Руханият

Балалар жылына базарлық

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын» деген тамаша бір сөзі бар. Сол айтқандай, дана халқымыз бала тәрбиесіне, ақыл-ойының жетілуіне, болмыс-бітімі мен адами мінез-құлқының қалыптасуына ерекше көңіл бөлген. Күні ертең елім, жерім дейтін жас ұрпақтың болуын қаласақ, балаларға жасынан жол көрсетіп, бағыт-бағдар беруге ұмтылатынымыз да сол. Ежелгі грек философы Платон данышпан «Бала тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті» десе, Ұлы Абай да «Бала тәрбиесі – басты байлығың» деп айтып кеткен. Демек, баланың патриот азамат болып тәрбиеленуіне мемлекеттің қосар үлесі қашан да зор. Қоғам алдындағы жауапты міндет те – осы.

Әрбір баланың өз арманы бар. Ұлы дала ұрпағының мәңгі жасауы үшін алдына қойған мақсаттарына қолдау көрсету қажет екенін бәріміз білеміз. Сол себептен олардың арман-тілегін орындау еліміздің әр азаматына парыз болып қала бермек. Бабалар салған ізді, салт-дәстүрді, тәлім-тәрбиені қайтадан түлетіп, дара жол салып беру де – міндет. Жаңа Қазақстан тарихындағы жаңа дәуір ұрпақтарын адами қасиеттер мен рухани құндылыққа тәрбиелеу, арман-тілегіне жетуіне әркез себімізді де тигізгеніміз жөн.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны бекер емес. «Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» деген болатын Президент.

Дәл осы «Балалар жылы» аясында «Qazaqconcert» ұжымы көптеген жобаларды қолға алды. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бастау алған «Жазғы кино» жобасы 2 айдан астам уақыт бойы өткізіліп тұрды. Бұл жобада көпбалалы, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан, ерекше көмекке мұқтаж балалар мен жасөспірімдерге, балалар үйіндегі тәрбиеленушілер шақырылып, отандық кинотуындылар мен қазақша мульт­фильмдер тегін көрсетілді. «Жазғы кино» жобасының «Қазақфильм» АҚ, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ және елорда әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылғанын айта кету керек. Көптеген ұстаз бен ата-аналардың өтініші бойынша жоба «Жас киноман» ретінде өз жалғасын тапты.

Әр фильмнің көрсетілімі алдында балаларға арналған мерекелік ­шоу-бағдарлама, актерлік құраммен кездесулер мен мүсінші гиперреалист Айдос Есмағамбетов, суретші Гүлмира Телғозиева және костюмер-дизайнер Сандуғаш Толымбектің танымдық шеберлік сағаттары, экскурсиялар мен жеке көрмелері жиі ұйымдас­тырылып тұрды.

«Жазғы кино» көрсетілімінің көрермендері ретінде елордамыздың мектептерінде ұйымдастырылған «Жазғы лагерь» балалары, балалар үйінің тәрбиеленушілері, «Мұра» акционерлік қоғамының және елорда әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ерекше балалары, «Алтын домбыра» өнер мектебі, «Жаңа белес» мектебі мен «Хас сақ» спорт орталығының балалары, елордамыздың қонақтары және ата-аналары өз балаларымен келді. Аталмыш жоба бойынша мау­сым айынан бері 25 мыңнан астам балаға отандық кинотуындылар мен мультфильмдер тегін көрсетілді. Аталмыш жоба қыркүйек айында басталып, жыл сайын жалғасын таба бермек.

Сонымен қатар, «Қазақконцерт» балаларды өнерге баулып, олардың мәдени талғамын қалыптастыру мақсатында «Балалар филармониясы» атты жаңа жобаны бастады. Жоба аясында бүлдіршіндер үшін 2022 жылдың әр сенбі күні «Қазақконцерттің» айтулы өнер ұжымдары мен танымал әртістері дәріс-концерттер, шеберлік сабақтар, экскурсиялар өткізіп, кәсіби шеберліктерінің сырымен бөлісуде.

Дәл осы үрдісті жалғастыра отырып, «Аstana Muzical» мемлекеттік мюзикл театры балаларға арналған «Алдар көсе» мюзиклін желтоқсан айында кішкентай көрермендер назарына ұсынғалы отыр.

Балалар жылы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау мақсатында жақында «Qazaqconcert» мемлекеттік концерттік ұйымы «Арман асулары» фестивалінің гала-концертін де өткізді. Еліміздің болашағы балалардың арман-тілегін орындау үшін осындай бір жобаны қолға алған жайымыз бар. Фестиваль барысында Қазақстанның барлық аймағынан ерекше қажеттіліктері бар дарынды балаларды жинап, бір арнада, бір бағытта өнерін көрсетуі үшін жағдайларын жасауға тырыстық. Осы іс-шараны өткізгеннен кейін де көптеген бала мен ата-аналардан және ұстаздардан жақсы пікірлер алдық. Әр жыл сайын өткізіп тұру өтініштерін де айтты.

Гала-концертте дарынды балалар Роза Рымбаева, Айжан Нұрмағам­бетова, Құрмаш Махан, Азамат Жылтыркөзов, Салтанат Меңдіғалиева, Әлібек Әлмәдиев, Рухия Байдүкенова, Дидар Әбдухалық, «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «TURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, «Меломен» тобы, «Forte Trio», «Saz&Soul», Әділхан Макин, Гүлдана Акимова (флейта) сынды «Қазақконцерттің» солистері, танымал өнер жұлдыздары мен шығармашылық топтарымен бірге сахнаға шықты. Орта Азиядағы ең алғашқы «Қанаттылар» инклюзивті театрының әртістері де өз өнерін ортаға салды. Сондай-ақ «Qazaqstan» орталық концерт залында жас өнерпаздардың бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылды.

Фестивальге еліміздің әр өңірінен көптеген жас өнерпаз келді. Атап айтатын болсақ, Түркістан, Шымкент қаласынан, Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысынан, Астана қаласындағы BINOM мектебі мен «Нұрлы жүрек» мектеп-интернатынан 150-ге жуық дарынды бала қатысты. Сонымен қатар ­гала-концертте XVII «BI Жұлдызай» фестивалінің лауреаты Рузахмет Валиевтің орындауында «Мейірім керек» атты жаңа бейнебаянның тұсаукесері өтті.

Қай заманда болсын, қандай қоғамда болсын бала тәрбиесі өзекті мәселеге айналды. Ең алғаш шыр етіп дүниеге келгеннен бастап өз тілін, дінін, салт-дәстүрін, мәде­ниетін, тарихын баланың санасында мейлінше сақтап қалуға біз әрқашан да тырысуымыз керек. Ұлағатты тәрбие, ұлағатты ұрпақ деген, міне, осыдан шықса керек.

Ақтоты Райымқұлова, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік

концерттік ұйымының директоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button