Басты ақпарат

Балалар спортының болашағы қандай?

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында елордадағы балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін дамыту жоспары талқыланды. Тиісті баяндаманы қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев жасады.

[smartslider3 slider=2773]

Оның мәлімдеуінше, қазір елордада балалар мен жасөспірімдерге арналған 11 спорт мектебі жұмыс істейді. Бұл мектептерде спорттың 60 түрі бойынша 9 мыңға жуық оқушы үшін жаттығулар өтеді. Бапкерлердің жалпы саны – 408 адам.

– Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің кейбірінде спорттық базалар жоқ. Оқу-жаттығу шаралары жалға алынған базалар мен спорт нысандарында өтеді, – деді С.Жылқыбаев.

Спорт мектептері тәрбие­ленушілерінің жетістіктеріне тоқталған ол 2024 жылғы жазғы Олимпиадаға баруға 10 үміткер бар екенін жеткізді. Бұл – көркем гимнастикадан Сабина Богатова, спорт гимнас­тикасынан Дмитрий Потанин, бокстан Темірлан Мұқатаев пен Оралбек Әбдіқадыров, грек-рим күресінен Мақсат Сайлау, жүзуден Әділбек Мусин, велосипед спортынан Вадим ­Бронский, триатлоннан Екатерина ­Шабалина, стендтік атудан Әдел Сақабаева, садақ атудан Александра Воропаева. Жалпы елорданың балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің 600-ге жуық тәрбиеленушісі – Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі.

Осы орайда қалалық мәслихат депутаты Владислав Сергеев «Қазақстан» спорт сарайы құрылысына 20 млрд теңге жұмсағанша, бұл қаржыны балалар спортын дамытуға бағытталғанын жөн көретінін айта келе, шаңғы спорты мен ескек есумен айналысатындарға жағдай жасау керектігін айтып өтті.

– «Қазақстанды» жарықтандыру мен осы нысанның дыбыс қондырғысына 6 миллиард теңге бөліп отырмыз. Енді шаңғы базасы құрылысына 150 миллион бөлгеніміз жөн болар. Себебі бұл спорт түрі бойынша жетістіктеріміз азайып бара жатыр, – деді В.Сергеев.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы ­Самат Жылқыбаев депутат өзекті мәселені көтеріп отырғанын, шаңғы базасы құрылысы мәселесі 3-4 жыл көлемінде шешілмей жатқанын жеткізді.

Депутат Азамат Айтхожин шаң­ғы базасы құрылысына жер телімі бөлінгенін, ол Дене шынықтыру және спорт басқармасына бекітілгенін анықтағанын айтып, «Жеңіс» футбол клубы кімнің иелігінде, құрылтайшысы кім екенін сұрады.

– «Жеңіс» футбол клубы жекеменшік болуы керек. Мендегі мәлімет бойынша былтыр бұл клубты Давид Лория қаржыландырды. Мемлекеттен осы клуб қаржыландырылмайды, – деді С.Жылқыбаев.

Азамат Айтхожиннің қала қаржыландыратын футбол командасын құру керектігі жөнінде кеңесіне елорданың бас спортшысы ондай «Жас сұңқар» командасы құрылып, күні кеше ғана алғашқы ойынын өткізгенін жеткізді.

– Бұл – балалар-жасөспірімдер спорт мектебі тәрбиеленушілерінен құралған команда, – деді Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.

Қалалық мәслихат депутаты Батыр Котырев №8 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары қайда жаттығатындарын сұрады. Оның сөзінше, Қ.Мұңайтпасұлы стадионы жарамсыз болып қалғалы аталмыш спорт мектептің тәрбиеленушілері әр жерде дайындалып жүр.

– Қажымұқан Мұңайтпасұлы стадионы сүріліп жатыр. Сол себептен қазір «Автомобилист» стадионының екі алаңын жалға алып отырмыз. Балансымыз­да Жирентаев көшесіндегі үрлемелі корт та бар. Балалар осы жерде жаттығып жүр. «Аспан» спорт кешені де бар. Қазір күн жылынғандықтан, футбол алаңдарынан тапшылық жоқ. Ал №8 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 800 бала дайындалады, – деді С.Жылқыбаев.

Депутат Азамат Айтхожин қыс мезгілінде қалада жабық манеж болмағандықтан, футболдан жаттығулар өтпейтінін айта келе, Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына алдағы бюджетті нақтылауда жабық манежді салуға қаржы сұрауға кеңес берді. «Қазақстан» спорт кешенін салғанда соның ішінде залдарды көбейту керектігін айтты.

Депутат Нұрдәулет Оразханов «Тәуелсіздік» сарайында балалар көркем гимнастикамен айналысатынын, алайда онда киім ауыстыратын бөлме мен душтың жоқтығын айтты. Оның әріптесі Саят Батпенов спорт мектептері жаттықтырушыларының жалақасына назар аударды. «Аула фит» аталатын жақсы жоба болғанын айтып, бұл жобаның жайын сұрады.

– Қазір бапкерлердің жалақысы қанша екенін білмеймін. Бірақ екі-үш жыл бұрын 50 мың теңге болған, – деді депутат. Оған Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы жаттықтырушылар қазір ай сайын 80 мың теңге алатындарын жеткізді. Бұл жетпейтінін, сондықтан бапкерлер қосымша табыс табуға мәжбүр екендігін айтты.

– Жаттықтырушыларды мұғалімдерге теңестіру керек. Әйтпесе 80 мың теңге жалақы түк емес. Ауылдарда да осы ақшаға ешкім жұмыс істегісі келмейді. Біз Мәдениет және спорт министрлігіне бапкерлердің базалық ставкасын көтеру үшін өтініш жібергенбіз. Оқуды жаңа бітіргендер де бапкер болғысы келмейді. Ал «Аула фит» жобасы жалғасып жатыр, – деді С.Жылқыбаев.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button