Елорда тынысы

Балалар тәрбиесі мен біліміне ерекше мән берілді

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Сессияға қала әкімі Алтай Көлгінов қатысты. Шаһар басшысы Балалар жылына және оқу жылының аяқталуына орай білім саласындағы атқарылған жұмыстар мен осы саладағы мәселелерге тоқталды.   

[smartslider3 slider=3068]

– Мемлекет басшысының Жарлығымен биыл Балалар жылы аталып өтіп жатыр. Осыған байланысты балалардың тәрбиесі мен біліміне ерекше мән берілген. Спорт секциялары мен үйірмелердің саны көбейіп жатыр. Сонымен қатар балаларға арналған нысандардың инфрақұрылымын жақсарту да назарда. Қала бюджетінің 35 пайызы, бұл шамамен 500 млрд теңге балаларға жұмсалады. Яғни оларға білім беруге, спорт пен өнерге баулуға және басқа тәрбиелік-танымдық шараларға бағытталған. Бұл – айтарлықтай қолдау, – деді Алтай Көлгінов.

Қала басшысының айтуынша, басты мақсат – орта білім ошақтарының санын көбейту.

– Елордада 70 мың оқушыға арналған 34 мектеп салынды. Енді осы көрсеткішті азайтпауымыз керек. Жыл санап халықтың саны артып келеді. Сонымен қатар 3 ауысымды мектеп мәселесі 2 есе азайды. Одан бөлек, оқушы саны шамадан тыс мектептердің саны 22-ден 14-ке азайды. Бүгін елордада 8599 түлек мектеп бітіріп жатыр. Ал қыркүйекте 25-26 мың бала мектеп табалдырығын аттайды, – деді қала әкімі.

Алтай Көлгінов Халықаралық балаларды қорғау күніне орай оқушыларға арналған жаңа білім орталығы ашылатынын айтып, қалада тағы да бір  Оқушылар сарайы салынатынын мәлімдеді.

– Балаларға қосымша білім беру бойынша жеке инвестордың есебінен Оқушылар сарайын салып жатырмыз. 1 маусым Балаларды қорғау мерекесі күні «Білім парк» қосымша білім орталығы ашылады. Ол жерде 1,5 мыңнан астам бала қосымша білім алады. Соның ішінде математика, физикадан қосымша сабақ, компьютерлік сауат, музыка және басқа да үйірмелер ұйымдастырылады. Сонымен қатар биыл елорадада аутизм орталығы ашылады. Орталықтан ерекше күтімді талап ететін балаларға бар жағдай жасалады, – деді Алтай Сейдірұлы.

Әкім астаналық педагогтардың жағдайына да тоқталып өтті.

– Биыл педагогика мамандығына оқуға түсуге ниетті түлектер үшін 1400 грант бөлеміз. Балаға берілетін білімнің сапасын арттырамыз десек, педагогтардың да жағдайын ұмытпауымыз керек. Бүгін таңертең астаналық мұғалімдердің қатысуымен «Ұстаздар аллеясының» ашылуына қатыстым. Биыл елордалық оқушылар түрлі олимпиададан 99 медаль әкелді. Соның ішінде 24-і – алтын медаль. Бұл – ұстаздардың еңбегі, – деді әкім.

Сессияда Нұр-Сұлтан қаласының 2022-2024 жылдарға арналған бюджетіне енген өзгеріс­тер бекітілді. Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе  өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару шарттарының жобалары таныстырылды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button