Балалар қауіпсіздігі – ұдайы бақылауда
Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баспасөз мәслихаты өтті. Оған қатысқан қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев аталмыш жұмыстарға тоқталып, оқушылар арасында құқық бұзушылықтың, суицидтік мінез-құлық пен буллингтің алдын алу үшін қолға алынған шаралармен таныстырды.
– Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қала басшылығының және білім жүйесінің, мемлекеттік органдарының басты назарындағы мәселе. Бүгінде елордадағы балалар саны 391020 баланы құрайды. Қазіргі таңда астанада 188 мектеп жұмыс істейді. Онда барлығы 286 мың бала оқиды. Атап айтқанда, 110 мемлекеттік мектепте – 234697 бала, 72 жеке мектепте – 44696 бала, 7 республикалық мектепте – 6561 бала. Бұған қоса, 36360 студент оқитын 32 колледж бар. 13 қосымша білім беру ұйымы және 16 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Балалардың құқығын қорғау мәселесінде біздің тарапымыздан тиімді шаралар қабылданып, басым бағыттар анықталды, – деді Серік Әділбай.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда қаланың барлық білім беру ұйымы автоматты өрт дабылы жүйесіне қосылып, цифрлық бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Барлық камера мен дабыл түймесі Астана қаласының Полиция департаменті жанындағы жедел басқару орталығына қосылған. Сандық бейнебақылаумен қамтамасыз ету 100 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда қаладағы барлық білім беру ұйымында 14406 бейнекамера бар. Соның ішінде ғимарат ішінде – 10272, ғимараттың сыртында – 4134.
Барлық білім беру нысанында күзетті І санатты лицензиясы бар жеке күзет фирмалары қамтамасыз етеді. Биыл барлық білім беру нысаны (мектептер, колледждер, қосымша білім беру ұйымдары) заманауи Face ID жүйесімен жабдықталған турникеттермен жаңарды.
Оқу жылының басында Білім басқармасының ұйымдастыруымен елорданың барлық жекеменшік және мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшыларына «Білім беру мекемелерінің жай-күйі және жалпы қауіпсіздігі» тақырыбында түсіндіру жұмысы өтті. Аталған жиынға Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаментінің өкілдері қатысты.
Өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғау саласында 2023-2024 оқу жылына арналған оқу-жаттығуларды өткізу жоспарына сәйкес, барлық білім беру ұйымында қалалық ТЖД мамандарымен бірге, меншік нысанына қарамастан, білім беру ұйымының барлық басшысы, персонал мен оқушылар үшін тұрақты негізде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде жаттығулар өтеді. Осы жылдың басынан бастап өрт кезінде адамдарды қауіпсіз эвакуациялау бойынша 14514 адамды қамтумен 211 жаттығу, 5039 адамды қамтумен өртке қарсы тақырыпта 260 нұсқама өтті. 2023-2024 оқу жылында білім беру нысандарында 3174 оқушыны қамти отырып, өрт қауіпсіздігі бойынша сауалнама тесті өтті.
«Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда және Астана қаласы әкімдігінің, сондай-ақ Білім басқармасының ерекше бақылауында» деді Білім басқармасы басшысының орынбасары.
Оның сөзінше, аталмыш басқарма құқық бұзушылықтың алдын алу жұмысын күшейтті. 2024 жылдың басынан бері алдын алу кеңестерінің 1301 отырысы өтті. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,8 пайызға артық (2023 жылы – 1064, қыркүйек 2023 ж. – 632). Бүгінгі таңда ювеналды полицияда есепте тұрған кәмелетке толмағандар саны – 136 (бұрын – 148) адам. Бұл оқушылар арасында құқық бұзушылықтың 8,1 пайызға төмендегенін көрсетеді. Мектепішілік есепте тұрған оқушылар саны – 697 (бұрын – 309) адам. Өсім 125,5 пайызды құрап, білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың алдын алу жұмысының күшейгенін айғақтайды.
«Есепте тұрған кәмелетке толмағандармен жеке жоспар бойынша жұмыс жүргізілуде. Әр мектеп оқушысына және колледж студентіне әлеуметтік портрет жасалды» деді Серік Әділбай.
Елордадағы барлық жалпы білім беретін мектепте 135 қосымша білім беру ұйымдарының филиалдары жұмыс істейді. Онда 234697 оқушы оқиды. Мектептерде жұмыс істейтін үйірмелерде 84377 оқушы қамтылған. Астанадағы оқушылардың 81,5 пайызының бос уақыты ұйымдастырылған.
Мектепішілік есепте тұрған 697 кәмелетке толмаған балалардың үйірмелермен және секциялармен қамтылу деңгейі 98 пайызды құрайды. Соның ішінде 484 бала үйірмелерге қатысады, 200 бала спорт секцияларында шұғылданады, қалған 2 пайызы денсаулығына байланысты қамтылмаған.
Кәмелетке толмағандардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында іс-шаралар (сынып сағаты, әңгіме, дәріс, сауалнама, байқау, кездесу) өтеді.
«Құқық бұзушылықтың алдын алу жұмысы аясында 16 мобильді топ құрылды. 11-16 қазан аралығында мобильді топтар 8-11-сынып оқушыларымен (барлығы 27489 бала) 111 білім беру ұйымында (83 мектеп пен 22 колледж) профилактикалық дәріс өткізді» дейді басқарма басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, Астанада Психологиялық қолдау орталығы ашылды. Мекенжайы: Астана қаласы, Достық көшесі, 13. Психологиялық қолдау орталығы білім беру ұйымдарының психологиялық қызметінің жұмысын үйлестіреді. Педагог-психологтарға әдістемелік қолдау көрсетеді және оқушылар, педагогтар мен ата-аналар арасында алдын алу және ағартушылық жұмыс жүргізеді. Осы жылдың 1 маусымы мен 30 қазаны аралығында орталық психологтары 602 жеке кеңес өткізді (244 – ата-аналармен, 242 – балалармен және 116 – педагогтармен).
Қаланың 5 ауданында оқушыларға, ата-аналарға және педагогтарға тегін психологиялық-консультативтік көмек көрсету кабинеті жұмыс істейді («Нұрсая-2» ТК, №11 мектеп-лицей, №105 орта мектеп, №22 мектеп-гимназия, №92 мектеп-гимназия, №10 мектеп-гимназия). Жыл басынан бері 362 бала және 407 ата-ана психологтардан кеңес алды (2023 жылы 264 бала және 254 ата-ана). Осы оқу жылында қала мектептеріндегі психологтар саны 200 штаттық бірлікке көбейді, әр психологқа 500-750 бала жүктеледі.
«Қаладағы білім беру ұйымдарында антибуллинг бағдарламасы жүзеге асуда. Бұл жобаға қанатқақты режимде 5 мектеп (Алматы ауданының №72 мектебі, Байқоңыр ауданының №16 мектебі, Нұра ауданының №79 мектебі, Есіл ауданының №24 мектебі, Сарыарқа ауданының №6 мектебі) енді. Бағдарлама аясында буллингтің алдын алу және азайту бойынша іс-шаралар (сабақ, тақырыптық кезекшілік, бірлескен оқылым) өтіп, анықталған буллинг жағдайын шешу жұмысы жүргізіледі. Сондай-ақ мұғалімдерді оқушылардың алаңдаушылық деңгейін анықтау дағдысына үйрету жұмысы ұйымдастырылған» деді Серік Әділбай.
Бұған қоса, қаладағы 5 білім беру ұйымында «ДосболLIKE» бағдарламасы жүзеге асуда (№4, 24, 25, 72, 74 мектептерде). Бағдарлама аясында педагогтарға «Білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алу бағдарламасының ғылыми-практикалық негіздері» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы өтеді.
«Балалар – әрқайсымыздың өміріміздегі ең қымбат байлығымыз. Олардың ғаламторды пайдалануы, қандай адамдармен араласатыны, сабақ үлгеріміндегі жетістіктер, аталған мәселелердің барлығы басты назарда болу қажет» деп түйіндеді сөзін басқарма басшысының орынбасары.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ