Мәдениет

Балалар жылына арналды

Елорда студенттері мен педагогтары арасында қалалық «Екі жұлдыз» музыкалық байқауы өтті. Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және Білім басқармаларының қолдауымен өткен шараны «Astana Polytechnic» жоғары колледжі ұйымдастырды.

[smartslider3 slider=2414]

Байқаудың негізгі мақсаты – елорда жастары арасындағы дарынды оқушыларды қолдау, рухани құндылық алмасу. Ән додасына жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан 16 жұп қатысты. Қатысушылар Балалар жылына орай жанды дауыста тақырыптық әндерді үш тілде шырқады. Көрермен назарына халық әндері мен отандық, шетелдік авторлардың шығармаларының репертуары ұсынылды. Байқау барысында жұптар ән айтып қана қоймай, театрландырылған көрініс пен хореографиялық қойылым көрсетті.

Қазылар алқасы арнайы шақырылған біліктілігі жоғары, өнер саласының майталмандарынан құралған. Нақтырақ айтсақ, ҚР Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров, Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы эстрадалық және классикалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі Арайлым Рақымқызы, ҚР «Ұлттық ұлан» ансамблінің көркемдік жетекшісі Дархан Рахымғалиев, Бейбітшілік және келісім сарайының директоры Нарима Мұхамбеталина және Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның әншісі, республикалық және халықаралық байқау жүлдегері Айдын Жұмабаев төрелік етті. Қазылар алқасы қатысушылардың әнді орындау шеберлігін, орындалатын әннің тақырыптық мазмұнына сәйкестігін, орындаушылардың сахналық мәдениетін бағалады.

Қатысушылардың ішінде «Шипагер» медициналық колледжі орындаған «Сәби бақыты» әні келушілерді толқытты. Қазтұтынуодағының жоғары сауда экономикалық колледжі орындаған «Сен үшін» әнінің көркемдік сюжеті көрермен тарапынан ыстық ықыласқа бөленді. Әрбір студент өз оқу орындарына белсенді жанкүйер болды. Ән байқауын Астана халықаралық университетінің педагогикалық колледжі «Қазақ елі осындай» әнімен аяқтады. Байқау нәтижесінде І орынға «Astana Polytechnic» жоғары колледжі, ІІ орынға «Шипагер» медициналық колледжі, ІІІ орынға Астана халықаралық университетінің педагогикалық колледжі ие болды. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық табыс етілді. Атап айтқанда, І орынға 150 мың теңге, ІІ орынға 100 мың теңге, ІІІ орынға 70 мың теңге берілді.

Баян Асылбекова

 

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button