Басты ақпарат

Балалар жарақаты азаймай тұр

Өткен айдың бірінде Нұр-Сұлтан қаласында бір сұмдық оқиға болды. Біз тұратын үйдің көрші ауласында он үш-он төрт жастағы бір бала тоғыз жасар баланың кеудесін әйнекпен тіліп жіберген. Мұны ол «ойнадым» деп жұмсартқанмен, оның астарында адам денесіне қасақана жарақат салу бұзақылығы жатыр еді. Терісі жалбырап кесілген жеткіншек жылап-еңіреп үйіне жеткенше қансырап қалған, жедел жәрдем бірден ауруханаға алып кетті. Соңы айқай-шуға ұласқан бұл оқиғаның қалай аяқталғаны белгісіз. Алайда біздің айтпағымыз, жеткіншектердің осындай жарақат алуы кейінгі кезде көбейіп кеткендігі болып отыр.

[smartslider3 slider=3732]

Жабулы қазан жабулы күйінде қалмау керек

Ювеналдық полиция ­қызметкері Айман Смағұлова елордада балалар жарақаты көп тіркелетінін айтады. Өткен жылы осындай жүздеген төтенше жағдай орын алыпты. Жаз болса ата-аналар балаларын демалып, бой сергітіп, құрбы-құрдастарымен ойнап көңіл көтерсін деп лагерге жіберуге асығады. Бірақ осы «жаз жайнатып, күн күлдіретін..» лагерде астан улану, биіктен құлау, тәрбиешілердің (вожатый), кейде қатар жүрген ересек балалардың тарапынан қысым көру сияқты демалушылар зардап шеккен он сегіз қайғылы оқиға болыпты. Мәселен, Бурабай демалыс аймағында орналасқан тек қана ұлдарға арналған «Кемел» спорттық-әскери балалар лагерінде қатарластары 11 жасар баланы тыр жалаңаш шешіндіріп, келекелеп, мазақтап, сосын үңгірге қамап кеткен. Үш-төрт жасөспірім бірігіп таспен жауып кеткен үңгірдің аузын тәрбиешісі төрт сағаттан кейін барып ашқан. Онысымен қоймай, балаларды өзара татуластыруға тырысып, ешкімге айтпауын сұрап, қолхат жаздырып алған.

Үйінен шалғайдағы осындай жерге «бір-бір үйдің еркелерін» әке-шешесі жібергенде ­тәрби­ешілерге сенеді ғой. Ал олар болса қылмысты бүркемелеп, бүлдіршіннің жанын одан сайын жаралап отыр.

Нұр-Сұлтан қаласында айына 10-12 бала түрлі дәрежеде жарақат алып, ауруханаға түседі екен.

Әрі олардың көбі 2-10 жас аралығындағы жет­кіншектер көрінеді

2016 жылы «Континент» балалар-сауықтыру орталығында Әсем есімді қыз ата-анасына басының қатты ауыратынын айтып шағымданады. Үйге алып қайтуға ыңғайланып келгенде, қызды жедел жәрдем алып кеткен екен. Артынан жанұшыра барса, перзентін «жансақтау» бөліміне салып тастапты. Екі-үш сағаттан кейін қайтыс болып кеткен. Дәрігерлер «екі өкпесі қабынған, оң жақ бүйрегі бір нәрсеге қатты соғылып, зақымданған» деп тұжырым жасады. Лагердің медбикесін екі жылдан кейін ғана «міндетіне салқын қарағаны үшін» деген баппен жауапқа тартты.

Жазғы лагердегі әлімжеттік, әлжуаз балалардың қатарластарынан зорлық-зомбылық көруі тоқтамай келе жатқанын жасыруға болмайды. Бұған қандай нақты шара қолдануға болады?

Отандық мамандар кейінгі кезде осы төңіректе көбірек ойланып, жағдайды зерттеп-зерделеп келеді. Бұл тек жазғы лагер ғана емес, мектепте де кездесетін келеңсіздік екені дәлелденіп жүр. Жоғары сыныптың оқушылары кіші сыныптың оқушыларына күш көрсетіп, ақша жинауға мәжбүрлейтін де фактілер бар екені айтылып қалды. Ол ол ма, ересектеу балалар кіші сыныптағы жеткіншектерді интимдік жағдайларға да итермелейтіні қаладағы кей мектепте анықталып, кейін үлкен дүрбелең туғызғаны бар. Мұны психолог-сарапшылар отбасындағы әлеуметтік қиындықтар мен сәбиге ата-анасы тарапынан қамқорлық пен мейірімнің кемдігімен түсіндіруге тырысады.

Ал жазғы лагерге мұндай балалар келсе өздерінше топ құрып, команда жасақтап, басқалардан ерекшеленгісі келіп тұратын көрінеді. Міне, жасөспірімдер қылмысы деген осындайдан етек алатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Әрине, лагерде барлығын бірдей күні бойы тәрбиешілер бақылап, қадағалап отыра алмайды. Мұндай жайсыздық сезілген жағдайда бірден дабыл қағылып, бұған басқа қырынан келу керек дейді психолог-сарапшылар. Жабулы қазан жабулы күйінде қалмау керек.

Салғырттық пен салақтық

Күнделікті тұрмыста да балалардың жарақат алуы, биіктіктен құлап кетуі азаймай отыр. Бұған, негізінен, ата-ананың салғырттығы мен немқұрайлылығы себеп болуда. 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында батут құлап, бірнеше бала елеулі жарақат алды. Атап айтқанда, 3 пен 7 жас аралығындағы алты баланың миы шайқалып, аяқ-қолы сынып, қалалық балалар ауруханасына жеткізілді.

Ал осы қайғылы оқиғаны болдырмауға болатын ба еді? Егер ұйымдастырушылар қалтасының қамын ойламай, қауіпсіздік шараларын мұқият сақтағанда, бүлдіршіндер зардап шекпес еді.

Кейінгі кезде қалада жиі кездесіп отырғаны – сәбилердің терезеден құлап кетуі. Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында 12 бала биіктен құлап, түрлі дәрежеде жарақат алса, олардың екеуі шетінеп кеткен. Бұл жерде де ата-ананың немқұрайлылығы мен алаңғасарлығы, салғырттығы мен салақтығы осындай жағдайға жеткізіп отыр.

Мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласындағы Роза Бағланова көшесі бойындағы көпқабатты үйдің алтыншы қабаты терезесінен үш жасар сәби құлап, миы шайқалып, ауруханаға жеткізілді. Оқиғаны зерттеп, зерделей келгенде, сәбидің құлауына ата-анасы кінәлі болып шықты. Терезеге салынған тор көз дұрыс бекітілмеген. Бір өкініштісі, сәби терезеден құлап кеткен уақытта үйде әкесі де, шешесі де болған көрінеді. Терезеден сыртқа қарап тұрған баланың орындық қойып москит сеткаға сүйенгенін біреуі де байқамай қалған. Негізі, мамандар терезеге тор көзді (сетканы) арнайы қосымшасымен бірге бекітіп салуды ұсынады. Олай болмаған жағдайда, бала оған жақындаса болды, салмағымен әрі қарай құлап кетеді.

Қалалық №2 балалар ауруханасына денесін күйік шалған балалар да жиі түседі. ­Педиатр дәрігер Шәмшия Нұрбергенқызының айтуынша, көбіне ­күйікке ұшырайтын еңбектеп немесе жаңа-жаңа тәй-тәй баса бастаған бүлдіршіндер көрінеді. Ата-анасы айрықша мұқият болмаса, қайнап тұрған шәйнектің сымын тартып қалу, кесеге жаңа құйылған ып-ыстық шайды алдына төгіп алу сәбилерде жиі кездеседі екен. Сондықтан сәбиі бар үйде осындай жайға ерекше сақ болу керектігі ескертіледі.

Қазақстандық психологтар ата-аналарға балалар жарақатына байланысты көптеген кеңес айтады. Соның бірі – баланың өзінің жеке шекарасын білуі. Қазақша айтқанда, өзіне тиіскен, келемеж еткен қатарластарының алдында бұға бермей, өзінің де мінезін көрсете білуі. Зорлық-зомбылық көрсеткісі келетіндерге бірден тойтарыс беру керек. ­Тәрбиешіге айтып, ана-анасына қоңырау соғуы қажет.

«Бала өзі айқайлап, жылап, барынша қарсылық көрсетсе, зорлық көрсетушілер оған қарсы дендеп күш көрсетуге бара алмауы мүмкін» дейді психологтар.

Тек бір Нұр-Сұлтан қаласының өзінде айына 10-12 бала түрлі дәрежеде жарақат алып, ауруханаға түседі екен. Әрі олардың көбі 2-10 жас аралығындағы жеткіншектер көрінеді. Ал осы жарақаттан өміріне балта шабылып, мүгедек болып жатқаны қаншама!

«Балалар – біздің болашағымыз» деген сөзді жиі айтамыз. Расында да, ертеңінен үлкен үміт күттірер жеткіншектеріміздің ойда жоқта тосын жарақат алып, зардап шекпесі үшін ата-ана да, тәрбиеші де, қамқоршы да барынша мұқият болып, оларды мүмкіндігінше әр кез көзден таса қылмағаны жөн.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button