкімшілік бөлім, медициналық блок қарастырылады. Сондай-ақ орталықта бүгінде 6 коттедж бар. Оларға да жөндеу жасалмақ. Аталған жұмыс­тың барлығы биыл аяқталады деп жоспарланып отыр» деді өз сөзінде орталық директоры.
Қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Кендебай Адамбектің айтуынша, аталмыш нысандағы мәселелер бұған дейін де шешіліп, бүгінде депутаттардың тұрақты бақылауында.
– 20 ақпанда Астана қаласы мәслихатында «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кешенді тәсілі» тақырыбында қоғамдық тыңдау өтеді. Соның аясында бірқатар нысанды аралап, әлеуметтік мекемелердің жай-күйімен таныстық. Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы бейнебақылау жүйесімен толық жабдықталған, бақылау-өткізу пункті қарастырылған. Десе де мекемеге жаңа қоршау керек екенін көрдік. Сол секілді мекемеде орталықтандырылған тамақ дайындайтын орын жоқ. Тек бір жерде ғана асхана қарастырылған. Осы нысандарды аралау барысындағы мақсаттың бірі – балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген қаражаттың мақсатты пайдалануын бақылау, – деді мәслихат депутаты.

Кейін депутаттар Астана қаласы әкімдігінің Психология­лық қолдау орталығының жұмысымен танысты. Орталық қала деңгейінде білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагогтардың, ата-аналардың (заңды өкілдердің) психология­лық әл-ауқатын жақсартуға және психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін құруға бағытталады.

– Елордалық Психология­лық қолдау орталығы бірнеше бағытта қызмет атқарады. Олар: білім беру ұйымдарының психологиялық қызметтерінің жұмысын әдістемелік қамтамасыз ету және үйлестіру, оқу процесіне қатысушыларға психология­лық-педагогикалық консультативтік көмек көрсету және қиын өмірлік жағдайдағы балаларға әлеу­меттік-педагогикалық қолдау көрсету. Орталық мамандары кәмелетке толмаған балаларға ғана емес, сондай-ақ мектеп ұжымына, ата-аналарға да өз көмегін көрсетеді. Апта сайын мамандарымыз мектептерге семинар, тренинг өткізуге барады. Психологиялық қолдау орталығының психолог мамандары әртүрлі психология­лық тақырыптарда кеңес береді. Соның ішінде келушілер, негізінен, балалардың өзіне сенімсіздігі, педагогтар мен өз қатарластары арасындағы қарым-­қатынас, ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушілік, ажырасудан кейінгі кезеңдегі ата-­анамен қарым-қатынас орнату, буллинг мәселесіне қатысты сұрақтар бойынша жүгінеді. Соңғы жарты жылдың ішінде 553 балаға консультация­лық көмек берілді, – деді Психологиялық қолдау орталығы мекемесі басшысының орынбасары Марал Ибрагим.

Аталмыш орталық жыл са­йын жалпы 500-ге жуық балаға кәсіби көмек көрсетеді. 108 штаттық бірлігі бар мекемеде тәулік бойы психология­лық көмек көрсету телефонын ­ұйымдастыру ұсынылып, өзге де мәселелер ортаға салынды.

Сондай-ақ депутаттар психоневрологиялық патологиясы бар, стационар және жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді қажет ететін 3-тен 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың тәулік бойы тұрақты немесе уақытша тұруына арналған «Нұрлы жүрек» және «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары және отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған, қатыгездікке тап болған жандарға арнайы әлеуметтік көмек көрсететін «Үміт» дағдарыс орталығының жұмысымен танысып, нысандардағы мәселелерді бақылауға алды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button