Руханият

Балаларды қуантатын кітаптар

5 желтоқсан күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманқос Ершуовтың «Қасиетті қазына», «Ақмешіт», «Бармақбайдың басынан кешкендері» кітаптарының тұсаукесері өтеді. Осыған орай қаламгердің қызы, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Аманқосқызын әңгімеге тарттық. 

– Жақында Атырау өңірінде әкеңіз, белгілі ақын Аманқос Ершуовтың 80 жылдығына орай бірқатар іс-шара өткен екен. Ауылда тұрып, Алашқа мәлім болған ақын, ардақты ұстаз есімі жырсүйер қауымға алпысыншы  жылдары

Ақ бұлттар, қара бұлттар,

ала бұлттар,

Байқасақ, аспанда да алалық бар.

Біреуде жас та болса да

даналық бар

Біреуде қарт та болса шалалық бар, – деген бір шумақ өлеңімен танылған еді. Бұл өлең академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың назарын аударған. Көрнекті ғалым 1962 жылы «Жұлдыз» журналына шыққан мақаласында былай деп жазған екен: «Ақ бұлттар» деп басталатын он жеті жасар балаң ақын Аманқос Ершуовтың бір шумақ өлеңіндегі сыр табиғаттың өз түрінен табиғи туа салған тәрізді. Талассыз шындық. Автор сол шындықты ақынша ойлай, толғай біледі». Аманқос ақынның өлеңдері кең тынысты, қамтылар тақырып аясы кең болуымен ерекшеленеді. Қаламгердің артында қалар әдеби мұрасы – оның сөзі, кітаптары ғой. Жаңа шыққан кітаптарымен таныстыра отырсаңыз.

– Әкем Аманқос Ершуов астанадан алыс ауылда тұрса да, мектепте мұғалімдік қызмет ете жүріп, қаламын қолынан тастаған жоқ. Кеңес өкіметі тұсында ақын-жазушыларға жақсы жағдай жасалды, ел жаппай кітап оқитын кез болған. Оқығанда да жақсы дүниелер насихатталып, солар оқырманға көбірек жақын болды, танылды. Жақсы кітапқа насихат керек. Бұл насихат баспасөзден басталады. Бүгінгі күнге осы жетпей жатыр. Мен алғашында әкемнің үш томдық өлеңдер жинағын шығарсам деп ойладым. Кейін ойлана келе поэмалары мен эссе-мақалаларын біріктіріп, «Ақмешіт» деген кітапқа топтастырдым. Бұл кітапқа Бекет ата туралы «Кие» поэмасы, сондай-ақ «Бейбарыс», «Аруақ», «Далабай», «Асалы-Көкетай» тағы басқа туындылары енді. Балаларға арналған шығармаларын жинақтап, «Қасиетті қазына», «Бармақбайдың басынан кешкендері» атты көркемсуретті екі кітапты шығардым.

– Осы кітаптар туралы айта отырсаңыз. Қазір балалар әдебиетіне көңіл бұрылып жатыр емес пе?

– Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Балалар кітапханасы» бағдарламасын қолға алуды тапсырған болатын. Балалар әдебиетін түсініп тануға да, танытуға да үлкен күш керек. Балаға арнап жазу – қиынның қиыны. Сондықтан бұл тақырыпқа ақындар көп бара бермейді. Бала туралы жазу үшін ақын психолог әрі педагог болуы керек. Бұл қасиеттер шыны керек, барлық ақында кездесе бермейді ғой. Әкем Аманқос Ершуовтың балалар әдебиетінде айқын қолтаңбасы қалды. Кезінде Баспа комитетінің балаларға арналған жабық бәйге конкурсына екі рет қатысып, жүлде алған. Сол кезде жүлде алған шығармалар көркем безендіріліп, баспадан кітап болып шығатын дәстүр болған. Тоқсаныншы жылдардың соңында әкем бала ұғымына лайықтап ұлттық тәрбие бағытында тыйым сөздер, салт-дәстүрді насихаттау бағытында қысқа жырлар жазды. Бұл шығармалар жеке жинақ болып шыққан жоқ еді. Сол себептен балаларға арналған өлеңдерін екі кітапқа топтастырып, «Қасиетті қазына», «Бармақбайдың басынан кешкендері» атты көркемсуретті кітаптар шығардық. Балаларға базарлық боларлық бұл екі кітаптың тілі жеңіл, мән-мазмұнды тәлімдік дүние екені даусыз.

– Бұл екі кітапқа қандай шығармалар енген?

– «Қасиетті қазына» кітабына әкемнің жас ұрпақтың санасына ұлттық тәлім-тәрбие беріп, салт-дәстүріміз бен қазақ табиғатын өлеңмен ұғындырып, өлеңмен тәрбиелеу саласында жазған туындылары еніп отыр. «Қасиетті қазына» кітабын мектеп жасындағы балаларға арналған ұлттық таным-түсінік пен әдептілік әліппесі деуге болады. Бұл кітап «Жеті қазына – бағалы», «Салт-дәстүрлер сабағы», «Қағиданың талабы», «Ұлттық ойын озады» деген төрт бөлімнен тұрады.

Ал «Бармақбайдың басынан кешкендері» деген кітап балаларға төрт түлік мал, ер қанаты – жылқыны, түйе мен сиыр, қой туралы жырлай отырып, ауыл өмірін, төрт түлік қасиетін алуан қырынан таныстырады. Сондай-ақ бұл кітапқа «Бармақбайдың басынан кешкендері», «Дертке дауа құрық туралы аңыз», «Шерқаладағы жекпе-жек», «Түйе жоғалтқан жан мен үш сыншы», «Түйе мен тышқан» атты ертегі-аңыздар, батырлық жырлары, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, «Ойлап тап» ой дамыту өлеңдері енді.

– Кітаптар көз жауын алатын әдемі екен. Қағазы да арзан емес екені көрініп тұр.

– Балаларға арналған кітаптарда ішкі мазмұнмен сыртқы пішіні талап­қа сай болуы керек. Мүмкіндігінше сапалы кітап шығаруға тырыстым. Бар жақсымыз – балаларға деп жатамыз. Балаларға нағыз базарлық жақсы кітап болар деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button