Басты ақпаратМәселе

Балаларға арналған контент неге жұтаң?

Күнде үйде кішкентай ұлыммен бірге «Balapan» телеарнасын көріп отырып, осы сауалға үнемі жауап іздеймін. Бұл арнада бала қызығып көретін мультфильмдер, қазақ тіліндегі қысқа метражды көркем фильмдер жоқ емес. Бірақ ұлым оның бірін көріп алған соң, орыс тілді арналардан «Өрт сөндіруші Сэм» («Пожарный Сэм») атты мультфильмді тағатсыздана күтіп, қызығып көреді. Баланың күнделікті талғамына сай келетін, адамды жақсылыққа жетелейтін, ізгілік пен мейірбандықты дәріптейтін басқа тілдегі мультфильмді бала түгілі, үлкендер де тапжылмай отырып біткенше көреміз.

Отандық телеарналарда балалар мен ата-аналары бірге отырып тамашалайтын туындылар бар. Бірақ олардың дені ойын-сауыққа, арзан күлкіге, баланың көңіл күйін уақытша көтеруге ғана лайықталған сияқ­ты көрінеді. Бала үлкендерден нені көрсе, соны қайталайды. Сол сияқты көгілдір экраннан, кітап пен журналдан нені оқыса, соған еліктейді. Психикасы солай. Осы тұрғыдан алсақ, біздің балаларға ұсынып жүрген контентіміз жұтаң екеніне көз жеткізесің. Неге бұлай? Мәселені өзімізше талдап көрейік.

Қазақша мазмұндағы дүниелерді көретін кішкентай көрерменнің сұранысы, талғамы қандай? Әлбетте, қызықты оқиғаларға құрылған мультфильмдер, қысқа метражды кинолар. «Balapan»-дағы «Тоқты мен Серке», «Жібек», «Ертемір», «Айдар», «Аралар отбасы» сияқты мультфильмдерді, «Расулдың хикаялары», «Тентек», «Теңбіл доп» сияқты телехикаяларды қазақ балалары қызығып көріп жүргені рас. Бірақ олардан өзге өнімдер болмаған соң, қайталап қоя береді. Кішкентай көрермендер де қайталап көре береді. Біраз уақыттан кейін одан жалығып, басқа тілдегі телеарналарға ауысады. Мысалы, шетел тілінен аударылған «Элвин және алақоржындар» деген мульттоптама балаға да, үлкенге де әрқашан қызықты. Себебі баланың психикасына қарай жалықтырмайтын, өзіне тартып алатын оқиғалардан құралған. Яғни балалар аудиториясының сұранысына нағыз келетін дүниені әлемдік нарыққа шығарған.

Қазіргі балаларды қандай нәрселер қызықтырады дегенге келейік. Сөздің шындығы сол, бүгінгі балалар тек кітап оқып, теледидар көріп өсіп келе жатқан ұрпақ емес. Интернет біздің өмірімізге дендеп енгеннен бері жаңа медианы танып-білетін, соның игілігін толық пайдалана алатын заманауи ақпарат алу форматын меңгерген буын өсіп келеді. Қазір кез келген жастағы баланың қолына смартфон берсең, суда жүзген балықтай тетіктерін басып, өзіне қызықты дүниелерді тауып алады. Өкініштісі сол, интернетте мемлекеттік тілдегі туындылар өте аз. Сол себептен ата-аналар балаларының қолына смартфон ұстатқанда «Маша и медведь», «Щенячий патруль», «Барбоскины», «Приключения Лунтика и его друзей» сияқты ең танымал мультфильмдерді қосып береді. Мысалы, YouTube-та «Маша и медведь»-ті 2 миллиард адам көреді екен. Әлем халқының 20 пайызы осы туындыны тамашалайды. Әзірше қазақ тілінде мұндай өнім жоқ. Телеарналарда да, интернетте де қазақ тіліндегі балалар контенті жұтаң деп отырғанымыз осыдан.

Еліміздегі 6-74 жас аралығындағы интернет пайдаланушылардың үлесі 78,2 пайызды құрайды. Интернет жылдам ақпарат тарататындықтан, оны тұтынушылардың үлесі осынша өсіп отыр. Мұны жай ғана нәрсе деп қабылдамауымыз керек. Интернеттегі баланың психикасына кері әсерін тигізетін сайттардың кесірінен қаншама баланың өміріне үлкен қауіп төнуде. Кибербуллинг тақырыбы – бұл жерде өз алдына бөлек әңгіме. Бұл жерде әлеуметтік желілерден келіп жатқан қауіп-қатерге тосқауыл қоя алмай отырмыз. Бір ғана YouTube пен WhatsApp-та қаншама зиянды, қауіпті ақпарат бар. Олардың бәрі баланы зорлыққа, агрессияға, қырып-жоюға үндейді.

Демек, біздің алдымыздағы ең үлкен мәселе – балалар аудиториясын терең зерттеп, ақпарат тұтынуға қатысты мониторинг жасау. Бұл міндетті медиа саласында ашық, тәуелсіз зерттеулер жүргізетін үкіметтік емес институттарға жүктеуге болады. Алайда ондай институттар бар ма бізде? Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі статистикалық мәлімет берумен ғана шектелетінін ескерсек, ұлттық қауіпсіздігімізге қатысты мәселенің әлі ешкімді ойландыр­майтынына көз жеткіземіз.

Өткен жылы Мәжіліс балаларды буллингтен қорғайтын заң қабылдады. Бірақ сол заңның толық жұмыс істеуі үшін әрбір ата-ана құқықтық жағынан сауатты болып, заңның орындалуына үлес қосуы керек. Балалардың әлеуметтік желілерге, виртуалды ойындарға тәуелділігі деген мәселе тағы бар. Отандық сарапшы-мамандардың зерттеуіне сүйенсек, қазіргі кезде ата-ананың 49,7 пайызының белгілі бір себептермен (жұмыстан қолы босамайды, үйдегі шаруадан бос уақыты жоқ және т. б.) балаларымен үнемі уақытын өткізуге мүмкіндігі жоқ. Яғни ондай отбасылардың балалары күні бойғы уақытын өзі жоспарлайды, өзі өткізеді. Ондай ата-аналар баланың қауіпсіздігі үшін қажетті қарапайым қағидаларды да ұстанбайды. Мысалы, теледидар көріп отырған балаға ата-аналар бақылауы деген бағдарламаны қосуға болады. Бұл бағдарлама соңғы үлгідегі барлық теледидар модельдерінде бар. Ол арқылы күдікті контентті, қажетсіз қосымшаларды бұғаттап тастауға мүмкіндік бар. Тіпті баланың экранның алдында қанша сағат отыратынын шектейтін тетіктерін де қосуыңызға болады. Бәлкім, бұлардың балалар контентіне қатысы жоқ деп ойлайтын шығарсыз. Алайда мазмұн деген нәрсеге баланың не көретіні, не тыңдайтыны, не қабылдайтыны – бәрі маңызды.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button