Балалар үйі тәрбиеленушілерін бейімдейді

BEST FOR KIDS қоғамдық қорының бір саласы – Астана қаласы әкімдігінің Кәсіби-техникалық колледжінде білім алып жатқан балалар үйінің түлектеріне барынша қолдау көрсетіп, өмірде кездесетін кедергілерден қиналмай өтуіне ықпал ету. Осы ретте қор президенті Назым Сагидоллинамен сөйлесіп, жұмыс барысымен танысқан едік.
– Біздің ұйым астаналық жастармен бірге Астана және Ақмола облысы балалар үйлері түлектерінің қоғамға бейімделуіне қамқорлық жасап келеді. Елордалықтармен қатар Ақмола өңірі, атап айтқанда, «Ақкөл қаласының өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығы» КММ, Урюпинка ауылы, балалар бақша мектеп-интернат арнайы кешенінің тәрбиеленушілерімен жұмыс жасаймыз. Бұл орындарда сарапшылармен бірлесе отырып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қоғамға бейімдеп, әлеуметтендіру бойынша түрлі дамыту бағдарламалары мен жобаларын даярлап, жүзеге асырамыз.
Балалар өздері тәрбиеленген үйлерде алған дағдыларды үлкен ортада кедергісіз қолдана алуы үшін, олардың айналасын қоршаған ересектермен де жұмыс жасаймыз. Өйткені олар жабық ортадан ашық қоғамға енген кезде түрлі психологиялық кедергілерге тап болады. Үлкен өмір кімге болса да оңай емес, ал балалар үйінің түлектері өте сезімтал келеді. Көп жағдайда өз отбасында өскен қатарластарымен салыстырғанда қауқарсыз, тәжірибесі аз болады. Сондықтан да, ересектердің қолдауы, олардың қамқорлығы мен түсіністігі бұл балалар үшін өте қажет. Сонымен қатар, қоғамға аса қажет әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуде, әлеуметтік жобалар мен волонтерлік қызмет туралы қоғамның сауаттылығын арттырып, жан-жақты хабардар ету үшін де жоғары сапалы коммуникациялар жасаймыз.
– Волонтер ретінде көп жылғы тәжірибеңізге сүйене отырып, балалар үйінде тәрбиеленгендердің жалпы қоғамда тез икемделіп, сіңісіп кетуі қиыншылықтары туралы айтып берсеңіз.
– Олардың барлық тәжірибелері, ойлау тәсілдері, мінез-құлықтары жабық қоғамдастықта, нақты айтқанда, балалар үйінде қалыптасады. Бұл қауымдастықтың өзіндік құндылықтары мен заңдары бар. Балалар үйінен шыққан кезде олар қайтадан, басқа ортада өмір сүруді үйренуі керек. Балалар үйінде өмірлік маңызы бар дағдыны, өз бетінше шешім қабылдауын нығайтпайды. Көптеген балаларда жауапкершіліктен аулақ болу стратегиясы пайда болады. Өкінішке қарай, кей жағдайларда қоғам олардан бойын аулақ ұстап, жетімдерді жебей бермейді. Мүмкін жастықтан, тәжірибесіздіктен де болар, бұл стигматизацияны жанына жақын қабылдап, ортаның заңдылықтарды әдейі бұзатын кездері болады.
– Бір жағынан алып қарағанда, мұндай міндеттерді атқару мемлекеттің міндеті сияқты көрінеді. Волонтерлердің осы жастар болашағына мән беруінде қандай сыр жатыр?
– Мемлекеттік институттар қоғамда болып жатқан жаңашылдыққа, өзгерістерге баяу қарайды және салғырт көзқарасы басым келеді. Одан қалса, бұл мәселенің ашық айтылуы және бұл саладағы реформалар жақында басталды, сондықтан олардың тиімділігі әлі де дәлелденген жоқ. Ал үкіметтік емес ұйымдар, бұл жұмысқа икемдірек болып келеді. Бізге жұмыс әдістерін өзгерту оңайырақ және белгілі бір жағдайда нақты жұмыс істеп, жауап беру де оңайырақ болады. Нәтижесінде, біздің волонтерлер ісінде кез келген мемлекеттік бағдарламаға қарағанда, тиімді болатын салаларын қамти аламыз. Біз мәселеге етене араласып, мемлекеттен гөрі әлдеқайда жақын өрісте балалармен жүзбе-жүз кездесе аламыз.
Негізі волонтерлік деген сөз қоғам игілігіне ақысыз, өз еркімен қызмет ету болып табылады. Өзіңіздің қоғамға пайдасын тигізе алатын қасиеттеріңізді анықтап, осы салада қызмет етіп көрейін десеңіз, өзіңіздің уақытыңызға қолайлы саланы таңдап волонтер болу еш қиындық етпейді
Бұл жерде алдыңғы қатарда, өзгерістердің алдыңғы шебінде белсенді және саналы волонтерлердің болуы өте маңызды.
Мемлекеттік қамқоршылық жүйесіндегі мамандардың көпшілігі балаларға «жұмыс нысаны» ретінде қарайды. Ал волонтерлер «шын жүректен», терең құндылықтардан әрекет етіп, тиімді нәтижеге қол жеткізеді. Волонтерлердің балаларға деген жанашырлық сезімі риясыз. Бұл өз кезегінде, балалардың сенімі мен ынтымақтастыққа деген ұмтылысын оята алады. Біз қамқорлықсыз қалған балалар өздерінің барлық шығармашылық көзін ашып, емін-еркін, ешкімнен қорықпай бақытты өмір сүретін әлемді армандаймыз. Бұл ретте қалыптасқан дағдылар, ақыл кеңестеріміз, жан-жақты және дәйекті жұмысымыз бірте-бірте балалардың өмір салтына айналады. Сондықтан біздің көзқарасымыз – көмектің жүйелі түрде және ұзақ мерзімді болуын волонтерлер күшімен қамтамасыз ету.
– Колледжде оқып жатқан жастармен жүргізілетін жобаларыңыздың ауқымын білуге бола ма?
– Біздің бұл мақсатымыз «Балалар үйіндегі жеткіншектерді әлеуметтік жағынан бейімдеу» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. 15 пен 23 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған. Жоба 2015 жылдың қаңтарында басталды. Ақкөл, Сандықтау және Урюпинск балалар үйлерінің түлектерін қамтиды. Жобаға Астана қаласының Кәсіби-техникалық колледж қатысуда. Осы жобаның арқасында жастар колледжден кейін оларды не күтіп тұрғанын түсінеді. Болашақ әрекеттерін таңдап, өмірлік басымдықтарды белгілей алады. Онымен қоса, біз әртүрлі санаттағы адамдармен қарым-қатынас жасауға үйретеміз, өздері өмір сүріп, өз-өзіне қамқорлық жасай алатындай дәрежеге көтереміз. Бұл да өте маңызды. Үлкен өмірде өздігінен өмір сүру, бұрынғы өмір салтынан, бұрынғы қалпынан қол үзу – ұзақ процесс.
– Осы мақсатта қаншама жұмыс жүргіздіңіздер?
– Астана қаласы әкімдігінің Кәсіби-техникалық колледжінде білім алып жатқан балалармен апта сайын кедесіп тұрамыз. Осы кездесулерімізде көптеген тренингтер өткіздік. Кездесулерімізге түрлі іс мамандарын қатыстырудамыз, мысалға, мұғалімдер, психологтар, профориентологтар, заңгерлер және т.б. Бұл тренингтердің арқасында біз түлектерге өз мақсаттарын айқындауға, айналасындағы болып жатқан оқиғаларды бағамдап, түсіне білуге, өздерін ортада көрсете білуге, қалай ұстау керегін үйретеміз. Басқалармен қарым-қатынас жасап, байланыс жасаудағы психологиялық кедергілерді жеңуге үйретеміз. Өздерінің жеке ішкі дүниесінің шегін белгілеп, өзгенің де өзіндік болмысын құрметтеуге үйретеміз. Бұл дегеніміз өзінің тұлға ретінде сезінуіне әсерін тигізеді. Өмірдегі өз орнын анықтап, алдағы мақсатын тағайындап жауапкершіліктің жүгін де көтеруге тиіс екенін білдіреміз. Бұл өте маңызды деп білемін.
– Тағы қандай тиімді әдістеріңіз туралы айта аласыз?
– Адам болған соң, барлығымызда көңілді күндермен қоса, қиын күндер де болып отырады және дәл осы кездерде сырласып, қол ұшын созатын адамның болғанын қалаймыз. «Волонтермен кофе» атты жоба аясында, түлек достасқан волонтерді кофеге шақыра алады, сол кездесу арқасында, түлек ашылып, ішіндегі қуанышы мен қиындықтары туралы бөлісе алады. Ал біз өз тарапымыздан, сол қиындықты қалай шешуге болатынын колледж жетекшілігімен ақылдасып, шешуге тырысамыз.
– Өздеріңіздей игі істің басында жүретін, волонтерлер қатарын толықтырудың жолы қандай?
– Оның ешқандай қиындығы жоқ. Біздің команданың жұмысы инстаграм әлеуметтік желілерде насихатталады. Волонтерлер қатарына сайтымыздағы анкетаны толтырып қосылуға болады. Жасыңыз 18-ден асса және Астанада тұрсаңыз, кездесулерімізге қатысып, офлайн волонтер болу мүмкіндігі бар, ал егер 18-ге әлі толмасаңыз, онлайн волонтер болып кез келген қаладан қатысуға болады, тіпті про-боно волонтер ретінде де өзіңіздің кәсібіңізге қатысты волонтерлік жұмыс жасай алу мүмкіндігі де бар, немесе бір ұйымың атынан да волонтерлік жасап қатысуға болады. Жалпы біз мақсатымызды қолдайтын кез келген жаңа идеяларға ашықпыз, сондықтан біздің парақшамызға кіріп, өз ойыңызбен бөлісуден ұялмауларыңызды сұраймын.
Негізі волонтерлік қоғам игілігіне ақысыз, өз еркімен қызмет ету болып табылады. Өзіңіздің қоғамға пайдасын тигізе алатын қасиеттеріңізді анықтап, осы салада қызмет етіп көрейін десеңіз, өзіңіздің уақытыңызға қолайлы саланы таңдап волонтер болу еш қиындық етпейді.
– Астаналықтардың волонтерлер қатарына қосылуға не себеп болып жатқанын білуге бола ма?
– Көбіне әлеуметтік-бағдарланған жобалар мен қайырымдылықты дамытуға тікелей атсалысуға ықтияр білдіретіндер алдыңғы кезекте тұрады. Мына қоғамның бір мүшесі ретінде өзінің күшімен әлеуетін сынап, волонтерлер қатарын көбейтуге, кейде өзін тұлғалық дамуға қосымша мүмкіндік деп те қарайтындар бар. Оларды түсінуге болады, волонтерліктің көптеген жақсы жақтары бар ғой, мысалы, игі іс жасау, жаңа жобаларға қатысу, қызықты, әрі пайдалы тәжірибе алу. Оған қоса, жаңа адамдармен танысып, айналасын өзі сияқты ізгі адамдармен толтыру үшін өте тартымды болады. Бұл да біздің жұмысымыздың көптің көңілінен шығып, қоғамға қажет екенінін сезінуге жігерлендіреді.