Балаларға арналған концерт
Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залында «Золотые струны столетий» атты концерт өтті.
Ең әуелі камералық құрамдағы симфониялық оркестр жас тыңдармандарды симфониялық оркестр әлеміне қызықты саяхатқа шақырып, классикалық музыканың жауһарларымен таныстырды. Концерт жүргізушісі балаларға түсінікті тілде музыкалық аспаптардың ерекшелігі, олардың тарихы және дыбыс бояуларының байлығы туралы әңгімеледі. Әсіресе ішекті аспаптарға ерекше көңіл бөлінді. Скрипка, альт, виолончель, контрабас – балалар бұл сөздерді тек сөздік қорларына қоспай, олардың қалай көрінетінін және қандай дыбыс шығаратынын да түсінді.
Бағдарламада Эдвард Григ – «Хольберг дәуірінің уақыттарынан» сюитасы, Эдуард Элгар – ішекті оркестрге арналған серенадасы, Вольфганг Амадей Моцарт – Ре мажор дивертисменті, Иоганн Себастьян Бах – №3 сюитадан ария сияқты батысеуропалық классикалық музыка жауһарлары орындалды. Әсіресе жас көрермендерді И.С.Бахтың №2 сюитасынан «Менуэт және Шутка шығармасы» ерекше баурады. Флейтадағы жеке партияны халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Жәмила Дәлішева орындады. Ұйымдастырушылар бұл концерт балалардың музыкаға деген қызығушылығын оятып, симфониялық өнермен танысуына бағытталғанын айтып, көрермендер музыкалық аспаптардың сиқырлы әлеміне терең бойлап қана қоймай, ұлы композиторлардың шығармашылығынан шабыт алуға мүмкіндік алады дейді.