Балаларға базарлық – «Ертегі түннің әуені»
Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында кішкентай көрермендерге арналған «Ертегі түннің әуені» қойылымының премьерасы өтті.
Қойылымның қоюшы режиссері – Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Олжас Дәлелхан. Ертегінің сюжеттік желісі Г.Х.Андерсеннің әйгілі «Ұсқынсыз үйрек» пен «Бұршақ үстіндегі ханшайым», Э.Т.А. Гофманның танымал «Шақылдақ», сондай-ақ үнді халық ертегісі «Алтын антилопа» шығармаларынан құралған. Қазақ тіліне «Серпер» сыйлығының лауреаты Шах-Мұрат Ордабаев пен «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мирас Әбіл аударды.
Қойылымның басты ерекшелігі – классикалық музыка мен заманауи хиттердің музыкалық ансамбльдің сүйемелдеуімен орындалуы. Бұл көрермендерді ерекше әсерге бөлеп, ертегілер әлеміне жетелейді. Спектакль балалардың шығармашылық ойлауын, қиялын дамытуға ықпал етіп, өнер мен сұлулыққа деген сүйіспеншілігін арттырады.
Сахна төріндегі әсерлі атмосфера қоюшы суретші Ерлан Тұяқовтың еңбегінің арқасында туды. Спектакльдегі музыкалық үйлесімділікті Айша Сырымбай мен Маржаннұр Мәкібаева реттесе, көріністерді жандандыруға хореограф Асан Бораншы үлес қосты.
Қойылымда жас әртістер – А.Мамыр, М.Наменов, Ә.Бектас, Қ.Садықов, С.Анварова, Г.Исмайылқызы, С.Сағынова, Е.Айымғазы және музыкалық ансамбль өнер көрсетті. Олардың әрқайсысы сахнада шынайы бейнелер жасап, көрермендердің ықыласына бөленді.