Балалар қауіпсіздігіне арналған ата-аналар жиналысы өтті
Астанадағы №108 мектепте «Білім беру ұйымдарындағы балалар қауіпсіздігі» тақырыбында ата-аналар жиналысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жиынға Астана қаласы Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлсім Хасенова, Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының заңгер-медиаторы Ботагөз Көпжасарова және 400-ге жуық педагог пен ата-ана қатысты.
Іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық мәселелерінде ата-аналар мен ұстаздардың құқықтық және педагогикалық мәдениетін арттыру.
Есіл ауданы ПД КҚПҚ ювеналды полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы Ақмарал Тажбағамбетова «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу туралы», педагог-психолог, медиатор Майра Сүлейменова «Балалар қауіпсіздігі», Астана қаласы Қалалық психикалық денсаулық орталығының психологы Шынар Жүнісова «Салауатты өмір салты туралы», «Құқық» қоғамдық қорының заңгері Нұрай Шортаева «Бала мен ата-ана», Астана қаласы психологиялық қолдау орталығының психологы Әлия Карменова «Психологиялық қолдау орталығы туралы», сондай-ақ “Әкелер одағы” республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, Астана қаласы филиалы бастығы, Астана қаласы әкімдігі жанындағы жасөспірім балалардың құқығын қорғау комиссиясының мүшесі Бекдайыр Күзембай «Әкелердің отбасындағы рөлі» тақырыбында сөз сөйледі.
Сонымен қоса ата-аналар жиналысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алудағы отбасының рөлі, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың белгілі бір түрлері үшін ата-аналардың жауапкершілігі және т. б. мәселелер көтерілді.
«Мұндай іс-шаралар өте маңызды. Балаларына жақсы тәлім-тәрбие беретін ата-аналардың көп болғанын қалаймыз және соған тілектеспіз», – деді “Әкелер одағы” республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бекдайыр Күзембай.